Өз басын ғана күйттеген пендешіліктен биік тұрып, елдің, қоғамның тіршілігіне де алаңдап, өткен-кеткенге, тарих пен шежіреге мән бере жүретін адамдар болады. Көп емес, бірақ бар. Осындай жандар біздің аудандық музейіміздің нағыз жанашырлары десек қателеспейміз. Әуелден елжанды, тарихқа бүйрегі бұрып тұратын жанның бірі - Мұхамбетқали Ерманов ағамыз. Бала кезі Шыңғырлауда өткен, бүгінде алпауыт Ақтөбе қаласының тұрғыны дәм айдап елге келсе, музейге бір соқпай кетпейді және қашанда қолында бір дерек немесе естелік жәдігерлері болады.
Ақтарыла аңқылдап тұратын ауыл мінезі бірден білінетін осынау жан мекемемізге келсе қуанып қаламыз, әңгіме-дүкен құруға да ықыластымыз. Әкесі Ерманов Құлмағамбет Мәжиұлы 41-дің қырғынында ерлігі үшін «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылып, кейін белгісіз себептермен берілмей қалған майдангер. Әкеден естіген әңгімелер, соғыс хикаялары көз алдымызға көп жайды тосады, ауыртпалығы алапат шақтың жалпы картинасын сомдауға бұл да үлкен көмек.
Жуырда бізге жолыға кеткен ағаның қолынан «Әкеге тағзым» атты шағын естеліктер жинағын көрдік. Авторы өзі екен, бала кезден құлағына сіңісті болған біраз әңгіменің басын қосып, шағын кітапша етіп шығарыпты, бірін бізге тарту етті. Әрине, кезегімен ол хикаяттарды да назарыңызға ұсынамыз.
Маған қызығушылық тудырған бұрынғы ақ-қара түсті фотосурет болды. Көлемділеу суретте бірнеше адам бейнесі бар, бұл жәдігерді Мұхамбетқали аға Жаңакүштің коммунистерінің суреті деп таныстырды. Шамамен 1970-жылдардың естелігі. Сол тұста замандас, жұмыстас, ауылдас болған адамдар білер, танитын шығар деген ниетпен салып отырмыз. Осының бәрі тарих, аға буынға ыстық естелік.
Суретте Құлмағамбет атамыздың өзі бар, алдыңғы қатардағы бешпет, галстукті азамат сол кісі. Оның қасындағы қара бешпеттегі үлкен кісіні Демеу ағай деп таныстырды бізге. Алдыңғы қатардың шетінде отырған мұртты кісі - Зейнолла деген азамат. Ал, мына жақ шеттегі Жақып Сәрсенов деген адам. Бұл кісі Орда жағының адамы екен. Әкесі «халқы жауы» конвейеріне ілініп, балалар үйінде тәрбиеленіп өскен.
Екінші қатарда, шеттегі әйел адам - Аманқыз (көпшілік оны Амантай деп атапты), одан кейін Орынғали Сейсенғалиев деген азамат. Одан соң Әсия, оның қасында Көптілеу Дарисов, ақ жейдеде Бақтылы Ілиясова. Сол уақыттың танымал шаш үлгісіндегі азамат - Қанапия, одан кейін Қаламқас деген азаматша. Қаламқас Орынғали Сейсенғалиевтің жұбайы. Ең шеттегі Үміт Қарбалиева екен.
Осындай естелік суретті өздеріңізге ұсынғандағы мақсатымыз - білетін жандар көрсін, еске алсын деген ізгі ниет қана. Ескі суреттердің айтар естелігі көп, тек мән бермей жататынымыз болмаса...
Тілеген Қалиев,
Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану
музейінің меңгерушісі