Елордада колледж студенті Telegram мессенджері арқылы Таиландтан кептірілген марихуана (998 грамм) алдырып сатпақ болған. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
Фото: Pixabay.com
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушы, кәмелетке толмаған колледж студенті Б. Telegram мессенджеріндегі «В» аккаунтын пайдаланушымен келісіп, есірткі сақтайтын қоймаға жұмысқа тұрған.
Аккаунт пайдаланушысы Б.-ның жеке деректерін пайдалана отырып, Таиланд корольдігінен халықаралық пошта арқылы Қазақстан Республикасына 998 грамм кептірілген марихуананы жіберген. 2024 жылғы 6 тамызда Б. «Қазпошта» АҚ филиалынан тапсырысты, яғни есірткіні алған.
— Б. есірткіні сақтау, орау және сату мақсатында пәтер жалдаған. Сол күні Б.-ның үйін тінту барысында 998 г кептірілген марихуана табылып, тәркіленді. Сотталушының кінәсі үйді тінту хаттамасымен, куәгерлер мен пошта қызметкерлерінің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және Telegram аккаунтының пайдаланушысымен хат алмасу ақпараттарымен дәлелденді, — делінген соттың шешімінде.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындаған және прокурор 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
— Сот жаза тағайындау кезінде жасалған аса ауыр және ауыр қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескерді. Сот үкімімен Б. Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 1,5) тармақтарында және Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігі — 286-бабы 2-бөлігінің 4, 5) тармақтарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды, — деген сот үкімі шықты.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.