Негізгі экономикасы ауыл шаруашылығына бағытталған Сырым ауданында мал саны өскен. Ірі қара мал 7%-ға, қой 4,4%-ға, жылқы 2%-ға көбейген.
Ауыл шаруашылығы
Аудандағы мал өсіретін 417 шаруашылық құрылымның 84-і асыл тұқымды мал бағып отыр. Атап айтқанда, 67 ШҚ ірі қара (8 575), 12 ШҚ ұсақ мал (3 724), ал 5 шаруашылық асыл тұқымды жылқы (175) өсірумен айналысуда. Биылғы есепті кезеңде ауданға 117,8 млн теңгеге 322 асыл тұқымды ірі қара мал сатып әкелінген. Ауданда 4 мың 618 тонна ет, 23 мың 500 тонна сүт өндірілген. Мәселен, Бұлан ауылдық округіндегі «Берекет» шаруа қожалығы голштин тұқымды 80 сиырдан 10 мың 560 тонна сүт өндіріп, «Береке» ЖШС-ға тапсыруда. Аудандағы 150 шаруа қожа-лығына 470,5 млн теңге субсидия төленген.
– Ауданда биылғы мал қыстағына 85 мың 700 бас шартты мал басы кіреді. Жоспар бойынша 161,5 мың тонна жем-шөп қажет. Мал азығын дайындау барысында 404,4 мың га шабындық шабылып, одан 173,6 мың тонна өнім алынды. Жоспар 107,5%-ға орындалды. Оған қоса былтырдан қалған 25,6 мың тонна мал азығы бар. Сонымен бірге 530 тонна сабан (салом) және 3,5 мың тонна жем дайындалды, – деп баяндады аудан әкімі Жұмакелді Батырниязов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.
Аудан басшысының мәліметінше, 120 қыстақтың 97-сі электр қуатымен, 22-сі күн панелімен қамтылған. Шаруашылықтарда 372 адам жұмыс істейді. Бір орамашөптің орташа бағасы – 4 5006 000 теңге аралығында. Биыл қуаңшылықтың кесірінен мал азығынан тапшылық көрген облыстың оңтүстік аудандарына (Казталов ауданының Қоскөл ауылы, Бөкей ордасы ауданының Ұялы ауылы) 600 тонна тегін мал азығы жөнелтілген. Жұмакелді Жолдыбайұлы өз сөзінде көмек керуеніне қолдау білдірген сырымдық шаруашылық құрылымдарына алғысын білдірді.
Биыл Сырым ауданында 22 мың 168 гектарға егіс егілді. Мысалы, 9 мың 155 гектардан жиналған дәнді дақылдардан алынған өнім – 9 мың 641 тонна, өнімділік гектарына – 10,5 центнер. Ал 8 мың 976 гектардан майлы дақылдар жиналған. Алынған өнімі – 7 мың 450 тонна, шығымдылығы гектарына – 8,3 центнер. Сонымен бірге тұрғындар және шаруашылық құрылымдары 17,4 гектарға картоп пен көкөніс дақылдарын егіп, 253,9 тонна өнім алған. Алты шаруашылық құрылымы 2 мың 706 гек-тар жерге күздік бидай еккен. Шолақаңқаты ауылдық округінде орналасқан «Kazmeatindustry» ЖШС биыл 500 гектар жерге колумбиялық элиталық сортты күнбағыс еккен. Бүгінгі күнге 350 тонна өнім алып отыр. Шығымдылығы – әр гектардан 7 центнер.
Баяндамада мәлім болғандай, биыл ауданда 16 053 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған. Жоспар 133,7%-ға орындалыпты. Тұрғындардың мал жайылымына пайдалануы үшін, жайылымдық жерлерді кеңейту мақсатында 12 мың 400 гектар жер резервке қойылған. Резервтік жер көлемін 20 мың гектарға жеткізу мақсатында 8 мың гектар жерге орналастыру жобасы жасақталуда.
Ауылда да кәсіп бар
Аудан әкімі Жұмакелді Жолдыбайұлы айтып өткендей, биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 369,5 млн теңге қаржы бөлініп, 44 жоба жоспарланған. Алпыс адамды жұмыспен қамту көзделген. Соның ішінде мал шаруашылығына – 26 жоба (құны – 184,7 млн тг), өсімдік шаруашылығы үшін – 2 жоба (11,6 млн тг), құс шаруашылығына – 3 жоба (23,3 млн тг), шағын бизнеске – 9 жоба (62,2 млн тг), кооперативтер құруға 4 жоба (87,5 млн теңге) жасақталған. Несие алуға 52 адам өтініш берген. Оның қаржысы – 367, 7 млн теңге.
Шолақаңқаты ауылдық округінің тұрғыны 6 млн теңгеге құс шаруашылығын дамыту үшін несие алған. Қазіргі кезде 2 мың бөдене сатып алып, өсіруде. Құс жұмыртқаларын аудан аумағындағы азық-түлік дүкендеріне және Орал қаласындағы «Жәңгір хан» супермаркетінде қолжетімді бағада саттыққа шығарған. Көгеріс ауылындағы «Менжан Агро» АШК былтыр 13 млн теңге жеңілдетілген несие алған. Италияндық линда тұқымды 5 000 қаз және ломан браун тұқымды 200 тауық сатып алды. Осы бағдарлама аясында «Талдыбұлақ сүт» АШӨК құрылған. Қазір онда ауылдың 12 тұрғыны жұмыс істейді. Тауарлы сүтті мал өсіретін кооператив 122 аналық мал, соның ішінде 60 асыл тұқымды симментал сиырын сатып алған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл тұрғындарына «тауар несиесін» беруді ұйымдастыру қажет деп атап өтті. Осыған сәйкес ауданда ауылдық округтердің шаруашылық өкілдеріне тауарлық несие беру жөнінде түсінік жұмысы жүргізілді. Табыс-кірісі аз 11 отбасыға жалпы құны 11,1 млн теңгеге 32 ірі қара және 3 млн теңгеге 56 ұсақ мал келісімшарт арқылы берілді. «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру мақсатында «айналым схемасы» тетігі шеңберінде аудан кәсіпкерлеріне пайызсыз қарыздар беруде. Мәселен, Жымпиты ауылындағы «Хайржан» жеке кәсіпкерлігі 31,4 млн теңгеге және Бұлдырты ауылындағы «Рахмет» жеке кәсіпкерлігі 4,7 млн теңгеге әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарларын алды. Бұл тауарлар келісімшартта бекітілген бағамен сатылуда.
Олардың бағаларына апта сайын мониторинг жүргізіледі. Аудан орталығында 27 рет ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп, 21,8 млн теңгенің өнімі сатылды, – деді аудан әкімі.
Инвестиция
Биылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша аудандағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 6 млрд 516 млн теңге. Өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 175%-ға өскен. Ауданда тіркелген 1 538 шағын кәсіпкерлік нысанында 2 261 адам еңбек етіп жүр. Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы 2024-2026 жылдары іске асырылатын инвестициялық жобалардың жол картасы аясында «Берекет» шаруа қожалығы сүтті бағыттағы ірі қара малды 400 басқа дейін көбейткен. Қазір шаруагер құны 1 млрд теңге болатын сүт фермасын және сүт өнімдерін дайындайтын арнайы цех салуда. Сонымен қатар 100 млн теңге-ге суармалы жерлерге арналған қондырғы сатып алған. «Нұрдәулет» ШҚ 280 млн теңгеге 800 басқа арналған мал бордақылау алаңының құрылысын бастаған. Биыл 685,8 млн теңгеге 5 жоба жүзеге асырылып, 32 жаңа жұмыс орны құрылды. Мәселен, «Бұлан» шаруа қожалығы 600 млн теңгеге «ALAN TIR PARKING» аутокемпингін, «Нигметов. Р» жеке кәсіпкерлігі 80 млн теңгеге «Аққу» супермаркетін және «Жайлауов. М» жеке кәсіпкерлігі 3,8 млн теңгеге наубайхана ашқан. Жымпиты ауылының тұрғыны шұжық дайындап, аптасына 15-20 келі өнім өндіріп отыр. Ал бір тұрғын аптасына 100 литрдей лимонад сусынын жасап, саттыққа шығаруда. Жыл соңына дейін құны 220 млн теңге болатын екі жобаны іске қосу жоспарланған.
– Жыл басынан бері 200 шаруа қожалығына 502,7 млн теңге субсидия төленді. Сонымен қатар «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу» бағдарламасы бойынша 60 шаруа қожалығы 426,7 млн теңге субсидия алды. Биыл ауданның техника паркі 60 жаңа техникамен және ауыл шаруашылығы агрегаттарымен толықты. Ал 49 шаруа қожалығы мен 5 ЖШС «Қазагроқаржы» АҚ БҚО филиалынан 1 млрд 20 млн теңгеге лизинг арқылы 121 техника алды. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО филиалы арқылы кәсібін кеңейту бағытында «Іскер» бағдарламасы бойынша екі шағын орта бизнес субъектісіне 10 млн теңгеге, «Агробизнес» бағдарламасы арқылы 14 шағын орта бизнес субъектісіне 346,8 млн теңгеге қолдау көрсетілді. «Қазақстан Халық Банкі» АҚ арқылы 7 пайыздық мөлшерлемемен 15 жеке кәсіпкер 400 млн теңге несие алды. Жалпы ауданға облыстағы барлық қаржы институтынан 85 кәсіпкер арқылы несие ретінде тартылған инвестиция көлемі 1 777,6 млрд теңгені құрап отыр, – деді аудан әкімі Жұмакелді Батырниязов.
Ясипа Рахимқызы
zhaikpress.kz