(қаз-қалпында)
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасынан ауған кездер. «Орал өңірі» газетінің редакциясында талдырмаш денелі бір жас жігіт пайда болды. Сыпайы. Отыздан жаңа асып жүрген біздердің өзімізге тұра қалып сәлем береді. Сосын бір байқағанымыз, жас болса да «қылшығы қисаймай» мұнтаздай киініп жүреді (кейін бізге ағынан жарылатын: «Әкем айтатын, ол Оралдағы оқыған, тоқыған қазақ жігіттерінің ортасы, қазақ газетінің редакциясы! Мұқият жүр, әдемі киініп, сыпайы сөйлеп, үлкендердің алдында иіліп тұр!»). Сол жігіт бүгінде ақсақалдар ауылына жетті. Алпыс үшке толды. Сол баяғы қалпы. Қарны салбырап, толысқан жоқ, кәріліктің ауылына кірдім деп, жадап-жүдеп, мықшиып шал болып қалған жоқ. Қайта сол күйі, самдағай қалпы, жаңа ғана қайралған пышақтай лыпып тұр.
Редакция табалдырығын алғаш аттаған кезінде танысқан бойда білгеніміз, журналистер ортасына даладан келмепті. Әкесі де журналист. Жәрдем Тұяқовтың баласы. Жәкең – ол кезде облыс оқырмандарына есімі жақсы таныс, қарымды қаламгер. Бұрқыратып жазады да жатады. Сәл әріректе «Орал өңірі» газетінің оңтүстік аудандарындағы меншікті тілшісі болған. Очерк, фельетон, репортаж, мақала дегендеріңізді біздің «Орал өңірі» газетіне жиі жолдайды. Өлең де жазады. Әсіресе, тіліп тұрып жазған сын материалдары жиі жарияланады. Социалистік меншікті талан-таражға салған жебірлерді де аямайды.
Сырымбек біздің газетке жұмысқа келмей тұрып, Жалпақтал өңіріне іссапарға барғаным есімде. Сонда әкесін алғаш көріп, таныстым. Орта бойлы, дембелше, толық адам. Кішкентай көздері жылтыл қағып, саған сынай қарайды. Тәмпіштеу мұрнының үсті үнемі терлеп, қара торы өңі жылтырап тұрады екен. Мамырдың шуағы молынан төгіліп, қой қоздап, қорада шу болып жатқан кез еді. Екеуміз шопандар ауылын армансыз араладық. Ең соңында шаруашылықтың ең жас шопанының жайлауына ат басын тіредік. Жас шопан қойшының таяғын әкесінен алған. Сол кезде әр жүз қойдан көбірек қозы алып, социалистік жарыстың алдында келеді. Тап сол кезде мұндай жастар қалаға жөңкіліп, қызық қуып кетсе, бұл жігіт шопандықты қалаған. Отардың шетінде, көк майсаға жатып алып, жас шопанды армансыз «тергедік». Күн кешке ойысқанда жазғы орнына келдік.
Үйінің іргесіндегі сәкіге текемет төселіп, көрпе жайылған. Ортада дастарқан. Жуынып-шайынып отыра қалдық. Тымпыңдап зыр жүгірген келіншегі дастарқанын жайнатып, былқып піскен жас қозының қуырдағын алдымызға қойып, шайын сыздықта да құяды. Қос жастыққа жантайған екеуміз қуырдақты қарбытып, шайды сораптап рақатқа батып отырмыз. Айтпақшы, жас шопан бізбен көп отыра алмады. Астан ауыз тиді де: «Ағалар, айып етпеңіздер, мен қойларыма барайын» деп сағат сайын төлдеп жатқан отарына асықты. Кетіп бара жатып, текеметтің астына қос шишаны елеусіздеу сүңгітіп кетті. Жәкең текеметтің томпайып жатқан сол тұсына өзінің кішкентай көздерімен тышқан көрген мысықтай бір қарап алды да, маған бұрылды: «Баяғыда бір молда ауыл аралап, уағыз айтып жүріпті. Қасында молдалыққа баулып жүрген жас жігіт. Күн батып, қараңғылық түскен уақыт болса керек. Кезекті тоқтаған үйі дастарқанға арақ әкеледі де, үй иесі өзі бата алмай, шығып кетеді. Сонда молдекең қасындағы абдыраған шәкіртіне: «Бала, күн батты, Құдай жатты, әкел бері арақты» депті ғой. Сол айтқандай, қойын дәптерің ақпарға толды, іссапарың бітті, енді демалуға болады ғой», – деп қос бөтелкенің біреуін «шалып» кеп жіберді. Жасырып, осы мақаланы осы қазір жазып отырғанда, сүттен ақ, судан таза бола қалып қайтемін, ол кезде ауызданып қалғанбыз, тап бір қарсы бола қойған жоқпын...
Шиша қырлы стақанға еңкейген сайын біздің әңгімеміз де үйлесіп, көркейіп бара жатты... Жәкеңнің тершең мұрны бұрынғыдан да терлей түсті... Бабына келді-ау деген шамада көптен көкейімде жүрген сұрақты қоймай тұра алмадым:
– Жәке, осы сізді біреулер атып, мерт қыла жаздапты ғой...
Ағам әуелі кішкентай көздерімен бет-жүзімді тінтіп, қарап алды. «Оны неге сұрап отыр?» деп ойлап қалған сияқты. Мен шапшаңдатып:
– Әркім әртүрлі айтады, ол журналистік қызметіңізге байланысты болған жағдай ма?.. Әлде басқалай себебі бар ма?.. – деп алыстан орағыттым.
– Ондай жағдай болған. Газеттемін, сын материалды түйдектетіп, талайларды түйреп жібергенмін. Солардың біреуі екен... Соңынан бәрі белгілі болды. Жылап-еңіреп кешірім сұрады. Кешірдім. Сол күні қасымда бажам бар, өзеннің жағасында балық аулап отырдық. Ол өзі біздің үйреншікті орнымыз. Өзеннің арғы беті қалыңдау тал-терек. Бір кезде мылтықтың даусы гүрс ете түсті де, жүрегімнің тұсынан әлденемен қатты періп кеп жібергендей болды. Оқтың екпіні ме, әлде шошып кеттім бе, отырған орнымнан қалай аунап түскенімді білмей қалдым. Арғы беттен, тал-теректің арасынан бұрқ ете қалған түтінмен бірге, жас теректердің арасымен біреу қашқандай болды. Кеудемді сипалап жатырмын. Аманмын. Үстімде күнделікті киіп жүретін пиджак-бешпент. Соның төсқалтасына қолымды салып жіберіп, блокнотым мен журналистік куәлігімді суырып алдым. Оқ бешпентті тесіп, куәліктің бір бетінен көктей өтіп, екінші бетіне қадалып қалыпты. Қорғасын құс пытыра. Дара ауыздан атылса керек, ені 60-70 метрдей өзеннің арғы бетінен зулап, шашырай ұшқан пытыралар маған жеткенше әлсіреген шығар, бірақ журналистік куәлігім болмаса, Құдай біледі, жүрекке қадалайын деп тұр ғой...
Сөйтсек, Сырымбек жазған мақалалары үшін оққа байланған журналист Жәрдем Тұяқовтың ұлы екен. Кейін Жәкеңнің шаңырағында талай болдық, төрінде еркелеп талай жаттық. Роза апамыз қандай еді, бара қалсақ, туған балаларындай айналып-толғанатын. Ал қалай жақсы көрмейсің, Сырекеңді?!
«Үстелінің үстінде қаламсабы жатады...»
Сонау бір жылдары «Орал өңірі» газетінде ара-тұра жар газетін шығарып тұрушы едік. Әсіресе, мереке-мейрамдарда ол газетіміз түрленіп, жарқырап кетуші еді. Ақындарымыз әріптестеріне достық әзілдер жазады. Ол кезде суретші-ретушер деген болатын, ол газетке шығажақ фотосүгіреттің кем-кетігін толтырып, әдемілеп, қырнайды, сырлайды, бояйды. Суретші-ретушеріміз жар газетін көркемдеп, безендіруге құлшына қатысады. Осындайда еске түседі, сонау жылдарда, Сырымбек бізге жұмысқа келместен көп бұрын, «Омега» зауытына бара жатқан көпір салынып, оның ашылуына облыстық партия комитеті-нің екінші хатшысы Сатыбалды Тотанов қатысты. Бойы ортадан да төмен, домаланған кісі еді. Сол Тотанов лентаны қиған кезде суретте дұрыс көрінбей қалған, тұрғандардың арасынан басы қылтиып, болар-болмас көрінеді. Сурет «Орал өңірінің» бірінші бетіне шығуы керек, ал обкомның екінші хатшысын мына күйінде жіберуге болмайды. Суретші-ретушер Сағынғали Тапақов оны қатырып тұрып өңдеп, Тотановтың бойын «ұзартып» жұрттың төбесінен қаратып қойды... Сурет солай жарияланды. «Әй, бұл қалай?..» деген ешкім болған жоқ. Жар газетімізді Сағынғали әзіл суреттермен тіпті құлпыртады. Достық әзіл, құттықтау, өлең дейсіз бе, цензурасыз, бәрі жариялана беретін, нағыз демократиялық «басылым». Сонда Сырымбек туралы бір өлең жарияланып еді. Ол өлең Сырекеңе бағытталса да, тап сол кездегі «Орал өңірі» газетінде жұмыс істеген үлкен-кіші, бәрімізге қатысты десе де болғандай. Жұмыс уақытында орнымызда қадалып отыра бермейміз. Бешпентімізді орындықтың арқасына іліп, болмаса, бас киімімізді үстелдің үстіне қойып, өзіміз тайып отырамыз. Алда-жалда редактордың хатшысы басшымыздың сұратуымен іздесе, бас киімді немесе бешпентті көріп, «Осында жүрген сияқты» деп барады. Ал Сырымбек бұл мәселені өзінше креативті шешкен. Жұмыста болмаса да, үстелінде жартылай жазылып келіп, үзіліп қалған ақ парақ, оның үстінде қаламсабы жатады. Мақаласын жазып отырып, темекі тартуға немесе басқалай шаруасымен дәлізге шығып кеткен... Іздеген адам осылай ойлайды. Ал Сырекең болса, бұл кезде алты қырдан асып, өзінің шаруасын бітіріп жүреді. Оның бұл «қулығын» біздің ақындарымыз: «Домбыра да тартады, Гитарасы бар тағы, Өзін іздеп таппайсың, Енді қалай ақталмақ, Үстелінің үстінде қаламсабы жатады», – деп жар газетіне жариялап жіберіпті. Мұны оқыған Сырекең ақсары жүзі қызарақтап, ұялғаны есімізде.
«Кішкенеден кейін басылады»
Журналистер де ет пен сүйектен жаратылған пенде. Ал пендеге тән нәрсенің бәрі оған да жат емес. Сәтті шыққан мақаласына шаттанып, шалықтап кетеді, сәл нәрсеге мұңайып, жер бауырлап қалады. Ал анау шалықтайтын кездер сол жылдарда біздің де басымыздан жиі өткен. Осындайда еске түседі. Бір күні жастар жағы жұмыс уақытында шеттеу бір бөлмеге жасырын жинала қалдық. Ортамызға бізге келгеніне көп бола қоймаған Сырымбекті де қосып алдық. Алғашқы тост айтылып, оны «іспен» бекітіп үлгердік. Екіншіге ыңғайлана бергеніміз сол еді, Мақсот (Ізімов) әріптесіміздің даусы қатты шықты: «Әй, жігіттер, мынаны қараңдар!» Мақсоттың сұқ саусағы Сырымбекке қарай кезеліп қалыпты. Қарадық. Қарадық та шошып кеттік. Сырекеңнің екі беті алқызылданып алаулап тұр! «Ойбай, саған не болды?» «Алғашқы рөмкеден осылай қызарып кетемін», – дейді сабазың аспай-саспай. Сөйтсек, ана құрғырды ішке тастап жібергенде, Сырекеңнің «шошып» кеткен ағзасы осылай лап ете түсіп, беті өрттей қызарып кететін көрінеді. «Кішкенеден кейін басылады», – деді Сырекең бізді жұбатып. Бірақ басылатын уақыты ұзаққа созылады екен. Сондай бір отырысымыздан кейін Сырекеңнің алаулаған жүзін Қажымов Құбаш ағамыз байқап қалған. «Әй, бала (марқұм мені осылай атайтын) бері кел! Сендер ана Жәрдемнің (екеуі құрдас) баласын неге іштіресіңдер, қызара бөртіп жүр ғой», – деп маған оңашалап, дүрсе қоя берді. Содан қайтіп, біз Сырекеңе құймайтын болдық. Қасымызда отырады. Нағыз кетер кезде оған бір тостақты ернеулете толтырып, бір құйып береміз де, орнымыздан дүр көтерілеміз. Сыртқа шыққасын қызарса, қызара берсін дейміз. Жолда кетіп бара жатқанда анау захар алпыс екі тамырды қуалап, Сырекең бабына келеді. Бұл кезде біз Сырымбектің үйінің тұсынан өтіп бара жатамыз. Көңілі бүрлеп тұрған Сырекең бізді қимайды, қоярда-қоймай үйіне шақырады. Бармай көр. Сол жас күнімізде Сырекеңнің бір тостақты алмай жатып, қызарып кететіндігінің пайдасын талай көріп едік. Сау етіп кіріп барғанымызда, Сырекеңнің жары Нұргүл сонау Жәнібектен төркіні келіп қалғандай қуанатын. Қонақ көрпелерін көпсіте төсеп, күрең шайын одан сайын қоюлата құятын...
Сырекеңнің жыларман болған бір сәті
Сонау бір жылдары Жалпақтал халқы дүр сілкініп көшеге шықты. Аудан көлемінде солақай қабылданған бір шешім халықты ашындырып жіберген (сол оқиғаның дүмпуімен айналғанда ауданның әкімі орнынан босады). Дәл сол кезде Сырымбек іссапармен өзінің Жалпақталында жүрген еді. Бізге Жалпақталға тілші аттандырып, ереуіл-митингіні газетке шұғыл беру жөнінде жоғарыдан пәрмен түсті. Редакторымыз Бауыржан Ғұбайдуллин Жалпақталға аяқ астынан арнайы тілші жібермей-ақ, Сырекеңе телефон арқылы хабарласып, «Осы қазір митинг туралы мақала дайында, халық не дейді, соны жаз, факспен шұғыл жібер, ертеңгі нөмірге саламыз», – деді. Сырымбек бірден кірісіпті. Баспаханаға басуға жіберілейін деп жатқан газеттің шығажақ нөмі-рі қаңтарылып, Сырымбекті күттік. Араға екі-үш сағат түскенде Сырымбектің қолмен жазып жатқан мақаласының алды редакцияның факсіне (ол кезде электрондық пошта бізге келе қоймаған) түсе бастады. Біз оны компьютерге тергізіп үлгеріп отырмыз. Керемет-ақ жазылған. Артық ештеңе жоқ, митингке шыққан халықтың орынды талабы, жергілікті билік орындарының пікірі орны-орнымен көрсетіліпті. Әбден мақала теріліп, корректорлар оқып, енді баспаханаға жіберейін деп жатқанымызда, жоғарғы жақтан «Бізге жіберіңдер, қараймыз» – деген нұсқау келді. Жібердік. Табандатқан төрт сағат күттік. Төзімді әбден тауысқан мақала біруақытта келді-ау, келгені құрысын, бастан-аяқ қайтадан жазылған. Өзгертілген. Тіпті, қатты өзгертілген, кейбір мәселелердің өңі теріс айналып кеткен. Астында Сырымбек Тұяқовтың қолы тұр. «Бұл күйінде жібере алмаймыз» - деп көріп едік, қайд-а-а?! «Ең болмаса, автордың аты-жөнін өзгертейік», «Жоқ, болмайды, солай барады!» Билік дегенін жасатпай қоймады, мақала ақыры солай жарияланып кетті. Сөйтіп, сол кездегі билік Сырымбектің қолымен от көсеп, оны сыртынан құрбандыққа шалып жіберді... Іле-шала келген Сырымбек «мақаласын» көріп, «Жігіттер, бұл қалай болғаны?» – деп аң-таң болды. Сосын «Елдің, ауылдастарымның бетіне қалай қараймын?» – деп жылап жіберуге шақ қалды... Арада екі-үш күн өткенде Жалпақталдан, оқырмандарымыздың атынан «делегация» келді. «Енді «Орал өңіріне» жазылмаймыз, ал Сырымбектеріңіз Жалпақталдың маңайына жоламасын!» – дейді жер тебінген «елшілер». Сұрамаңыз, автормен бірге біз де жерге кірдік. Ақыры болмағасын «делегацияға» Сырымбектің өз қолымен жазып, Жалпақталдан жіберген мақаласын көрсеттік. Одан соң көз алдарына жоғарғы жақтан түзетіліп келген мақаланы тостық. «Елшілер» иланғандай болды. Бірақ орын алған оқиғаға байланысты газетті, авторды өте ыңғайсыз жағдайға қалдырған шенеуніктерге көңілімізде өте бір жиркенішті, жағымсыз әсер қалды. Бостан-босқа жанып кеткен Сырымбектің басынан осындай да бір оқиға өтіп еді.
* * *
Сырымбек әу баста Оралдың педагогикалық институтына конкурстан өте алмай ауылына қайтады. ҚазМУ-дың журфагін тәмамдайтыны кейін ғой. Сол институтқа түсе алмаған жылы фотограф-киноаппаратурашыға оқытатын біржылдық курста жілігін шағып тұрып оқиды. Жалпақталдың аудандық тұрмыстық қамту комбинатында бір жылдай фотограф болып істейді. Сол кезде әкесі Жәкеңнің кеңесімен жақсы түсірілген сүгіреттерін ара-тұра аудандық газетке жіберіп тұрады. Тағы да сол Жәкеңнің айтуымен сүгіретіне қоса, қысқа мақалалар жаза бастайды. «Быткомбинатта фотограф болып істеп жүргенімде суретке түсуге кейде сұлу қыздар келеді. Оларды шырт еткізіп түсіре салмай, «Қарындас, былай қара, олай қара» деп иығынан, иегінен, белінен еппен ұстап, неше түрлі позада түсіруші едім, шіркін!.. Қыздар қысылып, ұялса да құду жүздері алаулап, дегеніме көне беруші еді...» – дейді сабазың бүгінде сол бір жігіт кезін есіне алып. Аудандық газетпен байланысты үзбей, ақыры сол жерге жұмысқа тұрады. Бізге жұмысқа ауысқанда Сырекең аудандық газеттің қазанында алты жыл әбден қайнап келген екен.
* * *
Арада бір-екі жыл аунады. «Орал өңірі» газетінің тізгінін ол тұста Ғарифолла Көшенов ағамыз ұстайды (бүгінде Ғарекең Алмагүл жеңгей екеуі Алматы қаласында тұрады). ҚазМУ-дың журфагін сонау 60-жылдары қызыл дипломмен бітірген Ғарекең бізге өз адамымыздай көрінетін. Қай-қай жағынан да, бізге еркіндік берді. «Кәне, жақсы материалың бар ма, нөмірге салайық» – дегенді жиі айтып, бізді абдыратып тастайды. Тілшілердің сағатқа қарап, кабинетте отыратындарына жаны қас. «Қаламсабыңа сүйеніп, неғып отырсың?.. Босқа отырғанша, үйіңе қайт, ең болмаса, шаруаңды шаруала» – дейтін ондайда. Сол Ғарекең бір күні:
– Жігіттер, қарттар үйіне барайық, онда да оқырмандарымыз бар. Кездесейік, газетімізді насихаттайық, - деді. Сонда осы жолдардың авторы, Сырымбек және Ғарекеңнің өзі баратын болып шықтық. Оған дейін Ғарекең мынандай ұсыныс айтты. Біздің ол кезде баяғыдан келе жатқан кітапханамыз болатын. Шамамен қырық-елу жыл болып қалған, мен бұл жерде, кітаптарға басылған мөр мен ондағы көрсетілген жылдарға қарап айтып отырмын. Сол кітапханамыздан әбден оқылып, өзінің «ғұмырын» толық жасаған кітаптарды шығарамыз және қызметкерлер үйіндегі кітапханасынан бір-екі кітаптан қиюы керек. Арада бірер аптадай уақыт өткенде шағын кітапханаға жүк болардай кітап қорымыз әзір болды. Солардың бас-аяғын жинап, қариялар үйіне аттанып кеттік. Кездесуіміз жақсы өтті. Ол жерде бір бөлмеде музыкалық аспаптар бар екен. Әлгілерді төңіректеп Сырымбек жүріп алды. Оңашалап, Ғарекеңнің құлағына әлдене деп сыбырлады. Редакторымыз әуелі аңтарылып қалды, сосын «Мақұл» дегендей келісті. Сөйтсек, Сырекең домбыра шертіп, гитарада ойнап, баян мен сырнай дегендерді сызылтады екен. Тым жақсы даусымен «Шықпасаң, шықпа алдымнан, Мен саған өкпелемеймін...» – деп жүректі шымырлатып жіберетіні тағы бар. Қарияларға әлгі аспаптарда кезек-кезек ойнаған Сырымбек жарты сағаттай концерт қойып берді. Қариялар мәз, редакторымыз олардың арғы жағында. Қайтар жолда қызметтік «Жигулиіміздің» ішіне сыймай қуанған Ғарекең: «Әй, Жәрдемнің баласы, сенің мынандай да өнерің бар екен ғой. Молодец!» – деп қатты риза болғаны есімде.
Бұған Сырымбек футболшыны, Сырымбек шахматшыны қосыңыз. Теннис, бильярд десе, ішкен асын жерге қойып ойнайды. БАҚ құралдары арасында «Орал өңірі» газеті мен «Жайық Пресс» медиахолдингінің намысын талай қорғады. Журналистер арасында өткен республикалық додаларға да бірнеше мәрте қатысты. Талай рет жүлдегер атанды. Бір адамға бұл аз ба?!.
Сөйткен біздің әріптесіміз Сырымбек Жәрдемұлы Тұяқов зейнет жасына жетті. Қатардағы тілші, аға тілші, жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары бұл –
Сырекеңнің жүріп өткен өмір жолы, иығын тосып, қайыспай көтерген жауапты жұмыстары. Қазақстан Республикасы Ақпарат саласы үздігі атағының иесі, талай шәкірттің томағасын сыпырған журналистің біздің көз алдымызда өткен күндері осындай. Өзіңнен кейін өкшелесің болса да, зейнет жасына келіп, жұмысты біржола қойды дегенге сенгің келмейді, дұрысы, қимайсың! Алпыс үшке келсе де, Сырекең тап бір можа-можа болып қартайып тұрған жоқ. Әлі баяғы қалпы, дәлізден әріптес қарындастарымыздың күлкісі естілсе, құлағын қайшылап, тықыршып сала береді. Өз ортамызда «Сырым-сері» атанып кеткен ол бізге әлі қайтіп оралатын сияқты...
– Жігіттер, нөмірдің материалдары қайда, тез тапсырсаңдаршы, – деп жауапты хатшы болған, бас редактордың орынбасары болған кездерінде бөлмелерді аралап, бізді асықтырып жүретін сәттерін сағынасың...
Есенжол Қыстаубаев,
«Орал өңірі»