5.06.2025, 16:15
Оқылды: 144

«Табиғатты аялау – болашақ ұрпақ алдындағы борыш»

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні

 

Дүниежүзілік  қоршаған  ортаны  қорғау күніне  орай  Батыс  Қазақстан  облысы  бойынша экология департаментінің басшысы  Мұрат  Ермекқалиевке  жолығып,  өңірдегі  экологиялық  мәселелер,  қоршаған  ортаны  қорғау  туралы  әңгімелестік.

альберт

– Мұрат Шыманғалиұлы, өңірдің экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша жол картасында 17 шара бекітілген. Осылардың жетеуі аяқталып, қалғаны орындалуда. 2022-2023 жылдары бітуі тиіс үш іс-шара аяқталмады. Оның ішінде Орал мен Ақсай қалаларында жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу, ескі полигондарды рекультивациялау, Ақсай қаласындағы тазарту құрылыстарын толық қайта жаңғырту және «Батыс су арнасы» ЖШС-ға жабық су құбыры нысандарын салу бар. Бұл шаралар Президент әкімшілігі мен Үкімет аппаратының бақылауында...

– Облыстың экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша Жол картасындағы үш іс-шара уақытында аяқталмады. Бұған бюджеттен қажетті қаражаттың бөлінбеуі немесе жеткіліксіздігі кедергі болды. Енді жергілікті атқарушы құрылымдар осы жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар іздеуде. Облыс әкімдігі бір инвестормен Орал қаласында қоқыс жағу кешенін салуға меморандум түзді. Ондағы мақсат – қалдықтарды кәдеге жарату түйткілінің түйінін шешу және өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту. Қалдықтарды жағу жергілікті қажеттіліктер үшін электр қуатын өндіруге және оны желіге сатуға мүмкіндік береді. Бұл ниетті жүзеге асыру мерзімі 2024-2026 жылдарға жоспарланған.  Жоба экономикалық пайда әкеледі, жаңа жұмыс орындарын ашады және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырады. Осы іске асырылмаған үш іс-шара әлі де өзінің түпкілікті шешімін таппай, қадағалаудан тыс қалмайды және мүдделі мемлекеттік құрылымдар дайындайтын 2026-2028 жылдарға арналған жаңа жол картасына  енеді.

– Экологияның сақталуына мониторинг жүргізіле  ме?

– Өңірдің топырағы, су ресурстары, ауа қабаты тұрақты бақылауда. Облыстың экологиялық ахуалына әсер ететін басты фактор – мұнай-газ саласының дамуы. Қарашығанақ кен орны және өзге де жер қойнауын пайдаланушылардың қызметі өңір экономикасының дамуына үлес қосуда. Дегенмен экологиялық әсері де жоқ емес. Мәселен, атмосфералық ауаның сапасына қатысты күкіртті сутегі, азот оксидтері, көміртек тотығы секілді заттардың шекті рұқсат етілген мөлшерден асатын жағдайлары өкінішке орай, орын алып тұрады. Бөрлі ауданының Березовка, Димитрово, Жаңаталап ауылдарында тұрғындар кейде өткір иіс сезетінін айтып шағымданады. Бұл көбінесе өндірістік шығарындылардың ауаға таралуымен және жел бағытының өзгеруімен байланысты. Сондықтан ауаның сапасын бақылау мақсатында департамент пен «ҚПО б. в.» компаниясы арасында экологиялық мониторинг стансаларынан деректерді нақты уақыт режімінде онлайн беру туралы келісім жасалды. Бұл келісім кен орны мен оған жақын орналасқан елді мекендердегі ауаның ахуалын уақтылы біліп отыруға жол ашады. «ҚПО б. в.»  компаниясының санитарлық қорғау аймағы шегінде 18 аутоматтандырылған станса бар. Олардың деректері  нақты уақыт режімінде онлайн беріледі. «Жайықмұнай» ЖШС-дағы аутоматтандырылған бақылау жүйесі «ГТЭС-26 МВт» газтурбиналық электр стансасына орнатылып, деректер «Қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі жөніндегі ұлттық деректер қорына» тұрақты түрде жолданады.  Бұл шаралар өңірдегі экологиялық жағдайды жүйелі бақылауға, алдын алу шараларын уақытында қабылдауға және тұрғындар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Былтыр  ауа мен су, топырақ бойынша жоғары және аса жоғары ластану жағдайлары тіркелген жоқ. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауаға ластаушы заттар шығарындыларының көлемі шамамен 40 000 тоннаны құрады, республика бойынша шығарындылардың жалпы көлемінің 2%-ынан аспайды. Бұл – біздің елдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Облыстың ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының лас төгінділерінің 90%-дан астамы жер астына жіберіледі. Мұндай тәсіл су нысандары мен биосфераға әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Дабылқағарлық экологиялық ахуал тіркелген жоқ. Бірақ қолданыстағы инфрақұрылымның тозуы мен техникалық жағдайы экологиялық тәуекелді арттыруы  мүмкін.

 – Мұрат Шыманғалиұлы, қалада ауаның ластануына зардабын тигізіп отырған себептердің бірі – жергілікті тазарту қондырғыларын орнату арқылы өнеркәсіп және тұрмыстық лас сулардың екінші қайтара тазартудан өткізілмеуі көрінеді. Бұған қатысты  не  айтар  едіңіз?

– Облыстағы атмосфералық ауаның жай-күйіне бірінші кезекте аутомобиль кө-лігінің пайдаланылған газдары және кәріз-тазарту құрылыстарының қанағаттаналықсыз жай-күйі ықпал етеді. Бұл өңірдің экологиялық қауіпсіздігі мен халықтың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайына тікелей әсер етуі мүмкін. Орал, Ақсай қалаларының кәріздік тазарту қондырғылары – өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды нысандардың бірі. Алайда олардың бүгінгі жағдайы алаңдатарлық. Орал қаласының кәріздік  қондырғылары 1981 жылы (тозу деңгейі – 34%), Ақсай қаласының кәріздік тазарту қондырғылары 1994 жылы (тозу деңгейі – 80%)  іске қосылған. Тозған нысандарды күрделі жөндеу және қайта  жаңарту  қажет.

– Мұрат Шыманғалиұлы қоршаған ортаның ластануын Қарашығанақ кен орнын игерумен байланыстырамыз. Алдағы уақытта Сәтимолла кен орны игерілмек. Қаратөбеде Шыңғыс кен орны зерттелуде. Жерасты байлығын игеруде үлкен аумақтар пайдаланудан шығарылып, мыңдаған тонна зиянды заттар ауаға таралады, осы мәселелерге тоқталып өтсеңіз.

– Қарашығанақ кен орнын игеру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай серпін берген жоба. Ал игерілетін  Сәтимолла, зерттеліп жатқан Шыңғыс кен орындары жаңа жұмыс орындарын ашуға, инфрақұрылымды дамытуға, жергілікті бюджетке түсетін түсімдерді еселеуге мүмкіндік береді. Иә, өндірістік жұмыстар барысында ауыл шаруашылығына жарамды жерлердің бір бөлігі агроайналымнан шығарылып, ауаға күкірттің қос тотығы, күкіртті сутегі секілді зиянды заттар бөлінеді. Осының өзі табиғи ортаға әсер ететін факторлар саналады. Сондықтан экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтау, заманауи тазарту және қалдықсыз технологияларды енгізу – өте маңызды  мәселе.

«ҚПО б. в.» компаниясы жыл сайын табиғатты қорғау жұмыстарына жеткілікті қаржы бөледі. Мысалы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша облыста нақты игерілген 3,63 млрд теңгенің 2,94 млрд теңгесі немесе 81%-ы «ҚПО б. в.»-ға тиесілі.  Сәтимолла кен орнында бор-калий шикізатын өндіретін және өңдейтін кеніш салу жоспарланды. 2023 жылы «Qazaq Kalium LTD» мекемесі аталған кен орнында кен өндіру жұмыстары бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижесі бойынша қорытынды алды. Жоба бойынша Ақжайық ауданының Тайпақ, Жанама, Базаршолан тұрғындарының қатысуымен қоғамдық тыңдау өткізілді. Қазір аталмыш мекеме жер учаскелерін рәсімдеу, сыртқы инженерлік желілердің құрылысы, жобалау жұмыстарын жүргізуде. Қаратөбе ауданындағы Шыңғыс кен орнының ұңғымалары әлі күнге сақталған. Онда өндіру жұмыстары жүргізілмейді. Жер қойнауын пайдаланушылар экологиялық талаптарды сақтауға міндеттелген, ал экологиялық төлемдер өңірдің табиғатты қорғау іс-шараларына бағытталады.

– Соңғы сұрақ, маман, басшы ретінде қоршаған ортаның жағдайын жақсарту мақсатында қандай шаруалар қолға алынуы керек  деп  санайсыз?

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе» деп атап өтті. Бұл – еліміздегі әрбір азаматқа, әрбір мекемеге, әсіресе табиғатты қорғау саласында қызмет ететін мемлекеттік құрылымдарға үлкен жауапкершілік жүктейді. Экология департаменті өңірдегі табиғатты қорғау ісінде жүйелі жұмыстар жүргізуде. Қоршаған ортаның жағдайын жақсарту бағытында   қалдықтарды тиімді пайдалану жұмысын жақсарту, экологиялық жобаларды қолдау, баламалы қуат көздерін дамыту, ресурстарды тұтынуды азайту әрі үнемдеу, бір рет қолданылатын пластиктен бас тарту, халықтың экологиялық сауатын арттыру, экологиялық мәдениетті берік қалыптастыру және басқа да бағыттарға басымдық беруіміз керек.  Осы бағытта  мемлекеттік құрылымдар, бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар және әрбір азамат бірлесе еңбектенуі тиіс. Табиғатты аялау – болашақ ұрпақ алдындағы борыш. Сөз соңында Экологтар күнімен барша жұртшылықты және әріптестерімді кәсіби мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңіз жана берсін, табыстарыңыз мол, дендеріңіз  сау  болсын!

Сұхбаттасқан Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале