10.11.2017, 11:32
Оқылды: 77

Тайман АМАНОВ: «Бұл дертке дауа жоқ деген қате түсінік»

amanovБірде емханада дәрігердің «Онкологқа барып, қаралғаныңыз дұрыс» деген сөзіне бола қорқып, өз-өзінен тұншығып жылаған, елуден асқан әйелді көріп, біртүрлі күй кешкен едім. Шынында да, халқымыз атын айтпай «Жаман ауру» деп атайтын қатерлі ісік ауруынан қорықпайтын адам кемде-кем. Редакцияға арнайы келген ардагер-журналист Амантай Боранқұл ағамыз аты жаман аурудан емделіп, беті бері қарап келе жатқандығын айтып, жұртшылықты аталмыш аурудан қорықпай, емделуге шақырды. Ол кісінің өтінішімен облыстық онкологиялық диспансері басшысының емдеу ісі бойынша орынбасары, алтын қолды хирург Тайман Амановты арнайы іздеп бардық.

 Тайман Аманов – республикаға танымал онкологтың бірі. Біз бар­ғанда жүздеріне үміт пен күдік қатар ұялаған бірнеше науқас хирургке кіруге кезекте тұр екен. Белгіленген уақытта дәрігердің қабылдауында болып, сұрақта­ры­мызды қойдық. Қатерлі ісік деген не? - Қатерлі ісік – әлемдегі ең күрделі аурулардың бірі. Кез кел­ген дерттің неден пайда болған­дығын білуге болады. Мәселен, өкпе ауруларында кох таяқша­­ларын тауып емдесе, ауру асқын­байды. Ал қатерлі ісік себебі анықталмаған ауру болғандықтан, бұл дертті емдеу өте қиын. Өйткені қа­терлі ісіктің қоздырғышы жоқ. Бұл адам күйзеліске түскенде немесе иммунитеті төмендегенде пайда болады. Күйзеліс басталған кезде адамның бойындағы созылмалы ауру-сырқау асқынып кетеді. Жас ұлғайған сайын немесе адам жиі ауыра берсе, ағзадағы иммундық жүйе шаршайды. Қатты күйзеліс пен созылмалы аурулардың асқынуынан сау жасушалар (клеткалар) қатерлі ісік­тің клеткасына айнала бастайды. Ғалымдардың айтуы бойынша, бұл дерт адам бойында бір жылдан бес жылға дейін жүруі мүм­кін. Мәселен, бес жылдың алғашқы жартысында аурудың клиникалық белгілері байқалмайды. Екі жыл жарымнан кейін ауру жайлап біліне бастайды. Мәселен, асқазан қатерлі ісігінде асқазан ауырады, қанайды, науқас тамақ іше алмай қалады. Өзінен-өзі жүдеп кетеді, тез шаршайды, көңіл күйі болмайды, қонаққа барғысы келмейді. Осы кезде науқас ойланып, тезірек дәрігерге қаралғаны дұрыс. Біздің ауруханаға жыл сайын 1200-1300 науқас есепке алынады. Олардың 70 пайызы – 65 жастан асқандар. Жылына ауруханада 750-800 ота жасалады. Аурудың алғашқы бірінші, екінші сатысында келсе, емдеу оңай. “Бұл дертке дауа жоқ” деген қате ұғым. Қазір мемлекет қатерлі ісік ауруларының алдын алып, оны емдеу үшін бар жағдайды жасап отыр. Диагностика, ота жасайтын, емдейтін жаңа үлгідегі аппараттарымыз бар. Тек аурудың алғашқы сатыларында анықталғаны тиімді. Науқасқа ауру­дың бірінші сатысында 100%, екінші сатысында 80% сауығып кетуге мүмкіндік бар. Алайда емнің қонуы көп жағдайда сырқат адамның өзіне де байланысты. Кей­біреулер қорқып кетіп қалады. Қорқудың қажеті жоқ. Бас­қа түскен соң емделіп, соны же­ңу­ге тырысқан жөн. Қатерлі ісікке кез келген адам шалдығуы мүмкін. Өйткені ешкім де сақтандырылмаған. Бұл психикалық, жұқпалы ауру емес. Адамның өзі «өшіктіріп» алатын ауру. Сондықтан мүмкіндігінше қатты күйзеліске түспеген дұрыс. Ең бастысы, науқас жақсылыққа сенуі керек. «Менде бәрі жақсы болады» деп ойлап, бізге көмектесуі тиіс. Сонда ғана біз бұл ауруды жеңе аламыз, - дейді талай науқасқа үміт сыйлаған дәрігер. Скринингтің пайдасы зор Скрининг дегеніміз – түрлі аурулар қаупін төмендетудегі про­фи­­лактикалық шараларды күшей­тіп, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Осы мақсатта әр емханада жылма-жыл балалар мен ересектер арасындағы аурудың алдын алу және ерте сатысында анықтау мақсатында скринингтік тексерулер өткізіледі. Тайман Төлеуғалиұлының ай­ту­ын­ша, Еуропада скринингтің кө­мегімен қатерлі ісіктің 84 пайызын бірінші сатысында анықтауға қол жеткізген. Бұл әдіс біздің елі­мізде де барынша кеңінен қолданылуда. Қазір халықтың көзқарасы өзгеріп келеді. Биылдың өзінде 110-дай адам қатерлі ісіктің бірінші сатысын­да тіркеуге алынған. Скринингтің мақсаты – қатерлі ісікті науқастың өзіне байқалмаған кезінде анық­тау. Айтпай келетін ауру адамның өзіне білінбегенімен, оны арнайы аппараттармен дер кезінде анықтауға мүмкіндік мол. Сондық­тан әйел адамдар, аналар уақы­тында дәрігерге қаралып, анализдер тапсырып, тексеріліп тұрғаны дұрыс. Қатерлі аурудың алдын алу үшін не істеу керек? Ғалымдардың зерттеуі бойынша, бұл аурудың көбеюіне, біріншіден, экологияның ластануы әсер етуде. Қазір әлемде ең бірінші орында өкпе қатерлі ісігі тұр. Өйткені ауа лас. Өкпе қатерлі ісігінің шамамен 35 пайызы темекі шегуден пайда болады екен. Темекі түтінінің құрамында өте қауіпті зат бензопирен бар. Күніне 20-30 дана шылым шеккен адамда ол көбейіп, өкпені зақымдайды, содан ісік туындайды. Экологиялық мәселеге қазір көңіл бөліне бастады. Екіншіден, созылмалы сырқа­ты бар адам уақытында тұрақ­ты ем-дом алып тұруы қажет. Мамандар­дың айтуынша, оны қатерлі ісікке айналдырып алмау үшін жыл сайын дәрігерге тескеріліп тұрғаны дұрыс. Сондай-ақ қандай қиын жағдайда да, адам қатты күйзеліске түсіп кетпей, өмірге құштарлығын жоймағаны жөн. Облыстық онкологиялық ауруханада осыдан 30 жыл бұрын жылына 200-250 ота жасалған. Ал қазір жыл сайынғы жасалатын отаның саны 750-800-ге дейін же­тіп отыр. Соның ішінде ең ауыр әрі қиын ота қылтамаққа жасалады.

- Қылтамаққа қатысты жылы­на 30-40 ота жасалады. Бұл – 6-7 сағатқа созы­латын ең күрделі операция. Қан­шама адамдар екі-үш жыл өткен соң да келіп, ризашылық­тарын айтып кетіп жатады. Біз адамдар­дың өмірін сәл де болса ұзарт­қанымызға қуанамыз. Мәселен, жетпіс жастағы науқас асқазан қа­терлі ісігінің үшінші сатысында келеді. Мен ота жасап, оның ісігін алып тастаймын. Ол кісі бұдан кейін де шамамен бес жылдай өмір сүреді. Тағы бір-екі немересін көріп, маңдайынан иіскеуі мүмкін. Қатарынан қалмай, қонақ­тығына барады. Мұның өзі шара­сыздықтан гөрі шүкір емес пе?! Бұл жерде адамның рухының мықтылығы ерекше рөл атқарады. Адам өз-өзіне көмектессе, өзін-өзі жеңе білсе, бәрі жақсы болады, - дейді Тайман Төлеуғалиұлы.

Қатерлі ісік қашан пайда болған? Саналы адам қалыптаспай тұрып, қатерлі ісік ауруы бұрыннан белгілі болған. 1932 жылы антрополог Луис Лики Kенияда адамның жақ сүйегін тапқан, болжам бойынша ол қатерлі ісікпен зақымдалған. Сонымен қоса бұрынғы адамдардың қаңқаларынан сүйек, мұрын, жұтқыншақ, сүт безі және меланома ісіктeріне ұқсас патологиялық өзгерістің бары байқалған. Ерте кездегі ғалымдардың жазбалары бойынша біздің заманымызға дейінгі ежелгі Египетте ісіктерді емдеу шаралары папирустармен жазылған. Сонымен қоса Египетте ісікті маймен күйдіру емін қолданған. Ол майдың құрамын­да мышьяк болған. Гиппократ сүт безі, тік ішек және мұрын, жұтқыншақ обырларына сипаттама берген. Емнің дәрежесіне қарай ісікті хирургиялық жолмен алып тастағаннан кейін жараны құрамында өсімдік майы және мышьягы бар маймен өңдеу керек. Болжам бойынша олар қалған жасуша ісіктерін жою қасиеттеріне ие көрінеді. Рим дәрігері Гален «oncos» сөзін ісікті сипаттауға қолданған, қазіргі «онкология» сөзін де негіздеген осы ғалым. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, әр адамның өмірі өз қолында. Сондықтан мүмкіндігінше дер кезінде дәрігерге қаралып, тексеріліп тұрған дұрыс.

 

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

 

Алданыш СЫНҒОЖИЕВА, Қаратөбе ауданындағы Ханкөл ауылының тұрғыны: - Осыдан төрт жыл бұрын асқазаннан ота жасалдым. Бірінші Алла, екінші Тайман дәрігердің арқасында аман-есен жүрмін. Ауырған әзірде қою тамақ іше алмай қалдым. Ас қорыта алмай жүрдім. Мен өзімді «қылтамақ» шығармын деп ойладым. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Уақытымен дәрігерге қаралып, өзіме қойылған барлық талапты орындаймын. Осы күнге жеткенім үшін, жақсы дәрігерге жолыққаным үшін Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамын. Адам өмірін ажалдан арашалап қалу үшін күндіз-түні қасымыздан табылған облыстық онкологиялық аурухананың дәрігерлеріне айтар алғысым шексіз.

 

Амантай БОРАНҚҰЛ, Орал қаласының тұрғыны: - Негізі, сап-сау жүрген адам едім. Өйткені өзіме аурудың белгілері білінген жоқ. Сөйтіп, шипажайға бармақ болып, тексеруден өтіп жүргенімде, «Асқазаныңызда ісік бар» деді. Басында тіпті мән берген жоқпын. Бірақ «Шұғыл ота жасау керек» дегенде ғана қауіпті дерт екендігін түсінгендей болдым. «Енді отаны қайда жасатқан дұрыс?» деген сұрақ туындады. «Алматыға барсам ба, әлде осы жерде жасатам ба?» деп жүргенімде, алматылық дәрігерлер «Өздеріңізде Тайман Аманов сықылды мықты хирургтер бар, сонда жасалғаныңыз дұрыс қой» деді. Өзім де «Не болса да, өз жерімде болайын, алда-жалда ана дүниеге аттанып кетіп жатсам, балаларға мені Оралға, Оралдан Қаратөбеге жеткізу қиын болар» деп ойладым. Сөйтіп, ота жасатып шықтым. Қазір жағдайым жаман емес. Облыстық онкологиялық аурухананың мықты онколог-хирургі Тайман Амановқа, аурухана басшысы Есенгелді Рабаевқа шынайы ризашылығымды білдіремін. Мен төл газетімнің оқырмандарына денсаулық тілеймін. Сырқаттанып жүрген жандар болса, қорықпай дәрігерге қаралуға шақырамын. Бойға жабысқан дертті дендетіп, асқындырып алмай, емделсе, әр адамға өмірін ұзартуға мүмкіндік бар. Сондықтан уақытында дәрігерге қаралып, ем қабылдаған дұрыс.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале