Дәл осы кезде халықтың ауызбіршілігі мен сабырлылығы ауадай қажет. Төтенше жағдай режимінің қашанда экономикалық және әлеуметтік салдары болады. Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі жағдаймен бетпе-бет келіп отыр. Осындай қиын кезде ел тұрғындарына қолдау көрсету, экономикамыздың тиімді тетіктерін іске қосу мақсатында әркез мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданып отырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде қолға алынып жатқан барлық іс-шаралар егжей-тегжейлі айтылды. Енді біз өз тарапымыздан осы бір індетті ауыздықтау үшін қойылған шектеулерді қатаң сақтап, ел-жұртымыздың сындарлы сәттен сүрінбей өтуіне өз үлесімізді қосуымыз шарт. Ал жұмыла көтерген жүк қай кезде де жеңіл болатыны бесенеден белгілі.
Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Бірлесе білген ел бәрін жеңеді" атты мынау мақаласында да көпке ой саларлық жайлар аз емес. Ең бастысы, қалыптасып отырған жайлар ашық айтылып, бұл қиындықты да жеңіп шығатынымызға сенім білдірілген. Әрі бізге қажетті нәрсе - қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік жеткілікті екені, сондықтан алаңдауға, абыржуға негіз жоқтығы баса айтылған. Шүкір, оны көпшілік сезініп те отыр. Елбасы өз мақаласында тәуелсіздік жылдары қол жеткізілген біраз табысты істерімізді баяндап, бұл қиындықты да еңсеретінімізге еш күмән келтірмеген.
Иә, қазіргі күні баршамызда мақсат біреу, ол - қиындықты бірлесе жеңіп, ел еңсесін тіктеуге өзіндік үлес қосу.
Айдар Батырханов
Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағы БҚО филиалының төрағасы
zhaikpress.kz