Таиланд әскери-теңіз күштерінің кемесі дауыл кезінде апатқа ұшырап, 31 теңізші із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Синьхуа» агенттігіне сілтеме жасап.
Теңіз күштерінің кемесі Сиам шығанағында апатқа ұшырады.
«Сухотай» корветі дүйсенбіде жергілікті уақыт бойынша сағат 00:12 (Астана уақыты бойынша жексенбі күні сағат 23:12) шамасында суға батып кетті», - деп хабарлады Таиланд корольдігі ӘТК өкілі адмирал Поккронг Монтатпалин.
Таиланд корольдігі әскери-теңіз күштерінің мәліметі бойынша, дауыл кезінде батып кеткен «Сухотай» корветінің бортында 106 экипаж мүшесі болған.
«Дүйсенбі күні түстен кейін олардың 75-і қауіпсіз жерге жеткізілді», - делінген Таиланд корольдігі әскери-теңіз күштерінің мәлімдемесінде.
Мәлімдемеге сәйкес, корольдіктің әскери-теңіз күштері оқиға орнына үш фрегат пен екі тікұшақты құтқару құралдарымен бірге жіберген. Алайда, қатты жел мен толқын құтқару жұмыстарына кедергі келтірген.
Фото: АР