29.02.2024, 9:45
Оқылды: 84

Табалдырықта көктем тұр, ал «қоянның қысы» асығар емес

Шынында, бұл қыс қалаға да, далаға да оңайға соқпады. Әлі ұзап кеткені шамалы. Ел аузындағы «Қоян жылғы жұт» деген ұғымның астарында үлкен сыр жатса керек. Жұттың беті әрмен, бірақ қаңтар қабырғадан қысса, ақпан аяқтан шалғаны рас.

Иә, күнделікті тіршілік таңын «Мал-жан аман ба?» – деп бастайтын ауыл тұрғындарының өзіне де, төрт түлігіне де соңғы тәуліктерде жүріп-тұру мұңға айналды. Анада қалалықтардың өзі іргедегі автобус аялдамасына жете алмай, көк мұз үстінде «билегенін» көрсеңіз ғой?! Осындайда елжанды жұрттың мазасыздануы түсінікті. Әрі құлағы құрғыр қиядағыны шалып, шығын қарасы да артыпты дегенді естиді. Анығы қайсы, өтірігі нешік? «Әкесі өлгенді де есіттіредінің» керімен ат басын облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына тіредік. Аталмыш сала тізгінін ұстағанына екі айдың ғана жүзі ауған Аян Халауединнің де кеңсе күзетіп отырмағаны бірден аңғарылды. Кешегі күні алыстағы Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарында болып қайтыпты. «Ол жақтан не көріп, не байқадыңыз?» дегенімізше, әңгіме ауаны төмендегіше өрби жөнелді.

Аян

– Қоян болсын, басқа болсын, қыс қаһарымен жасқайды ғой. Сындарлы шақтың өз сынағы да жетерлік. Десек те, талайды көрген шаруа адамы қолдан келген қам-қарекетті жасап жатыр. «Әттең тонның келтесі-ай!» дегендей, былтырғы жаздағы қуаңшылық, күздегі толассыз жауын-шашын һәм өкпек желі өкпе тескен қара суық малдың қоң алуына мүмкіндік бермепті. Құмды аймақтағы бірқатар жайылыстар мен төсегі қалың шабындықты киік отап кеткен. Құй сен, құй сенбе, Нарынның өзінде атшаптырым алқаптан алты айыр шөп жинай алмай аңтарылыпты жұрт. Ол аз болғандай, «Кәрі құда» есіктен кірер-кірместен қар мен жаңбыр алма-кезек төпелеп, сайын даланың ақ ұлпасын «өткір пышаққа» һәм көк мұзға айналдырған. Түз төресі саналатын қамбар ата тұяғының өзі оны оя алмай, қаңтарылып қалыпты. Мұның бәрі – жолсапар барысында біз тілдескен жандардың шерткен сыр-мұңдары.

Солай, айтарын айтқанмен, «Малым – жанымның садағасы» деп күн кешетін атакәсіп иелері енді қыс көрпесін сыпырар сәтті асыға күтуде. Кешірерсіз, алғашқы кезекте цифрларға жүгінуіміз керек пе еді? Салған жерден көрген-баққанымды тізбелей жөнеліппін-ау! Бұл орынтаққа келгелі журналистермен алғашқы тілдесуім ғой, артық-кемін айыпқа бұйырмассыз!

Несін жасырайық, азамат сөзіне ұйыдық! Жайдары жүзі, келісті келбеті һәм қалам ұстаған қауымға деген құрметі көңілге қонды. «Кресло» қызуына шалықтап, саусағының ұшын ұстатып, шіреніп отырса қайтер едік?! Сол-ақ екен, біз сұраған мәліметтерді де алға тартты.

жп дала (1)

Басқарма басшысының дерегінше, өткен жазда жоспарлы 2 млн 126,1 мың тонна мал азығының орнына орақ ізі түскен 4574,8 мың гектар шабындықтан 1864,1 мың (87,7%) тоннадай өнім жиналыпты. Өңірдегі орташа түсім – 4,1 ц/га-ны құраған. Бұған алдыңғы қыстан үнемделген 570,2 мың тонна шөпті қосқанда жалпы көрсеткіш 2438,8 мың тоннаға (114,7%) жетіпті. Мұның сыртында мал тамағы үшін 3,4 мың тонна пішендеме, 9,8 мың тонна сүрлем, 15,7 мың тонна сабан дайындалған. Ал жемдік азыққа келсек, егінжайлардан қажетті 242,1 мың тоннаның 165,2 мың тоннасы ғана (68,3%) қамбаға құйылып, қалғаны еліміздің солтүстік өңірлері мен Ресей Федерациясының іргелес аудандарынан тасымалданған екен.

Міне, көктемнің төбесі көрінді, мал қыстағы әр жерде әркелкі мәреге жақындап келеді. Шығын да, төл тастау да бар. Басшысы-қосшысы мұны көріп-біліп отыр. Көңіл қуантарлық бір жағдай, жем-шөбі түгесіліп, айырға сүйеніп тұрған ешкім жоқ. Ақпанның жиырма алтысындағы ақпар бойынша аудандарда 1088,6 мың тонна шөп пен 66,1 мың тонна жем қалды. Қоры азая бастаған қыстақтарға қол ұшын беру (сұранысқа сай) жағы да қарастырылған, арнайы құрылған штабтар мұны жіті бақылауда ұстауда. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, тек титығына жеткен көтерем мал ғана «көмекке» көнбей жатыр. Мұның себеп-салдарын әлгінде қаузадық. Жалпы «қоянның қысына» кірген 861,4 ірі қара, 289,1 жылқы, 1382,4 мың қой-ешкі және 2,5 мың бас түйе 2292 орында бағылып-күтілуде. Соның 1807-сі электр желісіне қосылған болса, 2026-сында байланыс бар, малды ауылдардағы техника саны – 2280. Науқанға қосымша күш ретінде тартылғандарды есептегенде, қазір 4250 адам мазасыз шақтың бел ортасында жүрген көрінеді.

– Тек қоянымыз қоштасар шақта бір «бүлік» шығармаса болғаны, бұл мақұлықтың тепкісі де осал емес дейді ғой көнекөздер. Айтпақшы, бірқатар бөкейліктерге Жәнібек, Казталов және Тасқала аудандары мал азығымен көмектесуде. Саттықтағы орама (рулон) шөптің құны 7000 және 12000 теңге аралығында. Жем жағынан аудан-ауылда үзіліс жоқ, қапшығыңды қаптап ала бер. Тоқетері, әлімсақтан шүкіршіліктен айнымаған ағайын қазір бас амандығына жетер еш нәрсе жоқ деген ниет үстінде. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», биыл қарғын судан да қауіп бар, сондықтан сақтықты да, сақтандыруды да ескере жүрген артық етпейді, - деп сөзін түйіндеді Аян Халауединұлы.

Міне, қоңыраулатып келген 2024-тің «қоян қысына» қатысты естіп-білгеніміз осылар. Табалдырықта көктем тұр, бірақ әлі қар көбесі сөгіліп, дала төсі жіпси қойған жоқ. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» дегенді атам қазақ тегін айтты деймісіз?!

Тақырыпқа тұздық

Сандуғаш Айтқалиева, Теректі ауданы кәсіпкерлік  және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Соңы көк мұзға айналған қаңтардағы жауынды күндер, ақпанның ақырған аязы мен ақтүтек бораны шаруаның мазасын қашырды. Десек те, 105 орындағы 59872 ірі қараның, 16877 жылқының, 59762 қой мен 9950 ешкі түлігінің бағым-күтімі ойдағыдай. Өткен жазда шөп шығымдылығы нашар болғанымен, межеленген 145,24 мың тонна жоспар 196 мың тоннаға орындалды. Орташа түсім – 5,1 ц/г. Қыс ортасында жем-шөптің жеткіліксіздігіне байланысты тасымал болған жоқ. Тек мұздақтың кесірінен жылқы қолға қарап қалды. Биылғы төлбасылары да көрініп жатыр, кешікпей қарасы көбейеді ғой...

Қазіргі алаңдаушылық – қыстың шығысында болып отыр. Қоян қайырып, яғни алдап соғуы да ғажап емес дейді үлкендер. Не болса да, мая бастарында 77,15 мың тоннадай шөп пен қоймаларда 8,6 мың тонна шамасында жем қорымыз бар. Қажетті техникалар да әзір тұр. Шөп сатып алушыларға қожалықтар 250-300 келілік ораманы 6-10 мың теңге аралығында жеткізіп беруде. Бүгінгі күні Шағатай мен Шалқар ауылдарында бума шөп 6 мың, Ақсоғым, Приречный, Аңқатыда 7 мың теңгеден айналса, өзге он округте 8 мың теңгені құрайды. Қалған уақытта ешкім мал тамағынан таршылық көре қоймас деген сенімдеміз.

 

Сүйінбек Хайроллин, Бөкей ордасы ауданы ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің  басшысы:

– Ауданда 20 елді мекен мен 518 қыстақта (558 ш/қ) өткен жыл соңындағы санақ қорытындысы бойынша 104301 ірі қара, 105901 қой мен ешкі, 37943 жылқы және 1237 түйе түлігі қыстатылуда. Осы аталған 133,2 мың шартты мал басына қажетті 201,8 мың тонна шөптің 136,7 мың тоннасы (67,7%) әупіріммен әзер жиналды. Қысқасы, алдыңғы қыстан қалған пішенімізді қосып, межелі көрсеткішті 197,7 мың тоннаға (98,0%) жеткізіп тоқтадық.

Жасыратыны жоқ, жылдағыға қарағанда биыл жағдай күрделірек. Есімі бөкейліктерге етене таныс шаруақор азамат Нағим Тәжімұратовтың облыстық «Орал өңірі» газетінде (№16, 22 ақпан, 2024 ж.) жарияланған мақаласында біраз нәрсе көрініс тауыпты. Артық-кемі жоқ, бәрі рас! Төрге озған қояны бар, қаптаған киігі бар, бөлтек астындағы бөрісі бар, мұның сыртында табиғаттың қысалды көрсеткен тосын мінезі бар... Осылардың қосындысының зардабы қалай олқы соқсын! Әрі саршұнақ аязға қоңды мал шыдас берер, күйсіздің күні белгілі ғой. Тіпті қоңыр күздің өзінде қыл құйрықтарымыз ығып кетті...

Енді шығынға қатысты айтарым, күздегі сол үздіксіз жауын-шашын жол қатынасын қиындатып жіберіп, жерлестеріміз арық-тұрағы мен ерте қолға қараған кәрі-құртаңын уақтылы Оралдағы «Кублей» ЖШС-ға жеткізе алмай қалды. Кейіннен бұл кәсіпорын мал қабылдауды тоқтатты. Өлім-жітімнің көбін солар құрап отыр, көлденең шығындар да кездеседі. Қыстың атасы қыс қой, бірақ тұяқ шетінемеген қыстақтар табылады. Шаруаға епсекті жандар үйірлі жылқының өзін қарауылдап, жатағына жем-шөбін тасып жүр.

 Ауған Әлмырзин, Бәйтерек ауданындағы Көшім ауылдық округінің әкімі:

– Аудандағы 101 қыстақтың 16-сы осы біздің округте. Мұның бәрі байланыспен қамтылса, электр желісі тартылмаған тоғызына күн батареясы мен электр генераторы орнатылған. Осы қысқа қажетті деген 8930 мың тонна шөптің орнына 11,5 мың тонна мал азығы дайындалды. Өзге малдан гөрі еркіндікті қалайтын жылқыға биыл қиындау соғып тұр, оның қолға қарап қалуы шаруаларға да қосымша қиындық тудыруда. Қайтсін, кейбіреулері ірі шаруашылықтардан пішен алып жатыр.

Жалпы қожалықтарымыз бойынша жағдай қалыпты. Ірі қараны бордақылауға қойғандары бар. Бұл қатарға Үлкен Шаған іргесіндегі «Доценко» шаруа қожалығы жатады. Мұнда 80 бастай сүтті бағыттағы ірі қара, 40 жылқы, 100-ге тарта қой және 50 шошқа бағылып отыр. Жұмысқа тартылған бес адамның орташа айлығы 150 мың теңге шамасында. Егер  жұмысшылардың бірі баспана қажет десе, осы жерден үй сатып алып береді. Артынан алған адам оны еңбекақысы есебінен өтейді.

Гүлжанат Ханқожина, Сырым ауданы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Аудандағы қыстақтар саны – 122, ондағы шартты мал басы – 87 320. Бәрі де электр желісіне қосылған, қатынас та тұрақты. Енді дайындалған мал азығына келсек, жоспарлы 164,6 мың тонна шөп пен 3,50 мың тонна жем тиісінше 245,67-3,50 мың тонна болып орындалды. Қазіргі қалдығымыз, шөптен – 117,80 мың тонна, жемнен – 2,194 мың тонна.

Шүкір, қыстан қысылыс жоқ, жем-шөп жеткілікті. Біз тілдескен саройлық «Серік» (Серік Мүтиев) және қособалық «Мүтір» (Жеңіс Шапешов) шаруа қожалықтарындағы азаматтар ешқандай мәселе туындап отырмағандығын жеткізсе, алғабастық «Ернауан» (Самат Жұрмағамбетов) шаруа қожалығындағылар 40 пайыздай пішен үнемделеді деген үмітте.

Біздің жақта қар қалыңдау, қыс ұзақтау болатыны таңсық емес. Шаруалардың айтуынша, кейде бір сиыр өзінің құнына тең келетін шөп жеп шығуы мүмкін. Осыны ескерген аудан басшылығы азық қорын аптасына екі қайтара нақтылап, тұрақты бақылауда ұстап отыр. Егер қыс соңы сәуір айының орта тұсына дейін ұзаса, тасымал жұмысы ұйымдастырылуы ғажап емес. Бұл енді малдың өріске шығуы-на байланысты.

Бауыржан Бисенов,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале