Облыс аумағындағы сүт өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорындар халық қажеттілігінің 20%-ын ғана қамтамасыз етуде. Ал қалған 80%-ы еліміздің өзге облыстарынан және Ресей мен Белоруссиядан тасымалдануда. Сүт өнімдеріне деген тұрғындар сұранысын қанағаттандыру мақсатында өңіріміздің Бәйтерек, Бөрлі, Сырым, Теректі, Тасқала аудандары мен Орал қаласы маңында сүт фермалары ашылуда. Кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілуде? Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің «Сүт белдеуін дамыту» тұжырымдамасы аясында қандай жобалар жүзеге аспақ? Соған орай бейсенбі күні облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен кеңес отырысы өтті. Сондай-ақ жиында төтеншеліктердің жазғы шомылу маусымына дайындығы және оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, ҰБТ-да кездесетін биылғы өзгерістер туралы баяндама жасалды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің айтуынша, «Сүт белдеуін дамыту» тұжырымдамасы аясында жоғарыда аталған аудандарда 2025 жылға дейін 166,1 мың тонна сүт өндіру жоспарланған. Ал бұл үдеден шығу үшін өңірімізде бірқатар ірі кешен іске қосылады. Былтыр Бөрлі ауданында 600 бас сиыр сауылатын «Аманат» сүт фермасы мен Теректі ауданында 640 басқа арналған «Ringo Milk» ЖШС-ның құрылысы басталған. Олар заманауи технологиямен жабдықталуда. Бұл фермалар 7100 тонна өнімді алдын ала өңдеуден өткізіп, дайын сүт өнімдерін қаптап, жоғары сапалы түрде тұтынушыларға жеткізетін болады. Бөрлі ауданындағы «Aманат» шаруа қожалығында әзірге 189 сиыр тіркелген, оның 91-і сауылуда. Қожалық сәуір айында Ақтөбе облысындағы «Айс» ЖШС-дан 35 бас голштин тұқымды сүтті құнажын сатып алған. Жыл соңына дейін қосымша 265 бас шетелдік сұрыпты мал алмақ. Сүт фермасында сүт салқындатуға арналған екі тонналық қос танкер орнатылған. Сондай-ақ Теректі ауданында «ULP» АҚ 2000 бас сиыр сауылатын тауарлы-сүт фермасы құрылысын салуды жоспарлауда. Бүгінде оларға жер телімде-рі қарастырылуда. Ал Бөрлі ауданында «Достық-Қоныс» ЖШС қуаттылығы жылына 1,2 мың тонна өнім өндіретін 200 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салмақ. Шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында Аграрлық несие корпорациясы жеңілдетілген пайызбен несие ұсынуда. Айта кетсек, Бәйтерек ауданындағы «Алина» ШҚ 27,9 млн теңге, Теректі ауданындағы «Төлеңгіт» ШҚ 53,5 млн теңге несие алып, сүтті бағыттағы мүйізді ірі қара және мал сауу қондырғыларын сатып алған. Бәйтерек ауданындағы «Керемет Био» ЖШС 20,2 млн теңгеге гидропоника мен ірімшік қайнату құрылғыларын алуды жоспарлап отыр. Ал Тасқала ауданындағы «Тасқала-Агро» АӨК 100 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын салу үшін 10 гектар жер телімін рәсімдеуде.
Жиында Тасқала, Бәйтерек, Теректі, Бөрлі аудандарының әкімдері аудандағы сүт және жасыл белдеу құру бойынша, «Менің аулам – менің бағым» жобасы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Аэровизуалдық шолу
Жиында талқыланған келесі мәселе – жаз мезгіліндегі өрт қауіпсіздігінің алдын алу болатын. Былтыр облыс аумағында 161 гектар жерді шарпыған 11 өрт оқиғасы тіркелген. Ал соңғы үш жылда 143 өрт болса, оның 83-і далалық, 60-ы орман алқаптарында орын алған. Бұл туралы БҚО ТЖД бастығының орынбасары Рашид Блялов баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс аумағындағы жану нүктесін дереу анықтау мақсатында биылдан бастап ғарыштық мониторинг жүргізілуде. Сол үшін облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Қазақстан ғарыш сапары «ҰК» акционерлік қоғамымен төрт миллион теңгеге шарт жасасқан. Сондай-ақ «Қазавиақұтқару» АҚ ұсынатын тікұшақ қызметтеріне бюджеттен 31 млн 500 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген. Жылдар бойы өрт жиі орын алатын Ақжайық, Бөрлі, Теректі және Бәйтерек аудандарының орман алқаптарында «Казавиаспас» тікұшағымен аэровизуалдық шолу жүргізіледі. Табиғи өрттер мен жанудың алдын алу және сөндіру үшін елді мекендерде 2759 ерікті бірігіп, өртке қарсы құрылым құрған. Оның 13-і қоғамдық бірлестік нысанында. Облыстағы өрт сөндіру бекеттерінің 17-сі жұмысын жалғастыруда. Олар 25 шақырым радиустағы 89 елді мекенді қорғайды. Өрттің алдын алу мақсатында орман шаруашылығы мекемелеріндегі бақылау мұнараларына бейнебақылау камералары орнатылған. Аталмыш құрылғы сегіз шақырым радиустағы аумақты бақылап, өртті жедел анықтауға және оны сөндіруге уақтылы кірісуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ заңсыз балық, аң аулайтын браконьерлерді анықтау үшін Ақжайық орман шаруашылығы мекемесіне дрон сатып алынған.
– Өрт секілді су да – тілсіз жау. Былтыр суға шомылу маусымында 31 адам суға кетіп, қайтыс болды. Оның 10-ы бала. 2020 жылы да 31 адам суға батып кеткен еді. Биыл облыс тұрғындарына 69 жағажай дайындалды. Оның 19-ы ауданда орналасқан. Суға шомылу кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдыналу үшін 72 құтқарушы, 21 жүзу
құралы, 1 катер және патрульдеу үшін 15 аутокөлік дайын. Орал қаласы мен аудан әкімдері облыстық білім басқармасымен бірлесіп, аудан орталықтары мен балалар лагерьлерінде 22 модульдік-қаңқалы бассейн орнату және жабдықтау мәселесін пысықтауда, - деді ол.
«Бір тестіленуші – бір компьютер – екі камера»
Биыл облыста 5687 түлек мектеп бітіреді (2021ж. -5916 оқушы), оның 4838-і немесе 85%-ы (2021 ж. - 4879 оқушы (82,4%) ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмақ. ҰБТ 16 мамыр - 5 шілде аралығында Орал мен Ақсай қалаларындағы «Ustudy» ЖШС базасындағы тестілеу пунктінде өтеді. Тестілеу алғаш рет «бір тестіленуші - бір компьютер - екі камера» қағидаты бойынша ұйымдастырылады. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева айтты. Оның мәліметінше, ҰБТ кезінде бөгде адамдарды ғимаратқа кіргізбес үшін Face ID цифрлық сәйкестендіру құрылғысы пайдаланылады. Тестіленуші онлайн режімде өзі тіркеледі. Биыл енгізілген өзгерістердің бірі – мектеп түлегі ҰБТ тапсыратын тестілеу орнын, күнін, уақытын өзі таңдайды және мемлекеттік грант иегері болуы үшін түлектерге 2 мәрте тегін тестілеуден өту мүмкіндігі қарастырылған.
Тестілеу пункттері металл іздегіш, ұялы байланысты тұншықтырғыш, бейнебақылау камералары және қажетті санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға арналған құралдармен толықтай қамтамасыз етілген. ҰБТ өткізу кезінде барлық санитарлық талаптар сақталады. Тестілеу үрдісін қосымша ахуалдық орталық бақылайды және оған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторингтік тобы мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері қатысады. Сондай-ақ облыстың бас ұстазы оқушылардың жазғы кезеңде бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында қолға алынған іс-шараларға тоқталды. Айгүл Әділгерейқызының айтуынша, облыс бойынша 1-10 сынып оқитын 102 867 оқушы жазғы лагерьмен қамтылады. 601 лагерь жұмыс жасайды.
Баяндамалар аяқталған соң өңір басшысы жиынды қорытындылап, бірқатар сала басшысына тапсырмалар жүктеді.
– Өздеріңіз көріп отырғандай, сүт өнімдерінің 80 пайызы өңірімізге өзге облыстардан және Ресей мен Белоруссиядан тасымалданады. Егер біз импортты азайтып, өзіміз өндіретін болсақ, ол өнімдердің бағасы да арзандар еді. Келесі жылдан бастап сүт және сүт өнімдерін дайындайтын кәсіпкерлерге берілетін демеуқаржының көлемі артады. Есесіне олар тауарлы сүт фермаларын ашып, жаңа технологиялар арқылы сапалы өнім шығаруы тиіс. Облыс тұрғындарын сүтпен қамту үшін жылына кемі 46 мың тонна сүт шығару керек. Сондай-ақ шұрайлы жеріміз бен суымызды пайдаланып, «Жасыл белдеу» жобасын дамытуымыз қажет. Заманауи техникаларды пайдаланып, суармалы егістік алқабын ұлғайтуды да қаперден шығармаңыздар. Бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуды аудан әкімдеріне тапсырамын. Жұмыс жүйелі жүрсін. Бұл мәселе бақылауда болады.
Бүгінгі жиында талқыланған келесі мәселе – жаз мезгілінде өрттің алдын алу және тұрғындардың суға батып кетуін болдырмау болатын. Ормандарымызды өрттен қорғауымыз керек. Егер жергілікті тұрғындар ормантоғайды қураған ағаштан тазалағысы келсе, орман шаруашылықтары қарсы емес. Тек тәртіп сақтап, жинауы қажет. Сондай-ақ жуырда жазғы шомылу маусымы да басталады. Кей тұрғын судағы қауіпсіздік ережесін білмейді. Соның салдарынан облыста жыл сайын 30-31 адам суға батып кетуде. Сондықтан жағажайдағы бақылауды күшейтіңіздер. Модульдік-қаңқалы бассейндерді көбірек алып, аудан-ауылдардағы лагерьлер ұйымдастырылатын жерге орналастыруымыз қажет. Сала басшыларына балалардың жазғы демалысын қауіпсіз жағдайда ұйымдастыруды тапсырамын. Облыстық мәдениет, дене шынықтыру және спорт басқармалары ойын-сауық орындарында балалардың қауіпсіздігін бақылауға алып, оқушыларды тарихи-мәдени ескерткіштермен таныстыру бағытындағы іс-шараларға қолдау көрсетуі қажет, – деді өңір басшысы.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz