16.11.2023, 15:45
Оқылды: 36

Сусамырға шалдыққандар көбеюде

Оралдағы №3 қалалық емханада 14 қараша – Дүниежүзілік қант диабетіне қарсы күрес күніне орай дөңгелек үстел өтті.

IMG_7084

Іс-шараның мақсаты – қант диабетіне және оның асқынуынан туындайтын мәселелердің өзектілігіне жұртшылықтың назарын аудару, халықтың денсаулығына деген жауапкершілігін арттыру. Медицинада «қант диабеті» деген атқа ие дерттің қазақша атауы – сусамыр. Қант диабеті инсулин гормонының жетіспеушілігінен пайда болады. Бұл індет тұқым қуалайды. Емхананың жоғары санатты дәрігер-эндокринологы Мұқан Намазбаевтың айтуынша, қант диабеті біздің ғасырға дейінгі ІІ-ІV ғасырларда анықталған.

Ол кезде осы дертке шалдыққан балалар қайтыс болып, ал 30 жасқа дейінгі науқастар 40-50 жасқа дейін өмір сүрген. Қазір қажетті дәрі-дәрмектер мен тиімді ем-шаралардың арқасында, сусамырмен ауыратындардың өмірі 80-90 жасқа дейін ұзарған.

– Қант диабетінің алғашқы белгілері – адамның ұдайы шөлдеп, суды көп ішуі, несеп мөлшерінің көбейіп, кіші дәретке жиі баруы, терінің қышынуы, салмақ қосуы немесе салмақ тастауы. Денедегі артық салмақ,  тамақты мөлшерден артық жеу, темекі шегу мен спирттік ішімдіктер ішу қант диабетіне соқтыруы мүмкін. Емханаларда қандағы және кіші дәреттегі қанттың мөлшеріне талдау жасаймыз. Сусамыр анықталған жағдайда науқасты есепке алып, арнайы тамақтану тәртібін ұсынамыз. Науқастар құрамында көмірсу көп және майлы, тәтті тамақты тұтынуды шектеулері қажет. Спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстанған жөн. Қазір дүние жүзінде әрбір оныншы адамнан қант диабеті анықталуда, – деді Мұқан Ахметұлы.

 Бүгінде №3 қалалық емханада қант диабетімен ауыратын 1047 науқас тіркелген. Оның 10-ы – бала. Дәрігер-эндокринологтың айтуынша, жыл санап сусамырмен ауыратындардың саны көбеюде. Әсіресе, фастфуд, майлы тағамдарды, газдалған түрлі сусындарды көп тұтынатын жастар, компьютердің алдында ұзақ отырып, қозғалыссыз жұмыс істейтіндер бұл індетке жиі шалдығуда дейді.

Іс-шара барысында емхана директорының орынбасарлары Талшын Исеналиева мен Клара Нурушева, дәрігер-эндокринолог Мұқан Намазбаев, саламатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің медбикесі Ұлбосын Анесова, психолог Амангүл Өтегенова аталмыш індеттің жай-жапсары, емдеу жолдары жөнінде айтып, психологиялық қолдау шараларын баяндады. Сонымен қатар іс-шараға қатысқан науқастардың қан глюкозасы мен қан қысымын өлшеп, дәрігерлік кеңестер берді.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале