17.02.2026, 17:45
Оқылды: 64

Сыйластық салтанат құрған шаңырақ

9f6e1324-52a6-45e4-afeb-a69a2d8f4a36

«Екі жақсының» бүгінгі қонағы – білім беру саласының  ардагерлері, ерлізайыпты математиктер, жарасымды жанұя, өңіріміздегі бірден-бір тоғызқұмалақшылар әулеті  Қанапия мен Ағира Қаяпбергеновтер. Қанапия Қарекешұлының есімі спорттан хабары бар облыс тұрғындары үшін етене таныс деп ойлаймыз. Ол – тоғызқұмалақ бойынша ұлттық дәрежедегі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері, жоғары санатты қосымша білім беру педагогі, Сырым ауданының құрметті азаматы. Қанапия ағай облысымызда тоғызқұмалақ ойынын дамытып қана қоймай, бұл спорттан жасөспірімдер мен жастар арасындағы республикалық, халықаралық жарыстардың бірнеше жеңімпаз-жүлдегерін дайындады. Ал отанасы Ағира Сәрсенқызы азаматының алаңсыз қызмет істеуіне жағдай жасап, «Ауыл мен қала балаларына шахмат, тоғызқұмалақ үйретіп, интеллектуалдық ой-өрісін дамытамын, ұлттық спорттың бұл түрінен облыстың намысын қорғайтын жеңімпаздар шығарамын» деген  арман-мақсатын қолдап, үнемі демеу болды. Ол 40 жылға жуық уақыт білім беру саласында ұстаздық қызмет атқарып, бүгінде бейнетінің зейнетін  көріп отыр. Бір-біріне дауыс көтеріп сөйлемеген, махаббат пен сыйластық ұялаған шаңырақ  иелерімен емен-жарқын тілдесіп, жарасымды жанұя болудың қыр-сырын біліп қайттық.

«Ауыл  балаларынан  озық  ойлы  оқушы, шемпион  шығаруды  мақсат  еттім»

d78f819f-3022-40d9-ae74-e53b6a0f79f2

Қанапия Қарекешұлы Сырым ауданының Жетікөл ауылында    қарапайым отбасында өмірге  келген. Абай орта мекте­бін 1974 жылы тәмамдаған соң Орал қаласындағы А. Пушкин атындағы педагогика-лық институтқа физика-математика факультетінің математика бөліміне оқуға түседі. Сол жылы ауыл мектептеріне математиктер жетіспеген соң математика пәнінің мұғалімі мамандығына 100 орын, яғни қазақ бөлі­міне – 50, орыс бөліміне   50 орын бөлініпті. Бұл мамандыққа кейіпкеріміздің зайыбы Ағира Сәрсенқызы да оқуға түседі. Студенттік шақтан басталған таныстық іңкәр сезімге ұласып, оқу бітірген соң екі жас бір жыл өз ауыл-дарында еңбек етіп, кейін шаңырақ көтереді. Қанапия ағай ұстаздық қызметін өзі білім алған Абай орта мектебінде бастайды. Уақыт өте келе, сол білім ошағында оқу  ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін абы­роймен атқарады.

– Бала кезімнен интеллектуалды ойындарға бейім болдым. Шахмат пен дойбыны жақсы ойнадым. Елімізде 1990 жылдары тоғызқұмалақ ойыны қолға алынып, осы ұлттық ойынға қызыға бастадым. Ауыл балаларына ойынның ережелерін түсіндіріп, жарыстар ұйымдастырдым. Аудандық білім бөлімі тарапынан тоғызқұмалақты аудан-ауылдарда дамыту бойынша ұсыныстар түсті. Шә­кірттерім тоғызқұмалақ пен шахматтан жеңімпаз атанып,  мерейімді өсірді. Бұрын шахматтан республикалық «Ақ ладья» турнирі өтетін. Жылына бір рет жазда ұйым-дастырылатын сол жарысқа шәкірттерімді апаруды армандадым. 1973, 1977 жылдары өмірге келген шәкіртте­рім шахматтан мықты еді. 1991 жылы Орал қаласында өткен облыстық іріктеу кезеңінде командалық есепте бірінші орынды Сырым ауданының командасы жеңіп алып, республикалық деңгей­ге жолдама алды. Балалар «Республикалық додаға барамыз» деп уақытпен санаспай  дайындалып жүргенде Кеңес одағы ыдырап, еліміз тәуелсіздік алып, жарыс бо­май қалды. Бұл жетістікпен тоқтамай, түрлі деңгейдегі  жарыстарға қатыстық. Шә­кірт­терім еліміздің қалаларын аралап, республикалық, халықаралық додалардан жеңімпаз атанып жүрді. Балалар жолда жүруді үйренді, еліміздің әр түкпірінен достар тапты. Мақсатым ауылдан да интеллектуалды, білім­ді шемпиондар шығаты­нын дәлелдегім келді, шә­кірттерім арқылы осы ойымды жүзеге асырдым деп ойлаймын. Содан өз балала-рым мектеп бітіріп, оқуға түсетін болды. Мен ауылымды, шә­кірттерімді қимай жүріп, 2010 жылы Орал қала-сына қоныс аудардым. Математика пәнінің мұғалімі ретінде мектептерден жұмыс табылды, бірақ оқушы-ларға сабақ беріп жүргенде тоғызқұмалақ, шахмат секілді интеллектуалды ойындарды дамыта алмайты-нымды түсіндім. Өйткені қалада жасөспірімдердің ұлттық ойындарға қызығушылығын тудырсаңыз, қатыса-тындардың қарасы көбейіп, олардың арасынан дарындыларын іріктеуге мүмкіндік мол. Содан шаһардағы мектептен тыс жұмыс орталығына қызметке орналасып, қала мектептеріндегі балаларды тоғызқұмалақ ойнауға үйретіп, бірқатары біразырақ уақытта керемет нәтижелер көрсетті. Шәкірттерімнің бірі – тоғызқұма-лақтан облыстың аға бапкері, екі дүркін Әлем шемпионы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері  Әсет Қайыржанов.

Сырым ауданындағы Абай  атындағы орта мектеп әкім­шілігінің ұйымдастыруымен 2024 жылдың қазан айында сол мектепте менің атымда «Тоғызқұмалақ кабинеті» ашылды. Қазіргі таңда Сырым ауданының аға жаттықтырушысы, шәкіртім Дарын Төреғалиев жас тоғызқұма­лақшыларды тәрбиелеп, же­тістікке жетуде. Сондай-ақ Ғизат Сағынбаев, Ализа Ерниязова, Дильназ Ерниязова секілді мақтанарлық бапкер шәкірттерім де аз емес, – деді Қанапия Қарекешұлы.

Ананың  ақ  батасын   алған  келін

db95a50b-7860-4615-bbaa-0c84d5e9472f

Ағира жеңешеміз –  Қанапия ағамыздың ұрпағын өрбітіп қана қоймай, марқұм Мәру қайын енесімен және отағасының бауырларымен 40 жылдай уақыт бірге тұрды.      Ол – ененің алдынан  кесе-көлденең өтпей, бар жылы-жұмсағын анасының алдына тосып, бабын тапқан келін. ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Ағира Сәрсенқызы 1958 жылы Тайпақ ауданының Базартөбе ауылында  өмірге келген. Мектепті бі­тір­ген соң сол кездегі А. Пушкин атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетінің мате-матика бөліміне оқуға түседі. Он баланың тұңғышы болған соң бауырларына қамқор болады. Ата-анасы Сәр-сен мен Әсия ауылда ел қатарлы еңбек етіп қана қоймай, ұл-қыздарының білімді, тәрбиелі, мәдениетті болып өсуін жіті қадағалаған. Перзенттерінің таным көкжиегі кең болуы үшін үйге үнемі газет-журнал алдырып, ба-лаларын кітап оқуға дағдыландырған.

– Институтты бітірген соң отағасы өз ауылында, мен Базартөбемде бір жыл еңбек етіп, 1980 жылы шаңырақ көтердік. Әулетіне мен келін боп түскенде қайын атам да болды. Ол кісі біз шаңырақ көтергеннен кейін бір жылдан соң дүние салды. Қайын енеммен 2020 жылы ол кісі жарық дүниемен қоштасқанша бірге тұрдық. Ол кісі өмірдің ащы-тұщысын, яғни қиындығын көп көрген, көңіліне түйгені мол жан еді. Біздің қызметтен қалмай еңбек етуімізге  жағдай жасап, балаларды тәр­биеледі. Әр уақытта бізді демеп, жақсылығымызды асы­рып отыратын. Отбасымыздағы кез-келген мәселе мамыражай отырып, сөйлесу арқылы шешіледі. Сол себепті де шығар, анамыз бізге қатты сөйлеп көрген жоқ, 40 жыл ішінде әй-шәй дескен кезіміз  болмады. Немерелері жарық дүниеге көрінгенде ерекше қуанатын. Құрсағыма сәби біткен сәттен ба-стап қамқорлап, денсаулығымды қадағалайтын. Есіме бір оқиға түсіп отыр. Ол кезде ауылда тұратын едік. Тұңғышымыз Әсемгүлге жүкті кезім. Анамыз менің бойымда қаназдық (анемия) барын естіп, Орал қаласынан бір қап алма алғызып, балаларынан жасырып, біздің бөлмемізге тығып қойды. Ол алманы жеуге маған ғана рұқсат берді. Бүгінде соны қайын інілерім, қайын сіңлім еске алып, әзілдеп отырады. Жас кезімде бірдеңені білмей, дұрыс жасамаған кездегі айтатын  ескертпелерін қабылдап, «Жақсы, мама, түсіндім» деп ұғып алатынмын. Тоқу тоқып, іс тігетін өте шебер адам болды. Құрт қайнату, та-ры қуыру, көже пісіру секілді ұлттық тағамдардың түр-түрін бірге жасайтын едік.

Осы кезде зайыбының сө­зін толықтырған отағасы атаанасының Жаңақала ауданында туып-өскенін айтты. 1952 жылы Капустин-Яр полигонына байланысты бір түнде ауылдағы 62 үйдің тұрғындарын Сырым ауданының Жетікөл ауылына көшірген. Кейіпкеріміз Меңзипа, Лесқали, Ереш, Нұраш, Нұрлыгүл есімді бауырларымен Жетікөл ауылында өмір есігін ашқан.

– Әкем 1929 жылғы, анам 1930 жылғы. Сол кездегі заманның қиындығына, Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты ата-анам жеті кластық біліммен ғана шектелген. Бірақ өте сауатты, жазу калиграфиясы әдемі, мақал-мәтелдеп сөйлейтін жандар еді. Көзкөргендердің айтуынша, әкеміз есепке жүй­рік болған. Ол өмір бойы Абай кеңшарында (бухгалтерияда) есепші,  анамыз ба-лабақшада қызмет етті. Ата-анам перзенттерінің сауатты, білімді болуына жағдай жасады. Әкеміз жарық дүниемен ерте қоштасты, ал анамыз біраз немере-шөбере сүйді. Шынын  айтайық, біз жұмыс, жұмыс деп жүріп, өз балаларымыздың қалай өскенін байқамай қалдық. Ауылда болған-да ба­лаларды үйдің ішкі-сыртқы шаруасына араластырып, жұмсадық. Одан балаларымыз жаман болған жоқ, ке­рісінше шаруаға ысылып, еңбекке ұмтылды. Қазіргі таңда ұл-қыздарымыз бәрі де жоғары білім алып, әр салада қызмет етуде.

Ағира Сәрсенқызы Сырым ауданы Абай атындағы орта мектепте 30 жыл, Орал қаласындағы №34 мектеп-гимназияда және №46 жалпы орта білім беретін мектепте біраз жыл абыройлы қызмет атқарып, математика пәнінен қалалық, облыстық, республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындаған. Білім беру сала-сында 40 жылдан астам еңбек еткен Ағира жеңгей бүгінде немерелерін бағып-қағуда.

«Он  жасында  ел  шемпионы  атанды»

4c81286b-5faf-4405-bed1-000cc27a624d

Кейіпкерлеріміз төрт перзент, бір ұл, үш қыз сүйген. Бүгінде бәрі үйлі-баранды, ата-әжесіне немере-жиен сый-лап отыр. Бұл отбасының бір ерекше­лігі, мұндағы барлық ұл-қыз шахмат пен тоғызқұмалақты  жетік меңгерген. Қызы Жайнар – тоғызқұмалақтан спорт шебері, Қазақстан Республикасының бес дүркін шемпио­ны, ұлы Асұлан – спорт шеберлігінен үміткер, ел бірін­шіліктерінің және универсиаданың жүлдегері.  Ұл-қыздары ата-анасының жолын қуып, мұғалімдік қызметті таңдамаған, десе де есепке, логикаға жүйрік перзентте­рі банк, қаржы саласының білікті мамандары. Отағасы «Баланы қолынан келетін жұмысқа барынша жұмсау керек», - деген қағиданы ұстанады.

–  Ауылда тұрғанда түздің, үйдің жұмысын бітіріп, бос уақытымызда отбасымызбен отырып, шахмат, тоғызқұмалақ ойнайтын едік.  Жайнарымыз шахмат, тоғызқұмалақ ойнауды аға-апаларынан үйренді. 2002 жылы Ақтөбе қаласында жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақтан республикалық шемпионат өтті. Ол кезде Жайнар он жаста еді. Сол жарыста ойыны жүріп, үйге Қазақстанның шемпионы болып оралды. Бірінші рет қатысқан ірі жарысы еді. Тіпті ауыл болып қуанып,  тойлағанымыз да есімізде. Шағын ғана елді мекеннен ел шемпионының шығуы әрине, зор қуаныш! Бұдан кейін ауданымыздан Азия, универсиада шемпиондары шықты. Мен солармен мақтанамын. Тоғызқұмалақ, шахмат ой-наған балалардың жерде қалғанын көрген жоқпын. Бұл ойындар балалардың интеллектуалдық дәреже-деңгейін дамытады. Мұнда астраномия да, тарих та, математика да, логика да бар, - деді тоғызқұмалақтан елімізге еңбегі сіңген бапкер.

Қанапия аға мен Ағира жеңгей көтерген шаңырақ алтын тойға таяу. Отау құрғандарына 46 жыл болыпты. Ағира жеңгей әулетте сыйластық, бірлік пен татулық болса, шаңырақтың шаттығы артатынын айтады. Әсіресе, ата-ананың ақ батасы мен разылығы баланың өсіп-жетілуіне, жетістіктерге жетуіне тура жол сілтейтінін жет-кізді. Балаларына «Бір-біріңе қамқор болыңдар» деген сөзді жиі айтатын кейіпкерлеріміз ұл-қыздары мен немере-жиендерінің ортасында бақытты ата-әже болып ғұмыр кешуде.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале