«Орал өңірі» газетінің 19 сәуір күнгі №43 санында «Аялдамалардың аянышты күйі немесе желге ұшқан миллиондар» тақырыбында мақала жарияланған болатын.
Мақалада Зашаған кентінде орнатылған аялдамалар сапасының сын көтермейтіні, қаңқаларының қирап қалғаны баяндалған еді. Сондай-ақ жауапты құрылым басшылары аялдамалардың сынуы адами фактордан екендігін алға тартқаны да мақалада жазылды.
Өткен жексенбі Гринько көшесі бойындағы «Экспресс» дүкені маңындағы аялдама тұтастай шалқасынан түсті. Сынға іліккен аялдаманың бұл жолғы сыр беруі сол күнгі желдің әсерінен болғаны анық. Жол жанына төселген бос топыраққа орнатылған аялдама бағандарының түбіне бір күрек бойы ғана цемент құйылыпты. Ал сол көше бойына қойылған екінші аялдаманың төбесі желге ұшқан. Аялдамалардың бірі «шапкасын» шешіп, екіншісі «шалқасынан» құлауына бұл жолы «адами фактордың» әсер етпегені анық.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
«Орал өңірі»