Ж. Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық орталық әмбебап-ғылыми кітапханасында Ақжайық ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы Әленғали Керейтегінің «Әз ұям – менің Тайпағым» атты жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Тағылымды шараға Ақжайық ауданы әкімдігі мен зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері, ғалымдар, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың оқытушылары мен колледж студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.

Жиынды ақын, Қазақстан Жазушылар және Ақын-жыршылар одағының мүшесі Сағынтай Бисенғалиев ашты. Халқымыздың өткені мен бүгінін жалғаған алтын арқау – шежіре мұрасына қосылған құнды еңбектің тұсаукесер кешіне келген қауымға туған жер тарихын зерделеп, жинақтап жүрген өлкетанушы Әленғали Керейтегінің «Әз ұям – менің Тайпағым» атты жаңа кітабы – елдің жады, ұрпақтың рухани тірегі боларлық тағылымды туынды екенін айтты. «Бұл еңбек – Жұбан елі атанған киелі Тайпақ тарихы мен тұлғаларын, елдік мұрат жолында еңбегімен танылған ардақты азаматтар туралы жинақтаған құнды зерттеу. Бұл кітап – бір әулеттің ғана шежіресі емес, тұтас өңірдің рухани айнасы, ұрпаққа аманат болған елдік тарихтың сабақтастығы», – деді Сағынтай Орынғалиұлы.
Жаңа кітаптың тұсауын ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Орал қаласының құрметті азаматы Айтқали Нәріков, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың қоғамдық даму департаментінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев, Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Ауыл» партиясы БҚО филиалының басшысы Мынаутаубиік Әнесов, Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, Тайпақ ауылынан келген еңбек ардагері Ғайнолла Садиров кесті.
– Ағамыздың кезекті еңбегі қасиетті топырағы туралы, ауылтану, тұлғатану туралы деп есептеймін. Уақытым тапшы болса да, бұл туындыны сүйсіне оқып шықтым. Әр бөлімін, әр парағын оқыған сайын көріп жүрген, бірақ етене таныс емес, терең біліңкіремейтін Әленғали ағамның бейнесі елестеді. Ол кісінің жан дүниесі, бүкіл болмысы көз алдыма келді. Кітаптағы кейіпкерлері көріп жүрген, білетін жандар екен. Мұқағали ақын айтқандай, «Айналайын!
Атамекен, Ақ мекен!
Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!
Туған өлке тәтті екен ғой, тәтті екен!» ағамыз өзінің туған топырағының тәттілігін сезе білетін аутор ғой деп ойлаймын. Сексеннің сеңгіріндегі Әленғали ағамыз шын мәнінде ізгілікті, имандылықты, адамшылықты жүрегіне жиған тұлға, – деген Абат Қыдыршаев ауторды жаңа еңбегімен құттықтады.
Әленғали ағаны замандастары, өңірге еңбегі сіңген ардагер азаматтар Нәсіпқали Қайырқомов, Бақтығали Қоспаев, Ғұбайдолла Қибашев және басқа да қатысушылар құттықтады. Тағылымды кеш «Жастар» мәдениет сарайының әншілері Назерке Хибашева, Омар Хибашев, Рүстем Кереевтердің орындауындағы әндермен әрленіп отырды.
Кеш соңында Әленғали Керейтегі жаңа кітабының тұсаукесеріне жиналған қауымға алғыс айтып, ел аман, жұртымыздың тыныш болуына тілектестігін білдірді.
Гүлнәр Шәңгерей,
Орал қаласы