Жуырда әлеуметтік желілерде газдың тапшылығы туралы ақпарат тараған еді. Бүгін Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өміралиев БАҚ өкілдерінің алдында сұйылтылған мұнай газы тапшылығының себептерін түсіндіріп, мәселені шешуде қабылданған шаралар туралы баяндады.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірдегі газ тапшылығына себеп болған жөндеу жұмыстарына байланысты Атырау қаласындағы АМӨЗ қызметінің тоқтатылуы. Сондай-ақ, ол Атырау мұнай өңдеу зауыты өз сайтында каталитикалық крекинг қондырғысында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлағаны жайында айтты. Өздеріңіз білетіндей, АМӨЗ біздің облысқа сұйылтылған мұнай газының негізгі жеткізушісі.
Бүгінгі таңда облыс бойынша АГТС жалпы саны 107 бірлікті құрайды. Сұйылтылған мұнай газының қоры 550 тоннаны құрайды. Ай сайынғы қажеттілік 5,5 мың тонна.
Жеткізу ҚР Энергетика министрлігі бекіткен жоспарға сәйкес жүзеге асырылады. Осылайша, 2023 жылдың 1 тоқсанына жоспар бойынша 10 216 тонна СМГ бөлінді. Айлар бойынша: қаңтар-3 589 тонна, ақпан - 3 203 тонна, наурыз – 3 424 тонна. Осы жылдың ақпан айында «АМӨЗ» ЖШС-мен 3 203 тонна жеткізу жоспарланған. Көрсетілген газ көлемі 17 жанармай құю станциясы арасында бөлінген. Ал 1 ақпанынан бастап АМӨЗ-ден 192 тонна жөнелтілді.
Басқарманың мәліметінше, бүгінде «Жайықмұнай» ЖШС-мен газ толтыру станцияларына 1000 тонна сұйылтылған мұнай газын беру туралы келіссөздер жүргізілді. Сұйылтылған мұнай газы «Алау» ЖШС, «Тәуекел» ЖШС, «BKKS LPG» ЖШС әрқайсысына 330 тоннадан бөлінген. Күн сайын үш газ желісі ұйымына 60 тоннаға дейінгі мөлшерде кезектілік бойынша жөнелту жоспарлануда.
8 Ақпанда АМӨЗ келіссөздерінің нәтижесінде бекітілген кесте бойынша күн сайын облысқа 50 тоннаға дейін жеткізу қайта басталды.
zhaikpress.kz