29.10.2021, 9:55
Оқылды: 51

Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылуда

Жуырда «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Кеңес отырысының төрағасы Бауыржан Атауов күн тәртібіндегі мәселелерді атап өткен соң, облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев «Nur Otan» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламасының орындалу барысы туралы баяндады.

3

– 2019 жылдың соңында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында Батыс Қазақстан облысының геоақпараттық порталы дайындалды. Геопортал www.map.e-batys.kz мекенжайы бойынша орналастырылған. Жоба мақсаты – барлық мүдделі тұлғаның жер қатынастары және жер қойнауын пайдалану саласындағы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру. Бұдан басқа, геопортал арқылы тиісті уәкілетті құрылымдар жерді нысаналы мақсаты бойынша пайдаланып және жер заңнамасын бұза отырып, жер телімін пайдалануға байланысты мониторинг жүргізе алады. Геопортал жер қатынастары бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін едәуір төмендетуге, қызмет алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысты болдырмауға, өзекті ақпаратты қашықтан алуға мүмкіндік береді. 2020-21 жылдары барлық мемлекеттік қызмет «Электронды үкіметтің» (www.egov.kz) веб-порталы арқылы көрсетілген. Мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында құқық бұзушылықтар орын алған жоқ, – деді Мұрат Өмірәлиев.

Қоғамдық кеңес мүшесі Нұртай Текебаев 2019-2021 жылдары БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жайылымдарды тиімді пайдалануға байланысты мониторинг қорытындысын баяндады. «Жайылымдар туралы» заңның 9-бабына сай ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті өкілді құрылымы жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекітуі тиіс. Жоспар әзірленгенде ауылдық округ шегінде орналасқан жайылымдық жер көлемі, оны пайдалану дәрежесі, мал басы туралы мәліметтер ескерілуі керек. Биылғы алғашқы жартыжылдықта жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша Шыңғырлау ауданының әкімдігі 2021 жылға арналған жоспарды дайындамағаны белгілі болды. Аталған ауданның жергілікті атқарушы құрылымы құқықтық актілерді жаңартумен жұмыстанбауы сыбайлас жемқорлық қатеріне ұрындырып, жайылымды тиімсіз игеруге, түптеп келгенде, жердің тозуына әсер етеді. Осыған ұқсас деректер Қаратөбе мен Сырым аудандарында да анықталды. Баяндамашының жайылым тапшылығы, шаруа қожалықтарының мал есебін нақты көрсетпеуі, қаладағы жер телімдерінің нысаналы мақсатына сай игерілмеуіне қатысты қойған сауалдарына жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Өмірәлиев жауап берді. Басқарма басшысы қазіргі кезде жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды 11 аудан әкімдігі бекітіп үлгергенін айтты.

– Ауылдық елді мекендер маңында жайылым тапшылығы туындауда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» заң қабылдауды тапсырды. Соған байланысты заңдағы баптарды толықтыруға ұсыныстарымызды жолдадық. Жайылым беруді реттеуге қатысты біраз мәселе шешімін табады деген ойдамыз. Елді мекен ішінде бағылатын мал санына қатысты норматив белгілеу қарастырылуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында көптеген іс-шара жүйелі атқарылуда. Ауыл шаруашылық жер учаскелерін пайдаланбай отырған фермерлер мен қожалық иелерінің тізімін басқарма сайтына ашық жарияладық, – деді Мұрат Өмірәлиев.

Қоғамдық кеңес отырысында денсаулық саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс туралы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл басында денсаулық сақтау басқармасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоспары бекітілген. Биыл мемлекеттік (медициналық) қызмет көрсету бойынша түсіндіру жұмысы жоспарға сай жүргізілуде. Құқық қорғау құрылымдары мен басқарма қызметкерлерінің қатысуымен семинарлар мен дөңгелек үстел отырыстары өтуде. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 4 сәуірдегі бұйрығы бойынша коронавирусқа қарсы іс-шараларға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысшыларын қаржылық қолдау мақсатында комиссия құрылды. Облыс әкімі төрағалық ететін комиссия құрамына «Nur Otan» партиясының, медициналық қызметкерлер кәсіподағының, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ филиалының өкілдері енді. Облыстағы барлық медициналық ұйымда бақылау кеңестері құрылды. Басқарма өкілі сөз сөйлегеннен кейін, қоғамдық кеңестің мүшесі Мақсот Берген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы туралы айтты.

– Медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін көтеру мәселесі өте өзекті. Осы тұрғыда мамандарды қайта оқыту және аттестаттау кезінде мынадай кемшіліктер анықталды. Басқармадағы аттестаттау комиссиясы құрамына қоғам және кәсіп-одақ өкілдері кірмейді. Яғни ашықтық пен жариялылық қағидаты сақталмаған. Аттестаттау комиссиясының отырысы кезінде аудио және бейнежазба жүргізілмейтіні күмән тудырады. Яғни комиссия шешімімен келіспеген жағдайда қайта сараптау жүргізуге нақты айғақ болмайды. Техникалық құралдармен жазылған бейнежазбаларды сақтау мерзімі арнайы ережелерде көрсетілмеген. Тағы бір атап өтер жайт, тегін медициналық көмек көрсету аясында тапсырыс беруші бір өнім беруші үшін шартты орындау мерзімін ұзартса, екінші өнім берушіге ондай мүмкіндік бермейтін құзіреттіліктің өзі сыбайлас жемқорлық тәуекелін туғызатыны анық. Басқарманың ресми интернет-ресурсында тегін дәрі-дәрмек жетіспеген уақытта оны қайдан табуға болатындығы туралы ақпарат көрсетілмеген. Тұрғындарға дәрі-дәрмекті дер кезінде табуға мүмкіндік беретін ақпараттарды сайтқа тұрақты жариялап отырған жөн, – деді Мақсот Берген.

4

Қоғамдық кеңес отырысына ZOOM онлайн платформасы арқылы Бәйтерек, Бөкей ордасы, Сырым, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандары әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселелерді талқылаған соң, кеңес мәжілісінің қаулысы қабылданды.

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале