Таяуда осындай атаумен Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында «Елеулі есімдер» жобасы аясында қоғам қайраткері, еңбек ардагері, «Зерде-Память» қоғамдық қорының төрағасы Қуанышбай Төлебаевпен кездесу кеші өтті. Биыл ардагер мерейлі 80 жасқа толып отыр. Шара облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Айта кету керек, Қуанышбай Төлебаев – Сыр елінің тумасы. Ақжайық өңіріне жарты ғасыр бұрын көшіп келіп, еңбек етті. Облыс орталығы мен Бөрлі ауданында өндіріс пен құрылыс саласында маман, кейін басшылық қызметте болды. Сыр мен Жайықты тел емген ардагер қоғамдық қызметке белсене араласты. Кейін зейнетке шыққан кезде «Зерде-Память» қоғамдық қорын құрып, үйінен руханият музейін ашты, «Өнеге» атты кітап жинағын шығарды.
Кештің ресми ашылуында облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз сөз сөйлеп, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің құттықтау хатын табыс етті.
Жүздесуде мерейтой иесінің Кеңес дәуірі мен Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қызметі еске алынды. Сондай-ақ 25 жылдық тарихы бар «Зерде-Память» қорының мақсаттары, жүзеге асырып келе жатқан жобалары және жеке үйіндегі деректер мен жетістіктерге толы мұражайы туралы кеңінен әңгіме өрбіді.
Сексенді алқымдаған құрметті азаматқа Орал қаласының әкімі Мұрат Байменовтің құттықтау хатын Орал қалалық әкім аппаратының басшысы Ержан Тұрмағамбетов табыстады. Сондай-ақ Қуанышбай Төлебайұлына Қазақстан теміржолы Орал аймақтық ардагерлер кеңесінің құттықтау хаты ұсынылды.
Сахна мінберінен педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев сөз алып, Қуанышбай Төлебайұлына ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы атынан Медхат Қамбетов құттықтау хатын табыстады.
Шараның сәнін арттырған Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегенов, БҚО үздік мәдениет қызметкері Нұршат Исламғалиев, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Дамир Сатыбаев сынды өнер иелері тамаша әндермен көрермендерге ерекше тарту жасады.
– Бүгін Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында өтетін «Елеулі есімдер» жобасының құрметті қонағы – өңіріміздің дамуына айрықша үлес қосқан, Ақжайық өңіріне танымал, ұзақ жыл бойы абыройлы қызмет атқарған Қуанышбай Төлебайұлы. Бүгінгі тағылымды кездесуге оның еңбегін елейтін, елдік мұратты жоғары қоятын зиялы қауым өкілдері арнайы жиналып отыр. Айта кетейік, «Елеулі есімдер» жобасы Қадыр орталығында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Аталған жоба аясында ай сайын 2-3 мазмұнды рухани кеш өткізу дәстүрге айналған. Сонымен қатар орталықта «Ауылдағы ардақтылар», «Жарқ етіп сөнген бір жұлдыз» сынды тағылымы терең жобалар да тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Бұл бастамалардың барлығы туған жері мен елінің дамуына адал еңбек сіңірсе де, көп жағдайда тасада қалып келген азаматтардың өмір жолын, елге сіңірген еңбегін кеңінен насихаттауға, оларды қоғамға үлгі етуге бағытталған, – деді Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының мәдени ұйымдастырушысы Айнабек Бисенғалиев.
Басқосуда «Атамекен» әні орындалып, көрермендер мен қатысушылар Қуанышбай Төлебайұлын тағы бір мәрте құттықтады. Содан соң мерейтой иесі шара ұйымдастырушыларына алғыс айтып, кездесуді қорытындылады.
Хиуаз Талант,
Орал қаласы