18 мамыр – Халықаралық музейлер күні
Таяуда Батыс Қазақстан облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығына бардық. Аталған музей-қорықтағы маркетинг технологиялары және цифрландыру бөлімінің басшысы Гүлзада Әбілқайырова тарихи дерек туралы айтты. Музей-қорық құрамында 8 мұражай, визит-орталық және Хан ордасы ауылынан 4 шақырым жерде үш кесенеден тұратын пантеон бар.
- Бөкей негізін қалап, Жәңгір жаңартқан тарихи орынның екі ғасырлық шежіресі музей экспозицияларында көрініс тапқан. Мұнда жалпы саны 17 мыңнан астам құнды жәдігер сақтаулы. Хан сарайының солтүстік-батысында орналасқан ХІХ ғасырда қызыл кірпіштен салынған ғимарат – «Қазынашылық» мекемесі. Бұл мекеме бір ғасырға жуық уақыт жергілікті тұрғындарға банк қызметін атқарды. Ал бүгінде ол ғимарат – Бөкей ордасы тарихы музейі. Экспозицияға сол кезде қолданылған тұрмыстық бұйымдар, қару-жарақ, көне тиындар, қағаз ақшалар, белгілі тұлғалар тұтынған заттар қойылған. Оған қоса мұнда темірден жасалған сейф сақталған. Оның салмағы – 1 тонна 800 келі. Биіктігі – 161, ені – 88 см, ал қабырғасының қалыңдығы – 10 см. Жәңгір хан шешек ауруына қарсы алғашқы егу жұмыстарын жүргізді, тұңғыш жәрмеңке ұйымдастырды. Мешіт салып, дәріхана, мектеп ашты. Ол 1824 жылы 27 қыркүйекте өзіне үй салу жөнінде Орынбор әскери губернаторы П. Эссенге өтініш жолдайды. Іргетасы 1827 жылы қаланған хан сарайы – Ішкі орда қазақтарын отырықшылыққа негіздеген алғашқы үй. Бүгінге дейін сақталған қазақ даласындағы жалғыз хан сарайы. Бұл ғимарат бір текті екі флигельден және 23 бөлмелі, 12 терезелі басты корпустан тұрады, – деді Гүлзада Нұрболатқызы.
Музей-қорықтағы қор бөлімінің қор сақтаушысы Гүлжанат Гильманова залдарды аралатып, құнды жәдігерлер жайында ақпарат бөлісті. Ол қару-жарақ, әшекей бұйымдар, Жәңгір ханның отбасы туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, 1834 жылы Хан сарайына келген Дерпт университетінің профессоры Карл Гебель: «Біз шырағдан жағылған жарық үлкен залға келіп кірдік. Содан соң парсы кілемдері төселген және қабырғаларына ханның қару-жарағы ілінген келесі бір бөлмеге өттік. Одан кейінгі еуропалық үлгімен жабдықталған үшінші бөлме бізге арналған екен. Сондағы жиһаз, үлкен айналар мен люстралар көз тартады, үлкен кереуетке де кілем жабылған...» деп жазған көрінеді. Басқа да шетел ғалымдарының естеліктерінде ханның жұмыс бөлмесі және Орта Азияның атақты ғалымдарының көне, аса құнды қолжазбалары жинақталған жеке кітапханасы болғандығы айтылады екен.
– Жәңгір ханның жеке жұмыс бөлмесінде үстел, сағат, сия сауыт, құс қанатты қалам, тұғырлы майшам және сол замандағы кітаптар, ханның қолы қойылған құжат көшірмелері бар. Жәңгір ханның үшінші әйелі Фатима ханымның жатын бөлмесі ХІХ ғасырдағы еуропалық жиһаздармен жабдықталған. Кереует, бағалы маталармен қапталған жастық, төсек және әйелдерге қажетті бұйымдар қойылған. Айта кетейін, 1830 жылы салынған хан Жәңгірдің жеке дәрігері А. Сергачев тұрған үйде 2019 жылы ақын, аудармашы, фотограф Шәңгерей Бөкеевтің әдеби-мемориалдық музейі ашылды.
1901 жылы Петерборға барған сапарында оған ІІ Николай патша фотоаппарат сыйлайды. Бұл өнерді тез меңгеріп, елге келген соң тума-туыстарын суретке түсіріп, оны арнайы жабдықталған бөлмеде шығарып отырған. Шәңгерей түсірген суреттердің бізге жеткені санаулы. Ш. Бөкеевтің шығармалар жинағы ең алғаш 1906 жылы Орынборда басылып шықты. Ал баспахана музейінің бірінші залында Бөкей ордасындағы баспа ісінің ұйымдастырылуы мен қалыптасуы, жарыққа шыққан газеттер мен өзге де басылымдар, баспагерлер туралы деректер бар. Ордада 1911 жылы шығарылған «Қазақстан» газеті қазақ жеріндегі халықтық-демократиялық бағыттағы тұңғыш басылым болатын. Газет қазақтың озық ойлы зиялылары Ш. Бөкеев, Ғ. Қараш, Б. Қаратаев, С. Мендешев, Е. Бұйриндердің ұйымдастыруымен басылды. «Қазақстан» газетінің небары 18 саны жарыққа шықты, – деді Гүлжанат Маратқызы. Қор сақтаушы Жәңгір ханның бильярд ойнағанын, сарайда осы спорт түріне арналған арнайы бөлме болғанын да айтып өтті.
Марлен Ғилымхан,
«Орал өңірі»,
Бөкей ордасы ауданы