4.10.2022, 11:00
Оқылды: 158

Сырымтану толастамайды

М.Өтемісов атындағы БҚУ ғимаратында Сырым Датұлының 280 жылдығына арналған «Дала реформаторы - Азияға ортақ тұлға» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

7

Өзі шешен, өзі көсем, батыр баба атын ұлықтап, оның ерліктері мен ел үшін жасаған ісін таныта түсу мақсатында ұйымдастырылған конференцияға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, М.Өтемісов атындағы БҚУ басқарма төраға-ректорының міндетін атқарушы, профессор, биология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Серғалиев, Сырым ауданының әкімі Төлеген Төрағалиев, тарих ғылымдарының кандидаты, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Сырым Датұлы туралы «Тар кезең» тарихи романының авторы Қажығали Мұханбетқалиұлының зайыбы Сұлуханым Ильясова, тарих ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Ахмет Аққали, өлкетанушы  Жайсаң Ақбай, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Құндызай Ерімбетова және жас ғалымдар мен білім ордасының студенттері қатысты.

- Сөзімен де, ісімен де қазаққа қызмет еткен Сырым бабамыздың ел тарихында алатын орны ерекше. Оның атын ұлықтап, жас ұрпаққа баба ерлігін үлгі ету, өмірлік өнеге үшін де осындай конференциялардың өтіп тұрғаны дұрыс. Өйткені қазақтың тәуелсіздік жолындағы ерлікке толы тарихын Сырымдай кесек тұлғалар жасады. Биыл облысымызда ерекше аталып өтілетін мерейтой көп. Алдағы уақытта  Жаһанша Досмұхамедовтың 135, Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанова сынды ержүрек апаларымыздың 100 жылдығы аталып өтіледі. Қазақ халқының жарқын болашағы үшін күресуді өмірінің өзегіне айналдырған тұлғалардың есімі ешқашан ұмытылмайды, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.

Өлкетанушы Жайсаң Ақбай Сырым бабаға арналған ескерткішті көтеру ісінің қалай жүзеге асқанын еске алып, оның тұлғасын таныта түсу жолындағы жұмысты жандандыра беру керек екенін айтты. Одан бөлек, Жайсаң ақсақал Оралдың бас көшесіне Сырым Датұлының есімін беру керек деген ұсыныс айтты.

Конференция барысында М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың аға оқытушысы Жаңабек Жақсығалиев «ХVIII ғасырдағы кіші жүздегі ұлт-азаттық қозғалыстар сабақтастығы» тақырыбында баяндама жасады. Өз сөзінде Жаңабек Жаңабайұлы Әбілқайыр хан мен Сырым арасындағы байланыс туралы айтып, Ресей империясының отаршыл саясатына қарсы болған әр қозғалыс басшысының, соның ішінде Сырым Датұлының саяси келбетін аша түсу керек екендігін жеткізді. Одан соң «Қазақ әдебиетіндегі Сырым бейнесі мен образы» атты баяндамасын ұсынған Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Аққали Ахмет Сырым батыр бастаған көтеріліс халық рухын оятып кеткенін атап көрсетті. Сонымен қатар шешен, батыр, көсем деп келген Сырым Датұлының саясаткерлігі де бір төбе екенін атыраулық профессор өз баяндамасында ерекше келтіре білді. Конференцияда тарих ғылымдарының кандидаты, БҚИТУ профессоры Самат Құрманәлин «Сырым Датұлы және ол бастаған көтерілістің қазақ ұлт-азаттық қозғалысы тарихындағы орны», М.Өтемісов атындағы БҚУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Назгүл Сабырғалиева «Сырым Датұлы бастаған азаттық көтерілістің кейбір мәселелері» атты баяндамаларын көптің назарына ұсынды. Бұл ғалымдар Сырым бейнесін одан әрі ашып, осы кезге дейін мәлім деректерді тың мәліметтермен байыта түсу керектігін және Сырым батыр бастаған көтеріліс тек сол кездегі билікке қарсы болған қозғалыс қана емес, барша қазақ даласының аумақтық тұтастығын сақтап қалуды көздегенін жеткізді. Жиынға арнайы қатысқан Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева Сырым ауданында баба атын ұлықтау бағытында қандай жұмыс атқарылып жатқаны жайында кеңінен әңгімелеп берді. Сондай-ақ ол батыр бабаның 300 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО көлемінде атап өту жайында ұсынысын айтты.

Ел үшін толарсақтан саз кешкен батыр бабамызды ұлықтауға арналған  конференцияда «Тар кезең» тарихи романының авторы Қажығали Мұханбетқалиұлының зайыбы Сұлуханым Ильясова да сөз сөйлеп, романның жазылу тарихы жайында әңгімеледі. Әрі қазіргі таңда аталмыш шығарма ағылшын тіліне аударылып жатқанын мәлімдеді.

- Күллі қазаққа ортақ тұлға Сырым бабамыздың тойын өз деңгейінде өткізіп, ол туралы тың деректер ұсынған конференция қонағы болуға шақырған ұйымдастырушыларға Сырым ауданының атынан алғыс айтамын. Батырдың кіндік қаны тамған ел де оны ешқашан ұмытпайды. Осы кезге дейін талай шара ұйымдастырып, оның атын ұлықтауға барынша атсалыстық. Бұл бағыттағы тарихи-танымдық ізденістер одан әрі де жүйелі түрде жалғаса бермек, - деді аталмыш жиында сөз алған Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале