21.07.2022, 10:16
Оқылды: 4196

Сүлік қандай дертке дауа?

Сүлікпен емдеу әдісін қазақ халқы жылдар бойы қолданып келеді. Ертеде сүлікті «Әулие құрт» деп те атаған. Мұндай емдеу әдісін гирудотерапия деп атайды. Сүлік қандай дерттерге дауа болады? Қарсы көрсетілімдері бар ма? Осы сауалдарға жауап берсек.

IMG-20220721-WA0006

Фото дереккөзі: qarmaqshy-tany.kz

Әлемде сүліктің 650-ге тарта түрі бар. Соның бір түрі ғана медицинада пайдаланылады. Науқастың жасына, ауруының түріне қарай күніне 10-15 дана сүлік қолданылады. Сүліктің негізгі қорегі – қан. Сондықтан ол адам денесіндегі зиянды қанды бойына жинайды. Ауырған жердің маңына салса, сүлік ауру нүктені өзі тауып алады. Аурудың рефлексті нүктелерін тауып алғаннан кейін, маса секілді тістейді. Басында аздап ашытады. 50-90 минутқа дейін қан сорады. Осы уақытта 10-15 миллиграмм қан сорып, 1,5-3 грамм сілекей бөледі. Бар қасиеті сол сілекейінде. Қандағы ауруды бойына жинап, сілекейіндегі құнарлы заттарды қанға таратады. Сілекейдің құрамында 100-ге жуық биологиялық белсенді зат бар. Қанның ұюына тосқауыл болатын гирудин, дене талшықтарында зат алмасуға әсер ететін гиалуронидазадан және түрлі ферменттерден тұрады. Сүліктің сілекейі қабынуға қарсы күресуге, иммундық жүйені нығайтуға, қан тамырларының склероздық үрдісін азайтуға қауқарлы. Сондай-ақ қан ұю үрдісін болдырмайды және ұйыған қанның түйіршіктерін езіп жібереді. Оның құрамындағы гистамин тәрізді биологиялық белсенді зат адамның қан айналымын бір қалыпқа түсіріп, дене қызуын қалпына келтіреді. Қан құрамындағы қант мөлшері төмендейді, ұсақ қан қатпарлары жойылады. Осыған орай бүгінде дәрігерлер отадан кейін сүлік салуға кеңес береді. Жалпы, гирудотерапия қан-тамыр ауруларына (инсульт, стенокардия, инфаркт), невритке, холециститке, панкреатит, остеохондрозға, ұйқысыздыққа, омыртқааралық жарықшаққа шипалы. Сондай-ақ өкпе, тері, көз ауруларына ем болады. Оны қанды уытты және зиянды қалдықтардан тазартуға, ағзаны жасартуға, иммунитетті көтеруге де қолданады. Сондықтан науқас қана емес, дені сау адам да жылына екі рет, күзде-көктемде сүлік салдырып тұрса, қаны тазарып, ағзасы жасаратындығы дәлелденді. Сүлік тістеген жерден екі-үш сағатқа дейін қан ағуы, бір жұмаға дейін ісініп, қышуы мүмкін. Ол қауіпті жағдай емес. Тістегендегі ізі 10-15 күнде жойылып кетеді. Қанға тойған сүлік теріден домалап өзі түседі. Жұлып алуға болмайды. Қан арқылы жұғатын түрлі аурулардың алдын алу үшін сүлік бір рет қана қолданылуы тиіс. Екінші рет қолданғы­сы келсе, оны алты ай өткен соң бірінші салған адамның өзіне салуға болады. Сүлік салу гемофилияға шалдыққандарға (қан тоқтамайтындарға), ауыр дәрежедегі қаназдық пен қатерлі ісікке душар болғандарға, жүкті келіншектерге қауіпті. Сондықтан осы топтағы жандарға салуға болмайды.

Сүлік екі жыл бойы қоректенбей өмір сүре алады. Ол аса сезімтал, жағымсыз иіс, сабын, әтір, крем иісі шыққан жердегі қанды сормайды. «Әулие құрт» қоятын жердегі шаштарды 1-2 сағат бұрын қырады, жуады. Сүлік салдырған адамның үш күн диета ұстағаны абзал. Мүмкіндігінше сүт өнімдерінен бойын аулақ ұстап, жеміс-жидектер мен көкөніс пайдаланған жөн.

Әділгерей Ғаббас,

КСРО және ҚР «Денсаулық сақтау ісінің үздігі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале