Ол Сырым ауданындағы Жымпиты ауылының Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 11-сыныбында оқиды. Жан-жақты ізденімпаз оқушы өз ортасында тәтті торттарымен танылып үлгерген.
Біздің кейіпкеріміз Томирис Арманқызы қолы қалт еткенде, сурет салып, баскетбол ойнағанды, түрлі байқауларға қатысып, бақ сынағанды жақсы көреді. Оның жетістіктері де аз емес. Қай істі бастаса да, нәтижелі жұмыс жасауға талпынатын кейіпкеріміз ең алғашқы табысын 14 жасында тауыпты. Біз Томириспен табыс сыры туралы әңгімелестік.
– Менің апам Елена отбасымызға, жақындарымызға түрлі тәттілер пісіргенді ұнататын. Сол кезде «Мен де апатайым сияқты тағамды дәмді дайындай білсем ғой» деп армандайтынмын. Апатайымның қасында жүріп, көптеген пайдалы әдісті үйрендім. 2017 жылы апам оқуға түсіп, Алматы қаласына жол тартты. Содан бері үйдегілерге тәттілерді дайындайтын болдым. Ең бірінші пісірген тортым ойдағыдай болып шыққан жоқ. Бірақ мен оған мойымай, қалайда жақсы торт пісіру үшін тырмысып, тыным таппадым, - деп бастады әңгімесін Томирис.
Қалайда торт пісіруді мақсат еткен Томирис бірде ауылдас апайымен Орал қаласында тәттілер пісіруді үйрететін шеберлік сыныбына жазылып қояды. Алайда дәл сол күні бір кедергілермен жолға шыға алмаған кейіпкеріміз көңіл күйі болмай, қатты қапаланады. Қалаға барып біраз нәрсе үйреніп келген Гүлшарат апай Томириске «молочная девочка» мен «медовый» торттарын жасауды үйретеді. Ізденімпаз қыз аз уақыттың ішінде торттың қоспаларын (ингредиенттерін) ауыстырып, өзіне ыңғайлы, дәмі тіл үйіретін тәттілер жасауды меңгеріп алады. Өзі аталмыш екі торт жасауды ғана үйреніп қоймай, ізденіп жүріп «вуппипай» мен «қызыл барқыт» торттарын да пісіре бастайды. Өзіне ұнайтын дәрежеге жеткізу үшін көп жұмыстанады.
– Алғашқыда бал тортына тапсырыс түсті. Сол кезде «Торттың дәмі, безендіруі тапсырыс берген адамға ұнай ма?» деп қатты қобалжыдым. Тортты пісіріп, жинап болғанда қобалжуымның жартысы жоғалып кетті. Бірақ бәрібір «Тортым қуаныш иесінің көңілінен шықпай қалса» деп әбден уайымдадым. Тапсырыс беруші тортты алып кеткен соң, біраз уақыттан кейін «Торт ұнағанын айтып, алғыс айтқан хатты көргенде қатты қуандым. Еңбегімнің зая кетпегеніне көзім анық жеткен соң, өзіме сенімді бола бастадым. Сол кезден бастап, әжеммен, ата-анаммен ақылдасып, жазғы демалыста тортқа тапсырыс қабылдау керек деп шештім, - дейді табыскер оқушы.
Томирис ашық-қызыл, жылтыр түстерді көп ұнатпайды. Өзі былайғы өмірде де классикалық үлгілерді жақсы көретіндіктен, ол торт безендіргенде де жинақылықты алға қояды. Тапсырыс берушінің өтінішімен қызыл-жасыл түстермен безендіреді. Безендіруді бастамас бұрын ол міндетті түрде өз блокнотына торттың суретін салып, бәрін ойластырып алғанды жөн көреді екен.
– Ерекше ықыласпен торт жасауыма әкемнің де зор үлесі тиді. Өйткені ол мен пісірген тәттілерді сүйсініп жейтін. Сондықтан әкем жұмыстан шаршап келгенде «Тәттілермен шай ішсінші» деп оны қуантқым келетін-ді. Торт пісіру үшін де көптеген құрал, қоспа қажет. Ата-анам мен сұраған кондитерлік құралдардың бәрін дерлік алып беріп, бар жағдайымды жасады. Әсіресе, әкем торт жасауға қажетті түрлі қоспаларды молынан әкеліп қояды. Менің шабыттанып, құлшыныспен торт жасауыма ата-анамның көмегі көп тиді, - дейді Томирис.
Томирис демалыс кезінде күніне 3-4 тапсырыс қабылдап, торт дайындайды. Ол пісіретін тәттілердің ішінде «қызыл барқыт» торты ерекше сұранысқа ие.
Кейіпкеріміз осы торттың қоспаларының бірін азайтып, бірін көбейтіп, өз рецептін ойлап шығарыпты. Негізінен, торт жасайтындар тапсырысты алдын ала, үш-төрт күн бұрын қабылдайды. Ал Томирис екі-үш сағаттың ішінде пісіріп беруге тырысады. Өйткені адамдарға қуаныш сыйлағанды жақсы көремін дейді. Тапсырыстан түскен ақшаны жинап, өзіне қажет затын сатып алғанды жөн көреді. Қолы босаған сәтте эксперимент жасап, түрлі тәттілерді де жиі пісіреді.
– Ең алғашқы тапсырысты 6 мың теңгеге жасадым. Бұл менің алғашқы табысым еді. Ол кезде 14 жаста болдым. Жалпы, торт пісіріп, табыс тауып жүргеніме үш жылдай болды. Бірінші жылы 70 мың, екінші жылы 90 мың теңгедей табыс таптым. Үшінші жыл, яғни биылғы жазда жинаған ақшам 100 мыңнан асты.
Болашақта осы бағытта өзімді дамытқым келеді. Алға қойған арман-мақсатым өте көп. Өз мақсатыма жету үшін қазірден еңбектеніп, әрекет жасап жүрген жайым бар. Алдағы уақытта жеке кофехана, мейрамхана ашқым келеді. Өз тағамдарымның рецептін ойлап тауып, айналама қуаныш сыйласам, - дейді ойын ірікпей айтатын ақжарқын қыз. 14 жасынан табыс тауып, қазірден өз мақсатына жету жолында еңбектеніп жүрген жасөспірім қызға біз де сәттілік тіледік.
«Қызыл барқыт» қалай пайда болды?
«Қызыл барқыт» торты соңғы жылдары сәнге айналды. Кез келген той, туған күн «қызыл барқытсыз» өтпейтін болды. Жұртшылықтың ерекше сұранысына ие болған «Бұл қандай торт?» деген сұрақпен ғаламторды шарладық. Сөйтсек, аталмыш десерт АҚШ-та соғыстан кейінгі уақытта1871 жылы пайда болған екен. Десерт нәзік, жұмсақ, ерекше құрылымға ие. Бастапқыда рецептіде ащы шоколад, табиғи какао ұнтағы, қышқыл айран, ас содасы болған. Тотығу кезінде шоколад пен какао қызыл, печенье қызғылт реңк берді. Осылайша бұл десерттің атауы «қызыл барқыт» болып бекітілген. Кейіннен кондитерлер түрлі бояғыштың әсерімен оны алқызыл, қанық түске айналдырды. Осы сәттен-ақ бұл торттың жанкүйерлері көбейе түсті. «Қызыл барқыт» тортын америкалықтар алқызыл түсі және ерекше дәмі үшін құрметтейді.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz