19.06.2024, 17:45
Оқылды: 115

Сырымдық механизатор Азамат Бақтығалиев «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада су тасқынымен күреске белсене атсалысқан қазақстандықтарды марапаттады.

Мемлекет басшысының қолынан медаль алған азаматтардың арасында жымпитылық механизатор Азамат Бақтығалиев те бар. Ол ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.

9D650EB7-6A6B-4D8A-B4C5-6069433D706F

Азамат Бақтығалиев «Сырым» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде қызмет етеді. Ол қысы-жазы трактор тізгінінде. Қашан көрсең, жазық маңдайын күнге сүйдіріп, МТЗ-1221-дің кабинінде тербетіліп кетіп бара жатқаны.

Мойынында шаруа көп. Жаздай ауылішілік және ауылдардың кіреберіс жолдарын қырып тегістеп, қыстай қардан тазалайды.

Ал кешегі наурыздағы су тасқынында Азамат нағыз азамат екенін көрсетті. Бөгеттердің басына құм тасып, судың басын тоқтатты. Тіркеме тіркеп алып, Жымпиты, Өлеңті ауылының тұрғындарын қауіпсіз жерге алып шықты. Әсіресе, 27 наурыз күні түнде тәжірибелі механизатор халық үшін

«Белорусьтың» белінен су кешіп, У.Шоқанов көшесіне бірнеше мәрте кіріп шықты.

Азамат кеше тракторынан түсіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Астанадағы Ақордаға тартты.

18944F09-3460-4F53-BF7B-97D4738837F5

Мемлекет басшысы су тасқыны кезінде халқымыз бірлігі бекем, ынтымағы берік ел екенін көрсеткеніне ризашылық білдірді:

– Алапат су тасқындап келіп қалғанда, отандастарымыз табиғат апатымен күресіп жатқан құтқарушыларға көмек қолын созды. Олар су басқан аймақтарда жауапты қызмет мекемелеріне жәрдемдесіп, жанқиярлықпен әрекет етті әрі батылдық танытты. Көбі адамдар мен жануарларды өз көліктерімен қауіпсіз жерге алып шықты. Мыңдаған жанашыр азамат тасқын судан қорғайтын бөген салуға қатысты. Ортақ күш-жігердің арқасында біз жағдайдың ушығып кетуіне жол бермедік, - деді Тоқаев мырза.

Айта кетейік, Президенттің қолынан марапат алған механизатор қазіргі Сырым колледжінің түлегі. Ол Жымпитыдағы №19 кәсіптік техникалық училищені 1987 жылы аяқтаған.

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале