21.12.2023, 12:00
Оқылды: 53

Тағдырлылар тоғысқан мекен

«Круглоозерный арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Мұрат Кенесариннің айтуынша, орталықтың іргетасы соғыстан кейінгі жылдары қаланған. Сол кезде панасыз ұл-қыздардың баспанасы болды. 1988 жылы балалар үйі көшіріліп, ғимаратқа жөндеу жүргізілді. Келесі жылдың қыркүйек айынан бастап алғаш қызмет алушылар қабылданып, орталық жұмысын бастады. Бұрындары Круглоозерный психоневрологиялық медициналық мемлекеттік мекемесі аталса, 2016 жылдың 13 қазанынан облыс әкімдігінің қаулысы негізінде атауы өзгерді.

0ffb9960-c0c9-4119-8d1a-460f7996b16e

– Өткен жылы орталықтың Оралдың Зашаған кентінен «Әлеумет» өз бетінше тұруды сүйемелдеу бөлімшесі ашылды. Бөлімшенің аты айтып тұрғандай, онда мүмкіндігі шектеулі, ақыл-есінің аздаған ауытқуы бар қызмет алушылардың тұрмыстық жағдайларын ұйымдастыру, еңбекпен қамту, бос уақыттарын тиімді пайдалану көзделген. Олардың қоғаммен  қарым-қатынасын барынша қолдауға, орталықтан тыс жерде өз бетінше тұрып, тірлік кешуге дайындаймыз. Біздің орталықтан 7 қызмет алушы қоғамға бейімдеу орталығына ауыстырылды. Іс-әрекетке қабілеттіліктерін қайта қарау нәтижесінде 3 адам сот шешімімен іс-әрекетке қабілетті деп танылды. Сонымен қатар туыстарының және қызмет алушылардың өтініштері бойынша 3 қызмет алушы орталықтан шығарылып, үйлеріне қайтарылды. Мысалға, Виталий есімді 1971 жылғы жігіт ағасы орталықта 34 жыл тұрды. Оның қолы шебер, ғимараттың ішкі жөндеу жұмыстарына атсалысты, ұстаханада ағаштан түрлі бұйым жасауды меңгерді. Осының барлығы ұжымның, қызметкерлердің  тынымсыз еңбегінің жемісі дер едім, – дейді Мұрат Болатұлы.

35083e8d-c9d7-4817-a830-9ea665474d5c

Саясат Сәрсенова интернат ашылған күннен бастап 2016 жылға дейін кезекші медбике болып қызмет етті. Одан бермен қарай  – аға медбике.

«Қазір мұнда 365 адам тәрбиеленуде. Оларға 260 адам қызмет көрсетеді. Тәрбиеленушілердің тұрмыс-тірлігі, күнелтісі – біздің қамқорлығымызда, басты назарымызда. Осында 40 жылға жуық қызмет еткен жылдар ішінде әрбір тәрбиеленушінің өмірі көз алдымда өтті. Кімнің қандай жағдаймен келгенімен, қазіргі жай-күйімен жете таныспын. Қызмет алушылардың денсаулығын терапевт, дәрігер-психиатр қарап, қажетті ем-домын тағайындайды. Сол бойынша емделеді, физиотерапия, массаж алады. Тәрбиеленушілер ауырып қалған жағдайда Оралдағы №6 емханаға жолдама беріп, тиісті дәрігерге қаратамыз. Соқыр ішек, жарық (грыжа) аурулары жағдайларында ауруханаға жатқызылады. Қасына қамқорлайтын көмекші тазалықшылар бөлінеді. Мұнда амбулаториялық емін алады», – деді Саясат Сәрсенова.

Фарзана Ысқақова орталықта 1998 жылдан бері дәрігер-психиатр болып қызмет етеді. Одан бұрын медициналық институтты бітіргеннен кейін Круглоозерный кентінде 20 жыл балалар дәрігері болып еңбек етті. Алайда штаттың қысқаруына байланысты қызметінен босап, аталмыш мекемеге орналасты. Астанада, Ақтөбеде біліктілік курстарында оқыды.

«Мен қызметке келген кезде мұнда 200 кереует болатын. Бізде негізінен психоневрологиялық аурулармен (шизофрение, деменция, эпилепсия, т. б.) науқастанғандар емделеді. 2002 жылы 3 қабатты жаңа ғимарат салынды. Осылайша 142 кереует қосылды. Былтыр жазда облыс орталығындағы балалар қалашығы қасынан «Әлеумет» өз бетінше тұруды сүйемелдеу бөлімшесі салынып, пайдалануға берілді. Ол бөлімше 20 адамға арналған. Қазір онда 16 қызмет алушы тұрады. Тәрбиеленушілердің өз бетімен тұра алатынын комиссия анықтайды. Оған қоса кәсіпке бейімі болуы керек. Мысалға, біреуі іс тігеді, екіншісі, ағаштан бұйым жасайды, үшіншісі, суретті шебер салады дегендей. Бөлімшеде психолог, әлеуметтік қызметкер, оңалтудан өткізетін мамандар жұмыс істейді. Өз бетімен өмір сүруге талпынғандар жылыжай салып алды. Таңертеңгілік жаттығу жасайды. Одан кейін тамақ ішіп, жұмыстарына барады. Еңбек етуге икемді қызмет алушыларды өз бетімен тұрып, қоғамға араласуға дайындаудамыз», –  деді Фарзана Жұмағалиқызы.

Орталық басшысы қызмет алушылардың келісімшарт және меморандум бойынша «Диана» фабрикасында тігінші, «Арбат» жеке кәсіпкерлігінде наубайшының көмекшісі, «Мартынов» ЖК-да аула сыпырушы, «Сабыр» жиһаз цехында жиһаз құрастырушы, «Постмэн» ЖШС-ында дизайнер көмекшісі, монтаждаушы көмекшісі, мейрамханада тазалықшы, «Жәңгір хан» сауда үйінде аспаз көмекшісі, тауар қаптаушы болып жұмысқа орналасқандарын айтты. Данияр есімді жас жігіт зерде бұзылыстары бар балаларға арналған облыстық арнайы кешен мектеп-колледжінде аяқ киім ісіне, Гүлнәр есімді тәрбиеленуші Орал ақпараттық технологиялар колледжінде есептеу техникасы және ақпараттық желілер бағдарламашысы мамандығына оқуда.

Круглоозерный орталығында 18-ге толған және одан жоғары жастағы жандар тұрады. Мамандардың сөзінше, тәрбиеленушілердің өздеріне тән ерекшеліктері бар: иммунитеттері төмен, өмір жолында психикалары бұзылған. Мысалға, 1988 жылы Армениядағы  Спитак қаласында жойқын жер сілкінісі болып, шаһар жер бетінен жойылды. Қорқынышты зілзаланы көзімен көрген бір  әйелдің психикасы бұзылған. Қазір ол осы орталықта тұрады. Одан басқа көктем мен күз айларында психологиялық ауытқушылықтар бас көтереді. Түсінікті тілмен айтқанда, жындылық тұқым қуалайтын ауруға жатады. Дәрігерлер жүйкеге шамадан тыс салмақ түсуден  невроздар пайда болатынын, ондай дертке шалдыққандардың көпшілігінің психотерапевтке қаралмайтынын айтады. Соның кесірінен невроздан сырқаттың екінші түріне «психозға» өтеді.

«Психоз» – дегеніміз жүйкенің толықтай ауытқушылығы, яғни жындану. Тұқымда ондай ауру болмаса, жынданудың алдын алуға болады. Ол үшін стресс, депрессия деген психологиялық құбылыстарды жеңу керек. Ондай жағдайларда «жынды емеспін» деп өзін-өзі жұбатып жүре беруге болмайды. Психологтардан үркудің де жөні жоқ. Ондай маманның ақыл-кеңесін алудың зияны жоқ», – деді Фарзана Жұмағалиқызы.

Сырт көзге сұрқай көрінетін мекеме интернатында тұратындардың әрқайсысының тағдыры әр қилы. Олар мұндағы мамандарды «мама» деп те атайды.  «Біз оларға адами мейіріммен қараймыз. Жұмыс істеу өте ауыр. Орталықта 1935 жылғы кейуанамыз бар. Деменция сырқатына ұшыраған, егде тартқанда ақыл-ой қабілеті нашарлаған. Кезінде сауыншы болған. Отбасындағы балалары әкеп тапсырды. Үшінші корпуста сал ауруына шалдыққан тәрбиелеушілер орналасқан. Төсекке таңылған сырқаттарды күтіп-бағудың оңай емес-тігі белгілі. Қызметкерлер Даун аурулы ересек жандардың, балалардың бабын табуға тырысады. Бұл мекемеде жүйкесі берік, жұмыстарына шын берілген мамандар еңбек етеді», – деп түйіндеді әңгімесін Саясат Мұқанқызы.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале