Туыстығы болмаса да туған ағамдай болған Төлеубай Жүнісовтың өмірден өткеніне 16 маусымда 40 күн болады. Азды-көпті ғұмырында тындырған ісі кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай адам еді.
Ол 1965 жылы қазіргі Ақжайық ауданына қарасты Первомай мектебін күміс медальмен бітіріп, сол жылы Ақтөбедегі медициналық институтқа оқуға түседі. 1971 жылы осы жоғары оқу орнын емдеу факультеті бойынша тәмамдап, лейтенант шенімен Ресейдің Псков облысындағы дербес әскери бөлімдердің бірін Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Әскерге аттанбас бұрын туған ауы-лы Алғабастың қызы Нәсіппен шаңырақ көтеріп, отау құрады. Әскердегі мерзімді уақыт біткенде Төлеубай ағай да қасындағы жолдастарымен бірге әскери медицина саласында жұмысқа кіріседі. Көп ұзамай Ресейдің Саратов облысына қарасты Энгельс қаласының маңындағы авиациялық дивизияда әскери қызметін жалғастырады. Одан кейін 1982 жылдың сәуір айында Төлеубай Жүнісов Ауғанстанға жолданады. Содан 1983 жылғы мамыр айының соңына дейін Ауғанстандағы Шыңданд гарнизонында негізінен «МИ-8» тікұшағынан құралған тікұшақ (вертолет) эскадрильясы, сондай-ақ «МИГ-21» жоюшыбомбалаушы және «СУ-25» шабуылдаушы ұшақтары эскадрильяларына арналған авиациялық техникалық қамту жөніндегі дербес батальонның медициналық қызметінің бастығы ретінде қызметін жалғастырады. «Үш бірдей эскадрильяға арналған емдеу-сауықтыру нысаны болғандықтан, сол кездері біздің құзырымыздағы госпитальда ауру-сырқауға шалдыққандар мен жаралыларға арнап 1000 кереуеттік ем-дом нысаны жасақталды. Әдетте минаға түскендердің жағдайы қиын болатын. Нағыз ауыр жаралылар алғашқы жәрдем көрсетілгеннен кейін мүмкіндігінше дереу елдегі іргелі госпитальдарға жөнелтілуші еді. Кеңестік дәрігерлердің қолынан ем-дом алып, Ауғанстанның жараланған біраз әскерилері де қатарға қосылған жағдайлар баршылық. Алайда біздің батальонның медқызметкерлері негізінен «пұштындардан» құралған жергілікті жұртпен аралас-құралас бола қойған жоқ. Өйткені олар кім ақша төлесе, соның жағында соғысуға пейілді болды. Оның үстіне жергілікті елді мекендердегі үйлердің айналасы тас дуалмен қоршалғандықтан, қабырғаның арғы жағында кімнің немен шұғылданып жатқандығы бір Құдайға ғана мәлім-ді. Сапалы ауыз су өте қат болды. Сол себепті де жұқпалы дерттерге шалдығу, әсіресе, сүзек пен сары ауру (гепатит) жұқтыру жиі орын алды. Оның үстіне сәуір-шілде айларында батыстан шығысқа қарай, Иран жақтан Ауғани деген жел, дәлірек айтқанда, құмды дауыл жиі соғатын. Онсыз да құлазып тұрған айналаны әлгі аңызақ жел онан сайын құлазытып, біржола айтақырға айналдырып тынатын. Жалпы, жылдар бойы тау жағдайында майдан салып, ұрыс жүргізуге әбден машықтанған жергілікті жұртпен соғысу кеңес әскеріне өте ауыр тиді. Жаңа ғана көз алдыңда жүрген адам көзді ашып-жұмғанша шейіт болып немесе ауыр жараланып, жаны бебеу қағатын. Солардың басым көпшілі-гі өрімдей жас жігіттер еді... Шамасы, Кеңес одағының басшылығы Ауғанстандағы адам төзгісіз ауыр жағдайларды ескерсе керек, кеңестік әскерилердің ол елдегі бір айы үш айға, ал бір жылы үш жылға есептелді» деп Ауғанстандағы күндерін еске алады 2014 жылы «Орал өңірі» газетінің №21 санында журналист-жазушы Бауыржан Ғұбайдуллинге берген сұхбатында.
25 жылға жуық КСРО Қарулы күштерінің қатарында абыройлы қызмет етіп, Ауғанстан мен Анголадағы соғыстардың от-жалынынан аман шыққан Төлеубай ағамыз «Мінсіз қызметі үшін», «Ауған халқынан алғыс», «Жауынгерлік еңбегі үшін» секілді медальдарды өңіріне қадады. Ауғанстаннан оралғаннан кейін 1991 жылдың наурызына дейін Орынбордағы әскери ұшқыштар даярлайтын жоғары училищеде дәрігерлік сараптама қызметінде басшылық қызмет атқарды. Ал 1991 жылы жоғары жақтың бұйрығымен бір топ советтік мамандар Анголаға аттанады.
Жерлестеріміздің көбі Төлеубай Жүнісов ағамыздың бірнеше жыл қауіпті қызметте болғанын біле бермейтін болар. Ұзақ жылдар хирург болып әскери салада еңбек етті. Үнемі алыс елдерде, отбасынан жырақта жүрген ағамыз ұл-қызын сағынып, салт басты сабау қамшылы өмір сүруден жалығады. Сөйтіп, 22 жыл ғұмырын арнаған әскери қызметке 1992 жылы майор шенінде өз нүктесін қояды. Ол сын сағаттарда сыр бермеген достарымен байланысын үзбей, хабарласып тұратын. Петр Устинов, Владимир Любимов сынды қандыкөйлек достары ағамыздың әскери өмірінің куәгерлері еді. Ол өз Отанының патриоты бола білді. Дәм-тұз айдап, қаншама ел-жер көрсе де, «Өз туған өлкеңе жетер ештеңе жоқ» деп жиі айтар еді... Ағамыз жұбайы Нәсіппен бірге бір ұл, бір қыз өсірді. Ұлы Талғаттың мамандығы – зооинженер, қызы Эльнара – халықаралық қарым-қатынастар бойынша экономист. Ол маған туған ағамдай қамқор болып еді. Соңғы бес жылда ауыр дертке шалдығып, ұзақ науқастан дүние салды. Өз Отанына қалтқысыз қызмет еткен ағамыздың есімі ұмытылмайды. Біз оны әрдайым сағынышпен еске аламыз.
Есенгелді Есболсынов,
зейнеткер-ұстаз, педагогика саласының ардагері,
Орал қаласы