Бірнеше күннен бері өңірдегі көлік жүргізушілері сұйылтылған газ таба алмай сабылып жүр. Орал қаласындағы газ құю бекеттерінің біразы отынның жоқтығынан жұмысын тоқтатса, бірнеше жерде автогаз тек талон арқылы берілуде. Ал бірқатар жанармай құю бекетінде ұзын-сонар кезек қалыптасқан.
Шыны керек, бұл мәселе көпшілікті алаңдатуда. Көлікке арналған газдың жетіспеушілігі неден туындағанын облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев түсіндірді. Темірхан Жалғасұлы газ жетіспеушілігі Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмысының аяқталмауы басты себеп екенін айтты.
– Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен облыс әкімдігінің қолдауымен Ақтөбе облысындағы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ зауытынан өңірге қажет 504 мың тонна сұйылтылған газ жеткізілді. «Жайықмұнай» ЖШС-мен қосымша сұйылтылған газды бөлу туралы келісім жасалды. Елге жеткізілген автогаз жанар-жағармай бекеттеріне бөлінуде. Жәнібек, Бөкей ордасы, Шыңғырлау, Тасқала, Ақжайық, Бөрлі аудандарында жағдай қалыпқа келуде. Казталов, Қаратөбе аудандарына өнім көп кешікпей жеткізіледі, – деді облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев.
Ресми мәліметке сүйенсек, облысымыздағы «Алау» ЖШС-ға тиесілі 25 жанармай құю бекетінің барлығында сұйылтылған газ болса, «Тәуекел» ЖШС-ға тиесілі 15 жанармай құю бекетінің тоғызында ғана бар, алты бекетте талонмен ғана берілуде. Одан бөлек, «BKKS LPG» ЖШС-ның 17 жанармай құю бекетінен көлігіңізге газ құйдыртып алуға болады. «Нефтек», «Үміт», «Элит газ», «Жеті газ», «Gas trage RB» жанармай құю бекеттерінде әлі аутогаз тапшы. Ал «Венойл» ЖШС-ның бекеттерінде тек талонмен ғана беріледі.
Өңір басшысының орынбасары Т.Меңдіғалиев көпшілікті сабырлық танытуға шақырды. Өйткені «Теңізшевройл» компаниясы мен ҚР Энергетика министрлігі Батыс Қазақстан және Атырау облысына 1600 тонна сұйылтылған газ бөлу туралы келісімге келген.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz