Жыл басында ел халқының талап-тілегімен жүзеге асқан жағымды жаңалықтың бірі шарықтап кеткен сұйытылған мұнай газы (СМГ) бағасының түсуі болды. Өйткені кей өңірде СМГ-ның бағасы күрт өсіп, литрі 120 теңгеге дейін жеткен еді.
2022 жылғы 6 қаңтардан бастап ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 180 күнге ел аумағында аутогаз құю стансаларында аутокөліктерге құятын сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек бағасын (қосымша құн салығын есепке алғанда) бекітті. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шаралар туралы» биылғы 5 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес жүзеге асты. ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің биылғы 5 қаңтардағы №1 «Сұйытылған мұнай газын жүзеге асыруға уақытша мемлекеттік бағаны реттеуді енгізу туралы» бұйрығына сәйкес, облыстағы аутогаз құю стансаларында аутокөліктерге құятын сұйытылған мұнай газының (СМГ) шекті бөлшек бағасы (қосымша құн салығын есепке алғанда) бекітілді. Орал қаласы мен жақын аудандарда сұйытылған газдың литрі 60 теңгеден, облыс орталығынан 200 шақырымнан қашық орналасқан аудандарда 65 теңгеден сатылуда.
Мемлекет басшысының тапсырмасы біздің облыста да орындалуда. Әйтсе де, Оралдағы бірнеше жанар-жағармай құю және аутогаз құю стансасына ат басын бұрып, аталмыш стансалардың басшы-қосшысымен бірауыз тілдескенді жөн санаған едік. Алайда олардың бірінен де жауапты тұлғаларды кездестіре алмадық. Ал көліктерін газ немесе бензинмен «қуаттап алған» жүргізушілердің барлығы дерлік бағаларға қатысты әдебір пікір беруден үзілді-кесілді бас тартты. «Без комментариев» деп ат тонын ала қашқандардың арасынан бір жас жігіт қана «60 теңгеге түсті ғой, ризамыз» дегенді айтты...
Десе де, аутогаз және жанар-жағармай құю стансаларына хабарласып көрдік. Мәселен, «Helios» ЖШС-ның Орал қаласы бойынша филиалының директоры Ғазиз Бисенғалиевтің сөзінше, аталмыш жанар-жағармай бекетінде сұйытылған мұнай газы сатылмайды. Мұнда тек сұйытылған газ моноблоктарына арналған жерді жалға береді екен. Ал «АИ-92» – 174 теңгеден, «АИ-95» бензині 207 теңгеден сатылуда. «Sinooil» жанар-жағармай бекетінің менеджері: «Дәл қазір (10 қаңтарда) біздің бекетте сұйытылған газ жоқ. Сондықтан бағасы жөнінде ештеңе айта алмаймыз. Алматыдағы бас кеңседе сұйытылған газдың бағасы талқылануда. Ал бензин бағасы өзге жанар-жағармай бекеттеріндегі бағалармен бірдей», – деді. Шынында, мұндағы жанар-жағармай бағаларын жазып қойған таблода газдың бағасы көрсетілмей тұр екен.
Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Рашид Иманғалиевтің айтуынша, ауданда сұйытылған газ сатумен айналысатын бір ғана жеке кәсіпкер бар. «Ауданда сұйытылған газ 9 қаңтарда бітті. Бір литрінің бағасы 65 теңгеден сатылды. Жеке кәсіпкер алдағы күндері сұйытылған газды жеткізетінін айтты. Бірақ дәл қай күні екені әзірше белгісіз. «АИ-92» бензині 185 теңгеден сатылуда», – дейді ол. Ал Казталов ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашевтің сөзінше, ауданда жанар-жағармай құятын төрт нүкте бар. «Олардың біреуінде сұйытылған газдың литрі – 60, қалған үшеуінде 65 теңгеден сатылуда. Яғни ауданда сұйытылған газдың бағасы ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бекітілген шекті бағаға сәйкес. Ал «АИ-92» бензинінің литрі 175 және 182 теңгеден сатылса, дизель отынының литрі – 257 теңгеден. Бүгінде ауданда сұйытылған мұнай газының да, бензиннің мөлшері де жеткілікті», – деді аудан әкімінің орынбасары телефон арқылы байланысқанымызда.
Батыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы Әсел Абуеваның берген мәліметінше, қазір облыстың сұйытылған мұнай газына айлық қажеттілігі – 2600-3000 тонна. Облыс бойынша 103 аутогаз құю стансасы (АГҚС) бар. Олардың 58-і Орал қаласында болса, қалғаны аудандарда орналасқан. Ал өңірдегі 131 жанар-жағармай құю стансасының 53-і облыс орталығында жұмыс істейді.
– Облыста сұйытылған мұнай газын өткізумен «Алау», «Тауекел», «BKKS LPG» ЖШС-лары айналысады. Сұйытылған мұнай газы ірі операторлардың ақпаратынша, бөлшек баға өндіруші зауыттың сатып алу бағасы (құю қызметін есептегенде), өндіруші зауыттан сақтау орнына дейін жүк тасымалдау, сақтау орнынан аутогаз құю стансасына жеткізу, АГҚС жалдау, қызметкердің еңбекақысы, коммуналдық, банктік қызметтер, салықтар және орташа түсім сияқты көрсеткіштерден құралады, – дейді бас маман. Оның сөзінше, сұйытылған газ бен жанар-жағармай нарығындағы жағдай тұрақты. Облыста жанар-жағармайдың орташа бағасы бар. «АИ-92» маркілі бензині 172-175 теңге, «АИ-95» 200-215 теңге, ал дизельдік отын бағасы 257-260 теңге аралығында сатылуда. ҚР Энергетика министрлігінің ресми сайтында (gov.kz) нарық субъектілері сұйытылған мұнай газын бекітілген шекті баға бойынша үздіксіз өткізуді қамтамасыз етуі қажеттігі, қалалар мен облыс әкімдіктері өңірлерде СМГ айналымын бақылауға алынатыны айтылған.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz