Сәкен жырлаған Көкшенің қарағай орманының арасында отырып, менің көзіме Қазақстанның сонау шетіндегі Ресейдің Астрахань облысымен шектескен баяғы Бөкей орданың Жәңгір хан отырғызған, қолдан еккен, 30 шақырымға созылған қарағайлы орманы елестейді. Ол да талайдың жырына арқау болған жасыл желек мекен еді. Құмды тоқтатқан Жәңгірдің билігі халыққа саялы орман сыйлаған еді. Ол жерде құмнан сүзіліп шыққан мөлдір бұлақтар, қолдан бөгеп жасалған, аққу жүзген көлдер болып еді. Бір жылда 10-15 сантиметр ғана өсетін сол қарағайды ата-бабаларымыз ұқыпты күтіммен өсіріп, саялы ескерткіш сияқты ұрпаққа қалдырған осы мекеннің қазіргі қарағай орманын көруге менің жүрегім дауаламайды. Бәрі қирап жатыр, жаралы сарбаздай құлап жатыр. Бұталары үзілген, шыршалары төгілген осы бір қарағай орманы менің көз алдымнан кетпейді.
Өткен ғасырдың елуінші жылдары, менің бала кезімде Сталиннің бұйрығымен бүкіл Кеңес елінің аумағына ағаш егу науқаны басталды. Мен оны Ақ Жайық өңірінен де көрдім. Қара жолдың бойына, яғни екі жағына неше түрлі ағаштың көшеттері отырғызылды. Оның арасында жемістер де болды. Ақжайық бойы әлі күнге дейін сол қолдан отырғызылған орманның арасынан қарақат теріп жүрміз. Енді олар да тозып, азайып келе жатыр. Осы орман отырғызу науқаны басталғанда, ол үлкен қоғамдық іс болды. Сол кезде Ресейдің Маяковскийімен қатар қоятын біздің Тайыр Жароков деген классик ақынымыз «Жапанды орман жаңғыртты» деген дастан жазды. Бүкіл Қазақ елі сол дастанды оқыды. Ол кезде адамдар да тәртіпке бағынғыш еді. Орманға егілген ағаштарды мал жеп қойса, бәле болады, оған үлкен жаза қолданылады, сондықтан оны қорғау қатаң қолға алынды. Сол кездегі мектеп оқушыларына дейін әрбір түп ағашты жаз бойы күзетіп шықты. Міне, сөйтіп, барлық жолдың бойында, бүкіл Қазақстанда ормандар пайда болды. Енді кешегі қайта құру кезінде, газ бен отын, көмір жоқ кезде сол ағаштардың барлығы пешке жағуға кетті, күл болып аспанға ұшты.
Жайықтың суы азайғалы оның жағасына баруды да қойдым. Өйткені ғасырлық теректер сұлап жатқан жаралы жауынгердей тамыры аспанға шығып, шөлден құлап жатыр. Орман өліп бара жатыр. Жайықтың құс тұмсығы өтпейтін қалың орманы бұл күні сиреген, әр-әр жерде бір топ шоқ терекке айналған. Оралдан Атырауға жеткенше 500 шақырым Жайық бойынан мен баяғы бала кездегі қолдан егілген орманның тек тұқылдарын, әр жерде қалған бірді-екілі санаулы ғана ағаштарын көремін.
Ендеше, біздің бүгінгі экологияға жауаптылардың ойлайтыны не нәрсе? Әлемде табиғаттың жылып бара жатқаны, тіпті сонау солтүстіктегі мұздардың ерігені, жағылған отындар, ұшақтар, көліктер кімді ойландырып жатыр? Олардан сақтайтын жалғыз жол – жасыл желек қана. Олай болса, сол тозған орманның орнына неге тал екпейміз? Қазақ десе, өзіңе тиеді. Керемет, зәулім үйлер салады. Бірақ сол үйлердің жанына бір тал екпейді. «Біз не деген табиғатқа теріс қараған адамдармыз?» деген ой келеді. Соңғы үш жылдан бері өзендер бойы да ысып кетті. Қарап тұрсаң, табиғат бізбен санаспайтын сияқты, бізге ренжіген секілді, бізге ашулы тәрізді. Күнде таңнан ыстық, аңызақ жел, топырақ борайды және төбеден төнген күн барлығын күйдіріп жатыр. Еккен егініңді күйдіріп жатыр. Ойда жоқ жерде бұршақ жауады. Осының барлығы адамдардың табиғатты ренжіткені-ау деп ойлаймын.
Бүгінде ақпарат құралдары: «Ана орманды жекешелендіріп алыпты. Көлдің жағасын опырып қазып, жағасындағы талдарды кесіп жатыр» деп әр жерден жазады. Шығыс пен батыстан, оңтүстік, солтүстіктен де осындай ақпараттар көп. Жекешелеп алған соң ол жерге жекенің үйін салуға бәрі керек. Құрылыс материалдары көп керек болғандықтан, біздің табиғаттағы кешегі бабалар өсірген ағаштардың барлығы кесіліп жатыр немесе отқа жағылып жатыр. Барлығы біркүндік қуанышқа ойыншық болып отыр. Сексеуіл кәуап сататындардың қорасын толтыруда. Бұл да саудаға түсті. Бұталары қырқылған сексеуілдер де бүгінде ақшаға айналған. Міне, осының барлығына жауапкершілікпен қарайтын кезең келген сияқты. Мен сөз басында айтқан Көкшедегі Үкілі Ыбырай мен Ақан сері ескерткіші тұрған аралықтағы көне қарағайлар да тозған, төменгі бұталары сынған, тек басында ғана өріктей болып жаңа бұтақтар тұр. Осы Көкше бауырындағы сексеуілдің де бүгінгі келбеті Сәкен жазып, көзімізге елестеткендей әдемі қалпын жоғалтқан. Әрине, оларға да қазір күтім керек. Ата-бабамыз айтқан: «Үй тұрғыз, мал өсір, ағаш ек» деген өсиет бар емес пе еді?! «Ендеше, әрбір қазақ ағаш ексе қайтер еді? Әр қазақ баласы осы бір даланы көгалдандыруға экология комитетімен бірге жұмыс істесе қайтер еді?» деген ойды айтқым келеді. Бәлкім, оқырсыңдар, ойланарсыңдар. Бұл да бір адамзаттың борышы. Туған жерді қорғау, туған жерді гүлдендіру, туған жерге бір тал егу, туған жерге із қалдыру деген нәрсені ойлау керек. Мені осыны ойлайтын ұрпақ азайып бара жатқаны қынжылтады.
Табиғат Қазақстанға дарқандық танытқан. Тау керек пе, көл керек пе, өзен керек пе, құм керек пе – бәрі бар бізде. Шығыстан батысқа дейінгі тау бөктерінде қарағай орман да бар. Түрлі табиғат сұлулығы Қазақ-станда жетеді. Енді қазіргі есті азаматтар соны турист әкелу үшін емес, келер ұрпақ бақытты өмір сүру үшін сақтауды ойластыру керек. «Турист шақырамыз» деп табиғаттың өзі берген сұлулықты бұзбау қажет. «Туристтен ақша табамыз» деп табиғат адамзаттың бағына, ұрпағына сыйлаған байлықты қорламау керек. Осы туризмді дамыта отырып, еліміздің өзінің байлығын өз ұрпағына қалдыруды да үкімет болып, азаматтар болып, жалпы ұрпақ болып, саналы түрде ойланып атқарса, дұрыс болар еді деп ойлаймын. Жаңа жылдық біркүндік қызық үшін шыршаның бүтін бұталарын әкеліп, саудаға салуды тыю керек. Шырша мен қарағайды құрылыс үшін есепсіз кесуді тоқтатуды ойластыру қажет. Кескен күннің өзінде оның орнына жас көшет отырғызуды міндеттеу керек. Бұл ұрпақтың денсаулығы, елдің амандығы, Ұлы даланың болашағы үшін керек.
Міне, бүгінгі ауа райының ысып тұрғаны, үлкен қалаларда желдеткіштің үйді салқындатуға әлі келмей жатқаны, электр жүйесінің әлсіздігі, тіпті мына бүгінгі дамыған заманда табиғатқа төтеп бере алмай, ыстықтан жүрегіміз тоқтап, ауырып, соңында өліп жатқанымыз – осының барлығы табиғатты ренжітіп алғанымыз. Табиғат – біздің Анамыз. Ал Табиғат-ананы ренжітуге болмайды, адамдар!
Ақұштап Бақтыгереева,
ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Отан орденінің иегері