31.08.2022, 10:46
Оқылды: 98

Тайпақты тәнті еткен шебер

Тайпақ ауылдық округі Шабдаржап ауылының аумағындағы Бағырлай су арнасының маңында Еріш төбе деген жер бар. Қырат басындағы сынық ескі құлпытас осы жерге атақты ұста Ерғали Дүйсенұлы жерленгенін айғақтап тұр. Халық «Еріш» деп атап кеткен хас шебер алтын мен күмісті балқытып, сәнді әшекей бұйымдар, ыдыс-аяқ, сандық, жиһаз жасаған. Еріштен туған Жұмағали, Сайлауғали, Оразғали (Орынтай), Жексенғали әке жолын қуған. Әсіресе ағаш шебері, темір ұстасы Жексенғали атаның Тайпақ өңірінде қалдырған қолтаңбасы мол. Құрылыс саласында ұзақ жыл бойы қызмет атқарыпты. Сонау бір жылдарда Тайпақ ауылындағы екі қатарлы емхананың бой көтеруіне тікелей үлес қосқан. Көзкөргендер атпал азаматтың үкілі домбырамен ән шырқағанын да тамсана әңгімелейді.

4

Жексенғали Ерешев 1936 жылы 19 қыркүйек күні бұрынғы Тайпақ ауданының Сүйірқұмақ ауылында дүниеге келген. Шабдаржап ауылындағы орыс мектебінде үш сыныптық білім алды. Тайпақ әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына алынып, 1955-1958 жылдары Ресей жерінде Отан алдындағы борышын өтеді. Айта кетерлігі, 3-рота командирі И. Скакунның 200-ші әскери-құрылыс бөлімінде қызмет еткен сарбаз Ерешевтің оң қасиеттері туралы жазбасы бар. Командир оның талап етілген барлық жұмысты адал атқаратынын, техникалық қауіпсіздік нұсқаларын толық сақтайтынын атап өткен. «Өзіне сеніп тапсырылған практикалық жұмысқа баса көңіл аударады. Казармада оғаш қылығымен көзге түспеді. Қызметтегі жолдастары мен қолбасшысы алдында беделі зор. Отряд жетекшісі еңбекқорлығы үшін бірнеше мәрте алғыс жариялаған. Моральдық тұрғыдан берік, саяси сауаты да қанағаттанарлық  деңгейде. Әскери және мемлекеттік құпияны берік сақтайды», – деп жазылған сарғайған сары қағазда жақсы сақталынған қызметтік  мінездемеде.

Жас жігіт елге келген соң, еңбек майданына белсене араласты. 1961 жылы Үміт Нұржанқызымен шаңырақ көтереді. Үміт – он баланы дүниеге әкелген алтын құрсақ ана. Бірақ кей перзенті сәби күнінде шетінесе, кей балалары ерте жастан көз жұмды. 1960-62 жылдары Ж. Ерешев «Краснояр» совхозының №2 фермасында трактор тізгінін ұстайды. 1963-1968 жылдары осы фермада темір ұстасы әрі ағаш шебері болып жұмыс істеген. Одан кейін ұзақ жыл бойы Тайпақ орман шаруашылығы мекемесінде орман қорғаушы болып еңбек еткен. Бір жағынан, орман-тоғайды өрттен қорғау үшін тынымсыз тер төксе, екінші жағынан, сол мекемеге қарасты өндіріс цехында қызмет атқарды. Бүгінде оның ІІ дәрежелі сылақшы-әрлеуші, IV дәрежелі ағаш шебері мамандығын игергені туралы куәліктері ұрпағының қолында сақтаулы. Еңбек десе, ішкен асын жерге қоятын Ерешевке 1984 жылы Орал облыстық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің шешімімен КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының атынан «Еңбек ардагері» медалі берілді. Ол бұдан басқа да құрмет грамоталарымен және алғысхаттармен бірнеше мәрте марапатталған.

5

Ағаш шебері үй жиһаздарын жасауды кәсіп қылған екен. Ауылдағылар жиһаз жасатуға арнайы тапсырыс беріп отырыпты. Шебер түйе арбасымен құрылыс материалдарын тасыған. Балаларын кәсіпке баулып, шетен тоқып үйреткен. Тайпақ ауылында тұратын еңбек ардагері Болат Дошаев мақала кейіпкері жездесі болып келетінін, оның өнеріне талай тәнті болғанын айтып, игі қасиетін жиі әңгімелеп отырады. «Жәкең менің әкем Қали Кенжеұлымен бажа болып келетін. Бір ауылда тұрды, еңбек жолында бірге тер төкті. Менің анамның сіңлісі Үміт апамызбен тату-тәтті өмір сүрді», - деген ардагер Ерешевтің ерекше қасиеті туралы естелігімен бөлісті.

– Көпшілік Жәкеңді шебер адам ретінде танитын. Темір немесе ағаштан жасалған бұйымдар жарамсыз болып қалса, жездемізге баратынбыз. Ол бұйымтайымызды қалт етпей орындайтын. Қолына табыстап кеткен жарамсыз затты белгілі бір мерзімде зауыттан шыққандай етіп жаңалап қоятын. 1970 жылдары Тайпақ орман шаруашылығы мекемесіндегі өндіріс цехында әкем Қали мен жездем Жексенғали және Ізберген мен Нұрмұқан ағалар еңбек еткенде, оларға жиі көмектесетінмін. Шаруашылықтар мен тұрғындардың сұранысы бойынша ағаш өңдеу цехында шаңырақ, уық, сықырлауық, кереге жасалынатын. Шеберлердің шикізат дайындап, өз ісін беріле атқарғандары әлі күнге көз алдымда.

Олар ағаш үй құрылысына арнайы материалдар таңдайтын. Кесіліп алынған жас ағаштар аршылып, қолдан иіп, құралмен кептірілетін, одан кейін боялатын. Кереге мен уықты байлайтын қайыс-жіптерді ірі қара терілерін бөшкелерде ашытылған ашытқыға салып дайындап алатын. Орал қаласындағы жүн өңдеу цехында дайындалған киізді кәдеге жарататын. Әкем тайпақтық шеберлерге Ақ Жайық өңіріне танылған емші ата Арыстанғали Жұмалиевтің киіз үй жабдығын жасатуға тапсырыс бергенін ұдайы айтатын.

Жәкең артық сөзі, теріс ісі жоқ азамат еді. Көмек сұрай келген адамның меселін қайтармайтын. Үйінің жанында шеберханасы болды. Жұмыс сарайындағы әр құрал-жабдық өз орнында тұрды. Шеберханасына бөгде кісінің бас сұққанын қаламайтын. Ол ешуақытта еңбегін пұлдаған жан емес. Тапсырыс бойынша керек материалды қосымша сұратып, жұрттың бұйымтайын уақтылы орындайтын. Жексенғали жездемнің ағасы – Орынтай Ерешев те техника тілін жетік білді, темірден түйін түйген шебер болды. Шаруашылық артелдерінде және Тайпақ аудандық баспаханасында ұзақ жыл еңбек етті, – дейді Болат Дошаев.

6

«Шешеннің тілі – ортақ, шебердің бізі ортақ» демекші, Жексенғали Ерешев жасаған қолөнер бұйымдары Ы. Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектептің «Атамекен» тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы. Тайпақ өңіріне танымал болған шебер 1997 жылы дүниеден озды. Артында қалған ұл-қыздары әке есімін ардақтап, көпке жасаған еңбегін немере-шөберелеріне әңгімелеп отырады. Үлкен қызы Роза ауа райын бақылайтын метеостансада қызмет атқарған, қазіргі кезде Чапаев ауылындағы М.Әуезов атындағы мектепте еңбек етеді. Ортаншы қызы Мәншүк Орал қаласындағы құрылыс техникумын тәмамдап, құрылыс саласында тер төкті. Бүгіндері Теңіз кен орнында вахталық әдіспен жұмыс істейді. Кіші қызы Әлия сауда саласына бейім болды. Асылдың тұяғы, үлкен ұлы Алтай қолы шебер құрылысшы болды. Баба қаны арқылы дарыған өнер – әуелетіп ән де шырқайтын. Жазмыштың бұйрығымен Алтай ағамыз орта жасында дүниеден озды. Кіші ұлы Оралбай ұзақ жыл бойы ветеринар мамандығы бойынша еңбек етті. Кейінгі жылдары Тайпақ ауылында көлік дөңгелегін ауыстыратын шеберхана (шиномонтаж) ашып, жеке кәсібін дамытуда. Қазіргі уақытта Ерешевтер үйлі-баранды болып, үлкен әулетке айналып отыр. Еңбек адамдары қашан да елдің гүлденуіне біркісідей үлес қосып, ауыл-аймақ тұтқасы бола білген ғой. Бүгінде Жексенғали Ерешевтің өзі болмаса да, Тайпақ өңірінде оның қолынан шыққан бұйымдар көптеп кездеседі. «Шебердің қолы ортақ» деген осы ғой.

Бейбіт Иманғалиев,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале