21.01.2022, 9:00
Оқылды: 57

Сыйлық та сыбайластыққа жетелейді

Әрбір қоғамда қандай да бір тауарды, бұйымды алмастыру дәстүрі бар. Олардың ішінде кең тарағандарының бірі – сыйлық алмасу. Сыйлық алмасу – бұл адамзат өміріндегі күрделі құбылыс. Қазіргі кезде сыйлық беру кең тараған құбылысқа айналды. Оның себептері әр түрлі, ертеден келе жатқан салт-дәстүрге негізделген. Қазіргі таңда жаңаша тұрпатты сыйлық беру нысандары пайда болды.

InShot_20220121_082502661

Мысалы, олардың қоғамда кең тараған түрлерінің бірі - мекеме-ұйымдар қызметкерлері басқа қалалардан іссапардан, саяхаттан келгенде әріптестеріне, басшыларына естелік сыйлықтар алып келуі.

Әрине, бұл жерде мекеме қызметкерлеріне бір-біріне сыйлық беруге тыйым салынған. Осы тұста сыйлық пен параны бір-бірінен ажырату өте қиын. Сондықтан да көп елдің заңдарында сыйлық беруге тыйым салынған және шенеуніктерге, мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлеріне жеке тұлғалардан сыйлық қабылдау заңмен қудаланады. Көптеген жағдайда «пара беру» іс-әрекеті «сыйлық беру» сияқты көрінуі ықтимал. Керісінше, «сыйлық беру» іс-әрекеті «пара беру» болып та көрінуі әбден мүмкін. Басқаша айтқанда, «сыйлық» атауы айтып тұрғандай, ешқандай қайтару міндеттерін жүктемеуі тиіс. Алайда «сыйлық» кез келген уақытта өзінің бастапқы әлеуметтік функциясын өзгертуі мүмкін. «Неге?», «Не үшін?» деген сұрақ туындайды. Неліктен сыйлық беру мен пара беру өзара ауыспалы? Тағы да қандай белгілер сыйлықтың параға айналуын айқындайды? Аталған сұрақтарды төменде қысқаша талқылап көреміз.

Айталық, бірқатар елдердің заңнамасында сыйлықтың құнына қарай оның пара немесе пара емес екені анықталған. ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» 2015 жылғы 18 қарашадағы №410-V заңының 12-бабы, 1-тармақ, 4-тармақшасында жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың сыйлықтар қабылдау бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайтыны айтылған.

Бұл шектеуді бұзған жағдайда тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктер қаралған. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 12-бабы мен «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 50-бабына сәйкес жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен мемлекеттік қызметшілерге құнына, мөлшеріне (мысалы, кәмпиттер, кәдесыйлар), қандай да бір себебіне қарамастан (мереке, туған күн) сыйлық қабылдауға және ұсынуға тыйым салынады. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 676-бабы бойынша: «Жеке тұлғалардың мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаларға немесе оларға теңестiрiлген тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңiлдiктер беруi не қызметтер көрсетуі, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса, екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады»  деп көрсетілген. Кодекстің 677-бабы мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның қандай да жолмен сыйлықтарды қабылдауы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлері болмаса, алты жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады. Бұл аталған заң талаптары билік өкілдерінің сыйлық алуын шектеуге негізделген. Заңның осындай талаптар мен шектеулер қоюының өзі сыйлық алудың артында кері қайтару жауапкершілігі бірге жүретінін дәлелдеп отыр. Сыйлық беру белгілі бір қызмет түрін заңсыз алуға немесе алынған қызмет пен артықшылықтарға рақмет ретінде берілген болса, ол – параға айналды деген сөз. Заң осындай жағдайлардың алдын алу үшін қолында қандай да бір билігі бар тұлғаларға сыйлық алуға шектеу қояды. Сонымен қатар жоғарыда аталған заңнамаларда сыйлық параға айналған жағдайда ол үшін қаралған жауапкершіліктер нақты көрсетілген. Алайда сыйлық беру пара болып табылмайтын жағдайлар да бар екенін баршамыз білеміз. Мысалы, мемлекеттік қызметші туған күніне отбасы мүшелері мен жақын достарынан қабылдаған сыйлықты айтуға болады. Яғни бұл жерде сыйлық екенін дәлелдейтін жағдай – қабылданған сыйлықтың қызметтік міндетін орындаумен байланысты  болмауы.

Сыйлық өзінің құнына қарамастан қабылдаушының көңіл күйіне, жоспарлары мен ұстанымдарына әсер ете алады және сонысымен ол параға айналады. Себебі сыйлық алған адам берушіге қандай да бір артықшылық жасауы әбден мүмкін. Артықшылық тек қана материалдық емес, моральдық та, ақпараттық та болады. Бұл заңдар мен ережелерде сыйлық беру мәселесі бойынша шектеулерге өте ұқыптылықпен және жан-жақты қарауды керек ететінін дәлелдейді.

Анаргүл  Сисенова, 

Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале