Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы наурыз айындағы Қазақстан халқына арнаған «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында баса айтылған әрі жұрт жылы қабылдаған түйіндердің бірі – сайлау жүйесін жетілдіру мен партиялық жүйені дамыту мәселесі. Әрине, Жаңа Қазақстан құру осы екі жүйені жетілдіруден басталуы керек. Өйткені бұл – елдің билік жүйесінде реформа жасаудың негізгі қозғалтқышы. Алдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары пропорционалды және мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. Мәжілістің 70 пайызы партиялық тізіммен, 30 пайызы мандаттық округтардан сайланатын болды. Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің және мәслихат депутаттарын сайлауға қатысты бірқатар ойымды қағаз бетіне түсірдім.
Өздеріңізге мәлім, мажоритарлық жүйе бойынша бір мандатты округтен көп дауыс алған адам сайлана алады. Қандай партия, ұйымның атынан сайлауға түскені немесе өзін-өзі ұсынғаны маңызды емес. Ал пропорционалды жүйеде саяси партияларға дауыс беріледі. Яғни халық сайлауда саяси партияларға сенім білдіреді. Сосын жеңіске жеткен партия сиездерінде алдын ала жасалған тізім бойынша партия мүшелеріне депутаттық мандат тапсырады. Яғни халық сеніміне ие болған партия билік құрылымына кімді өткізетінін өзі шешеді. Егер депутат белгілі бір себептерге байланысты өз қызметін жалғастыра алмайтын болса, онда ол азаматтың мандаты партия тізімі бойынша резервте тұрған азаматтардың біріне тапсырылады.
Осы жүйелердің әрқайсысының тиімділігі мен туындайтын мәселелеріне тоқталсақ. Мажоритарлық жүйенің тиімділігі сол, сайлауда тұрғындар сенім артқан үміткеріне дауыс береді. Ал кемшілігіне тоқталсақ, елдегі олигархтар өз депутатын ұсынып немесе сайлауға өзі қатысып, мемлекеттік билікке араласуы мүмкін. Содан соң олар заңға қитұрқы өзгерістер енгізіп, мемлекеттік құрылымдарға қатысты тиімсіз шешімдер қабылдайды. Тіпті ел ішінде төңкеріс ұйымдастырып, мемлекеттік билікті күшпен басып алу қаупін тудырса ше?.. Мұндай жағдай көршілес Ресейде орын алған еді. Сондықтан Мәжіліс депутаттарын тек қана можоритарлық жүйемен сайлау елдің тұрақтылығы мен егемендігіне қауіп төндіреді. Бұл – бір. Екіншіден, депутаттар көзбояушылыққа, бос дабыраға жол беруі немесе сайлауда теориялық білімі мен тәжірибесі жоқ популистердің құрғақ уәделеріне халықтың сеніп қалуы мүмкін. Мұндай жағдайдың кесірі жергілікті билік құрылымдарына тиеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұндай көріністер Орал қаласында орын алған еді. Ол кезде қалалық мәслихатта 20 депутат болатын. Солардың дені популистер еді. Орал қаласының бюджетін бекітерде шаһар басшысы «Үнемделген қаржыны инфрақұрылымды күрделі жөндеуден өткізуге жұмсайық» десе, депутаттардың бірі «Мына көшені жөндейік» деді, екіншісі «Саябақ салайық» деп дауыс бермеді. Қаланың кезек күттірмейтін мәселелерінен хабарсыз депутаттардың кесірінен жергілікті әкімдіктің жұмысы жүрмей, шаһар тозып кетуге сәл-ақ қалды. «Бұдан не ұғамыз?» деген сауалға тоқталсақ, Парламент Мәжілісінің және мәслихат депутаттарының барлығы мажоритарлық жүйе бойынша сайланса, депутаттардың арасында мәселенің байыбына бармайтын, білім-білігі төмен адамдар жиналуы мүмкін. Сондай-ақ Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы өткеннен кейін партиялар арасында «Біздің кісіміз мықты! Сіздердің ұсынған үміткерлерің өтпей қалды...» деген бағытта кемсітулер орнауы мүмкін. Реніштің соңы дау-жанжалға ұласады. Қарым-қатынастарына сызат түседі. Ал саяси науқан ел азаматтарын араздастыру үшін емес, қоғам мүддесі үшін біріктіру, тұрақтылықты сақтау мақсатында өтеді. Демократияда азшылық көпшілікке бағынады. Сондықтан пропорционалды сайлау жүйесі енгізілді.
Пропорционалды жүйенің тиімділігі сол, саяси партия ұсынған депутаттар мен облыс, қала басшылығы бір партиядан әрі мүдделес болғандықтан, маңызды шешім қабылдауда мәселе туындамайды. Депутаттар әкімнің облыс, қала бюджетіне қатысты ұсынысын бірауыздан қолдайды. Десе де, Парламент Мәжілісінің сайлауын тек пропорционалды жүйемен ұйымдастыру да тиімсіз. Себебі депутаттарды облыс тұрғындары емес, саяси партия ұсынғандықтан, ол депутат партияның мүддесін бірінші қояды және партияға тәуелді болады. Осылайша, депутаттар сайлаушылардан алшақтап, олардың сенімін жоғалтады. Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың беделі, абыройы аталмыш қызметтердің пәрменділігіне, оның әр депутатының белсенділігіне, қарапайым халықпен тығыз қарым-қатынас жасауына тікелей байланысты. Сондықтан пропорционалды және мажоритарлық жүйені қатар қолдану сайлауды әділ өткізуге және мемлекетті тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ел азаматтарының саяси белсенділігін арттырып, қоғамды жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түседі. Саяси партиялар да азаматтық қоғамның басты институты болып қалад ы және мажоритарлық қағидат бойынша халық аманатын арқалайтын тұлғаны қалың бұқара өзі таңдайды.
Табылғали Сапаров,
қоғам қайраткері,
саясаттанушы