5.11.2020, 16:39
Оқылды: 182

«Сұм жалған ойлап тұрсам екен шолақ...»

Ел дегенде еміреніп, қызмет қылып өткен азаматтардың бірі Ғиылмаш Артықов еді. Елдің шетіндегі, желдің өтіндегі Жәнібек ауданының Қамысты ауылында дүние есігін ашып, саналы ғұмырын осында өткізген Ғиылмаш Зәкәрияұлына деген ауылдастарының құрметі зор.

94949D8A-3E0B-4D6B-B94F-FB47E7B9BF5F

 Ұстаздық еткен жалықпас

1964 жылы аталмыш ауданның Калинин атындағы кеңшарында шопанның көмекшісі болып еңбек жолын бастаған ол кейін ауыл мектебіне қызметке алынды. Білім ұясында дене тәрбиесі, алғашқы әскери дайындық, сурет, ән пәндерінен сабақ берді. Сонымен қоса интернат меңгерушісі, жүргізуші-нұсқаушы қызметтерін де адал атқарған оны мектеп ұжымы қимастықпен зейнеткерлікке шығарып салды. Зейнетке шықты деген аты ғана. Ғиылмаш ағамыз екі күннің бірінде мектепте жүретін.

– Ғиылмаш Зәкәрияұлы сынды әмбебап ұстаздар көп емес. Ондай жандар көпшілікке үлгі. Мектепте өтетін іс-шара көп. Сондай шараларға ол кісіні жиі шақырып тұратын едік. Біздің шақыруымызды қашан да қуанышпен қабылдап, шараларға белсене қатысатын. Өнерді, соның ішінде қолөнерді жаны сүйген ағамыз өз туындыларын оқушыларға көрсете отырып, оны жасаудың әдіс-тәсілін де үйрететін. Сүйікті музыкалық аспабы – баянын арқалап келіп, тәрбиелік мәні зор қазақ әндерін оқушылармен бірге талай шырқаған. Ұлттық ойындарды да жас буынға дәріптей білді. Әсіресе асық ойнаудың техникасын үйретіп, оқушыларымыздың жетістіктеріне айтарлықтай үлесін қосты. Ата дәстүрді қадір тұтқан ағамыз ата-анасынан қалған отбасылық жәдігерлерді мектебіміздің мұражайына табыс етті. Ғиылмаш Зәкәрияұлы ардагер ұстаз ғана емес, ауылымызға сыйлы жан болды, – дейді Е.Ниетқалиев атындағы орта мектептің директоры Ринат Мұқатов.

Ол тек мектептегі емес, ауылдағы, аудандағы түрлі қоғамдық, мәдени-көпшілік шаралардың бел ортасында жүрді. Қамысты ауылдық ардагерлер кеңесіне жетекшілік етіп, аудандық ұлт аспаптар оркестрінің белді мүшесі болды.

883957C3-A43B-43E9-9B1A-7773E02926BE

 Асылдың сынығы

Ғиылмаш ағамыздың бойындағы елжандылық қасиет атаның құтымен, ананың сүтімен дарығаны анық. Әкесі Зәкәрия ел басына күн туған шақта қан майданға аттанды. Жеңіспен елге оралғаннан соң кеңшардағы түрлі шаруашылық салаларында еңбек етіп, ауылдың өркендеуіне көп үлесін қосты. Еңбегі ерен ер 1971 жылы бақилыққа сапар шекті. Ал анасы Зиба – еңбекқорлығымен, білімдарлығымен, діни сауаттылығымен елдің алғысына бөленген жан. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде тылда жанкештілікпен еңбек етті. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранмен күндіз қара жұмысқа жегілсе, кешкілік, түнде қойдың жүнінен қолғап-шұлық тоқыды. Одан қалса сиыр сауып, сүт өнімдерін дайындап, майданға жіберіп отырды. Сөйтіп, Жеңісті жақындатуға септігін тигізді. Зиба Әкімәліқызының соғыс кезінде ауылдағы санаулы сауатты жанның бірі болып, майданнан келген хаттарды оқып, оған жауап жазып, ауылдың хатшысы атанғанын да айта кеткен жөн.

73AC7AC4-4EA8-407D-9B88-0F4800BA492E

Зәкәрия атамыз бен Зиба әжеміз 11 баланы дүниеге келтіргенімен, соның тек төртеуі аман қалған көрінеді. Ғиылмаш ағамыз – үшінші перзенттері. Былтыр, яғни 2019 жылы ауылға барғанымызда Ғиылмаш ағамыз Зиба әжеміздің қолжазбасы еді деп бір дорба қағазды қолымызға ұстатқаны бар. «Анам 1997 жылы өмірден өтті, содан бері сандықтың түбінде жатыр. Төте жазуды түсінбеген соң, оқу мүмкін болмай тұр. Оралда ғалымдар, ескіше жазуды оқитын жандар бар ғой. Солардың біреуіне көрсетіп қарасаң қалай?», – деп өтініш айтқан еді.

98C6FE6F-FCBD-4134-885A-74E544CE8EA2

Оралға келген бойда сарғайған көне парақтарды әріптесім, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлына бердім. Ескі жазу жүйесін меңгерген ол кейіннен бір хабарласқанда «Ел ішінде қазына көп қой, бұл да сондай қазынаның бірі екен. Көне парақтарда кілең өлең жазылған. Қара өлең үлгісімен төге берген. Жазуы анық, сауатты. Тұрмыстық-отбасылық қара өлеңдер деуге болады. Оның құндылығы өте жоғары. Яғни тілі өте шұрайлы, қазақтың байырғы бай тілінің үлгілері, әдемі теңеулер, түйінді тіркестер тұнып тұр. Мұндай қолжазба үйде болсын, архивте болсын, ең алдымен қазіргі жазумен қағазға түсіріліп, көпшілікке қолжетімді, ғалымдар назарында болғаны дұрыс. Кезінде филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр «Біздің өңірдің қара өлең үлгілерін жинайық» деп газетке жазған еді. Бірақ жиналмай қалған сияқты. Қайрат аға (Жұмағалиев) ғана өз анасының қара өлеңдерін жинап, кітапша етіп шығарды. Біле білгенге мұндай қолжазбалар өз өңіріміздің қазына, байлығы ғой», – деді Қазбек Құттымұратұлы.

50A6D230-C365-428C-934A-1431C74227A7

Қазекең бұл қолжазба туралы былтыр әлеуметтік желіге де жариялаған болатын. Соны оқып, қуанышқа кенелген Ғиылмаш ағамыз хабарласып, ризашылығын білдіріп, арқасынан бір ауыр жүк түскендей сезініп отырғанын жеткізді. «Қолжазбадағы өлеңнің бәрін оқитын күнге аман-есен жетейік» деп қоштасқан едік. Алайда өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейді ғой. Биылғы жазда, 73 жасында, Ғиылмаш аға да келместің кемесіне мініп кете барды...

Таяуда ағамыздың зайыбы Сәбила апамыз хабарласып, қолжазбалардың жай-күйін сұраған еді. «Негізі анамыздың жазбалары көп еді, – дейді Сәбила Боранқызы.

– Бір күні ол «Бұл жазбалар енді кімге керек? Бәрібір ешкім оқи да алмайды» деп қағаздарын жыртып отырғанының үстінен түстім. Сол бойда ара түсіп, қалғандарын алып үлгердім. Қарасам, үштен екісін жыртып тастапты. Осы оқиғадан кейін отағасына «Анамыздың өлеңдерін оқып отырғанын магнитофонға жазып алып қалайық», – деп айтқан едім. Жұмысбасты болып жүргенде бұл іске де мән берілмей қалды ғой... Алдағы аптада, қараша айының ортасына таман Ғиылмаш Зәкәрияұлының мәңгілік мекеніне аттанғанына 100 күн толады. Соған орай қолжазбадағы өлеңдердің тәржімаланып, үлгергендерін газетке берсеңіздер анамыздың да, ол Ғиылмаш ағаларының да рухтары шат болады ғой деп ойлаймын».

Сол өтінішке сай ақын әжеміздің қазіргі әліпбиге аударылған бірнеше шығармасын ұсынып отырмыз. Мархабат!

Сегізі Зәкең қарттың жылы дейді,

Тоғызы – қойылатын күні дейді.

Жиылған жақын-жуық, ұл менен қыз

Жанына ара тұрмас бірі дейді.

 

Жиылар Зәкең қарттың тумалары-ай,

Сөзімді тағы айтайын бұрмалап-ай.

Қыдырып кетті ме деп жүруші едік,

Шынымен жыл өтті ме зырғанап-ай?!

 

Жүрекке түйін болды ішкен асым,

Көрмедім көп бейнетті сорлы басым.

Алладан ертелі-кеш тілегім сол –

Бергей деп қалғанына топырақ жасын.

 

Отырмын қырық бір тастан бал ашып-ай,

Төрт бала – ақ пен көздің қарашығы-ай.

Қыдырып кеткен болса келер үйге,

Жиылды Зәкең қарттың жанашыры-ай.

 

Қолыма түбіт алып түтемін-ай,

Қуарып инеліктей бітемін-ай.

Қырық төрт жыл неге мұнша әлпештедің,

Балдардан сол сыйлықты күтемін-ай.

 

Дұғашы інілерің болып тұрар,

Мақшарда Жаратқан Хақ жолықтырар.

Қайырын қалғанының бергей Алла

Мырзажан өле кетсем оқып тұрар.

 

Мен мұны жаза салдым ескертуге,

Бар тілі келмей кетті қош десуге.

Қалсын деп жадыңыз да айта қойдым

Шаруам көтермейді көбейтуге.

 

Жиылды Зәкең қарттың жақындары-ай,

Бақыттың таюы оңай басыңдағы-ай.

Атандай алшаңдаған сен кеткесін –

Сөзімді кім сөйлейді мақұлдап-ай?!

 *   *   *

Жүзеді су түбінде сазан балық,

Салайын кесіп-кесіп қазанға алып.

Кәрілікке жас келген соң амал да жоқ,

Денсаулық бара жатыр мазамды алып.

 

Кеміді біздің жүрек былтыр қыста,

Жасымнан болып өстім сөзге ұста.

Ішіп-жеп сендерменен жүрсем-дағы

Мәселе денсаулық пен байланыста.

 

Қыдырсам жолың ... ...мді алып,

Бас ауру бара жатыр күшімді алып,

Құрбылар, араңызда мен де отырмын,

Күйеуге бермеген қыз сықылданып.

 

Сұм жалған тұрсам ойлап екен сағым,

Дәл биыл жетпіс төртке келген шағым.

Мен өлсем, дұғаңыздан тастамаңыз,

Қадірлі бірге жүрген құрбыларым!

 

Кеміттім аз ақылды басымдағы-ай,

Құрбыға қадірлі едім жасымда да-ай.

Күш-қуат өз қолымнан кеткеннен соң,

Көңіл ит ойлап соны басылғаны-ай.

 

Шулайды күні-түні екі құлақ,

Сұм жалған ойлап тұрсам екен шолақ.

Алладан сабырлықты көп тілеймін

Ешкімнен алғаным жоқ мұны сұрап.

 

Бір сөзді үш айтпаса есітпеймін,

Мұнымды кемігенге есептеймін.

Кездестім ем қонбайтын бас ауруға,

Өзіммен болып жолдас кетеді деймін.

 

Жылқы мал семірмей ме құлын-тайдан,

Себебі әр нәрсенің бір Құдайдан.

Өмірді өте шыққан еске алайық,

Жиылдық өңкей жетпіс бүгін қайдан?!

 

Құрбылар, біреуіңнен бірің қымбат,

Ойласаң өткен өмір жыр мен жұмбақ.

Қалсын деп жадыңызда жаза салдым,

Кешіргей күнә болса Жаратқан Хақ!

 

Құрбылар, бірің күміс, бірің алтын,

Болжайды қайдағыны көңіл жарқын.

Дұғадан бұрын өлсем тастамаңыз,

Қысқарттым осыменен сөздің артын.

 *   *   *

Өтерін жас өмірдің білмей қалдым,

Өкініп, өткеніне қайран қалдым.

Сұм жалған кең дүниеде не көрмедік,

Қайырын бергей-дағы қалғандардың.

 

Ойпырмай, пәни екен мына жалған,

Кім көнбейд көрежаққа басқа салған?!

Қолынан қос кежемнің шыққай едім

Тұрғанда заман тыныш, бәрің аман.

 

Қараңғы күндіз-түні көрдің іші-ай,

Жатады дәм таусылып барған кісі-ай.

Қойнына қара жердің салғаннан соң,

Келмейді деп күдер үзер үйдің іші-ай.

 

Өткіздім жас өмірді зауықпенен,

Жүзіңді жауып тастар жаулықпенен.

Мөлтілдеп немерелер қала барар,

Мамасын шығарғанда табытпенен.

 

Жетпістің сегізіне аяқ бастық,

Дәм татып, талайлармен араластық.

Кәрілікті биыл ғана мойындадым,

Көзімнен бір-бір ұшты қайран жастық.

 

Ыуақсыз дәм таусылмай өле алмайсың,

Өлгесін қайтып үйге келе алмайсың.

Пендесі бір армансыз болмайды деген –

Ақ жүзін Ержанымның көре алмайсың.

*   *   *

Жарқырап наурыз келді гүлдей жайнап,

Айтайын білгенім мен барымды ойлап.

Наурызды көрмегендер толып жатыр,

Қалыңдар бас аманда күліп-ойнап.

 

Қайырлы, құтты болсын тойларыңыз,

Өткенді өмірдегі ойға алыңыз.

Атағы Қамыстының жойылмасын,

Бұл тойдан аяулы емес ойдағымыз.

 

Сапқозым наурыз тойын тойлай-тұғын,

Жұмыстың әр саласын ойлай-тұғын.

Ерінбей еңбек еткен жас жандарға,

Жеміс көп жиып алса тоймай-тұғын.

 

Ауылда қалай еді жігеріңіз?

Жастардан үзілмейді күдеріміз.

Кеш жатып, ерте тұрып еңбекпенен

Сапқозды гүлдендіріп жібердіңіз.

 

Айтайын енді бір сөз жастарға арнап,

Майдалап, жұмсақ тілмен шекер-балдап.

Бұлақтап жазы-қысы қарап жүрсең,

Ешқандай өкіметке жоқ қой бағаң.

 

Жұмыстан кейбіреулер басын бұрған,

Жақсы ма сыртқа шықпай үйде отырған.

Болғанша сағат он бір ұйықтап жатпа,

Мысықша терезеден қарап тұрған.

 

Сапқозым Калененнің атындағы-ай,

Қызыл тіл сөйлегенде тақылдар-ай.

Өкімет еңбек етсе бағалайды,

Жалқаулар жата берсін жақындамай.

Сәкен Мұратұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале