Ауа райы күрт құбылмалы біздің өңір тұрғындарына бау-бақша пісетін тамыз айының берекесі мол. Ерте көктемде жылы жақтан ұшып келетін қарғалардың қарқылдағаны дала төсінде тамшылата ащы тер төгетін ағайынның бейнетінің зейнетін көретін шағы. Жаз шығысымен оңтүстіктен әкеп сатылатын қауын-қарбызды місе тұтамыз. Ерте пісетін өнімнің нитраты көп дегенді жиі естісек те, қорқасоқтап балаларға алып береміз. Бірақ жергілікті бақша дақылдары пісетін кезді асыға күтетініміз рас. Сол, табиғи өнімдердің пісіп, сабағынан үзілетін кезі туды.
Кеңес одағы ыдырап, өз тізгініміз өз қолымызға тиген жылдары халыққа оңай тимеді. Ақжайық ауданының (бұрынғы Тайпақ ауданы) «Котельников» совхозында тұратын Қоспаевтар отбасы да қалың елмен бірге қиындықты бастан өткерді.
– Марқұм ағам Бекбол Оралдағы ауыл шаруашылығы институтында агрономдыққа оқып жүрген. 1992 жылы сырттай оқуға ауысып, інілері Әділбекті, Қайырбекті, мені, көрші Қайрат, Серік есімді жігіттерді қасына ертіп, бақша егуді бастады. Біздің жақта ең алғаш бақша егіп, өсіруді жолға қойған қазақтардың біріміз. Совхоздан жалға алған 15 гектарға қауын-қарбыз, пияз, қияр-қызанақ егіп, жақсы өнім алдық. Екі жылдан кейін Бағырлай арнасының бойынан өзімізге 50 гектар жер алып, бақша сала бастадық. Одан басқа «Ақбұлақ» деген шаруа қожалығын құрдық. Қазір бұл қожалықты үлкен ағам Ербол басқарады. Ағам кезінде Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын бітіріп, «Краснояр» кеңшарында директордың орынбасары, ферма меңгерушісі болды. Біз – жеті ағайындымыз. Әрқайсымыздың отбасымызда ұл-қызымыз баршылық. 2016 жылы «Ақбұлақтан» бөлініп шығып, жер алып, өз шаруашылығымды аштым. Былтыр Қосшеген деген жерде қыстақ, қора салдым, – деп бастады әңгімесін «Әнуар» шаруа қожалығының жетекшісі Қайырбек Қоспаев.
Бақша егу атакәсібі болмаса да, сонау өліара кезеңде тарықтырмай алып шыққан кәсіпті Қайырбек Сүйеужанұлы тастай қоймады. Шаруашылығы бақша егеді, мал өсіреді. Былтыр «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 26 млн теңге несие алып, оған 60 ақбас тұқымды қашар сатып алды. Несиенің 10%-ын мемлекет өтейді, қалған 6%-ын кейіпкер төлейді. «Бақша байлық – бір айлық» демекші, кей жылы бақша өнікті болса, қуаңшылық жылдары өнім алу қиынға соғады. Сондықтан шаруагер мал өсіруді бақша егумен қатар алып жүр. Шаруашылықтағы мал басын асылдандыруға көңіл бөлуде. Тайпақтың қарбызы бүгінде Ақ Жайық өңірінің бренді іспеттес. Бақша өсірушілер еңбегінің қайтарымын сол қарбыздан көреді. Қайырбектің қожалығы қарбыздан басқа қауын, қияр-қызанақ та екті. Өздеріне деп картоп та салды. Бүгіндері бақшалықтың 15 гектарында қарбыздар теңкиіп-теңкиіп жатыр. Жұрттың көбі топыраққа тұқымды тыға салып, күзде қауын-қарбызды тонналап жинап алатындай көреді. Бақша өсірушілер де табиғаттың тамыршысы тәрізді. Қарбызды күн жылып, жердің топырағы қызған кезде егеді. Алдымен тұқымды пластик стакандарға салып, өскінін өсіреді.
– Ауылдағы уақытша жылыжайымызда 10-20 мың түптей өскінді өсіріп аламыз. Сәуір айында ауа райы салқын, жаңбырлы болып, кейбір туыс-таныстарымыздың 30-40 мың түп өскіні егілмей қалды. Кейде осылай бақша өсірушілердің еңбегі зая кететіні бар, – деді қарбыз өсірудің оңай еместігін сөз еткен Қайырбек інім. Оның сөзінің жаны бар, биыл күн суықтау болып, тайпақтық қарбыздар әдеттегіден кештеу пісіп жатыр. Алмалылықтар қарбыздың голланд тұқымын өсіреді. «Астрахан», «холодок» деген сұрыптарды бұрын өсіретін. «Бірақ оларды жерге отырғызбас бұрын ертерек өскін етіп егу керек. Соңғы уақытта ауа райының суықтау болуына қарай пісуі кешеуілдеді. Қазір жазда пісіп үлгермейтін болған соң, екпейтін болдық», – деп әңгімесін жалғады бағбан азамат.
Тайпақтың жері бұрыннан жартылай шөлейт аймаққа жатқызылса, қазіргі кезде шөлейт аймаққа толықтай өтті. Әнуарлықтар бақша өсіруге суды Тайпақ арнасынан алуда. Жалпы, Алмалы ауылында 27 шаруашылық бақша өсіреді. Бақша өсірудің қыр-сырын ауыл тұрғындары бір-бірінен үйренеді. Тамыз айында Алмалыдан қарбыз тиесуге бос жүрген бір кісіні таппайсыз. «Көлікке қарбыз тиейтін 15 жігіттің әрқайсына 10 мың теңгеден ақы төленеді. Сонда күніге ауылдағыларға 150 мың теңге пайда түседі. Бір айда күніне 150 мың теңгеден деп есептесек, айына 4 млн 500 мың теңге кіреді. Бұл тек бір бақша өсіретін шаруашылықтың ауылдастарға тигізетін пайдасы», – деп қояды есеп-қисапқа жүйрік шаруашылық басшысы.
Биыл Қ. Қоспаев өзінің шаруашылығындағы 5 га жерге тамшылата суару әдісімен қарбыз өсіруде. Қажетті жабдық Атырау қаласындағы мекеме арқылы сатып алынды. «Тамшылата суару әдісімен бақша өсіру тиімді. Егістік аумағының үлкендігіне қарамай, су мейлінше аз жұмсалады. Әрі су шлангімен жіберіледі де, жүйектегі суды күрекпен бағыттап, топырақпен алыспайсыз. Жердің дөңестігі не ылдилығы бәрібір, су тамшылап ағады. Арамшөп көп өспейді, сол себептен бөгде шөптер дәннің күш алып кетуіне кедергі болмайды. Арықпен суарылатын жерлер де бар. Онда су көп жұмсалады, арамшөп көп, оны жұлу керек. Жұмыс күшін азайтуға болады», – деді жаңа әдістің артықшылығы жайында кейіпкеріміз.
Шаруа қожалығында төрт адам тұрақты жұмыс істейді. «Бала-шағам – ресми тіркелген көмекшілерім. Маусымдық жұмыстарға ауылдастарымды тартамын. Биыл жеті адам еңбек етуде. Бірақ уақытша кірген жұмысшыларға сенім жоқ, кейбірі жалақылары қолдарына тиісімен кетіп қалады», – деп күрсінді Қайырбек.
Әдетте қарбыздар Оралға, Атырау облысына жөнелтіледі. Оралдағы базарлардан орын табу қиын. Онда тұратындар жыл бойы саудамен айналысады. Ал бақшашылар тек күзде өнімдерін әкеледі. Ана жерге, мына жерге тұра қалып, шақырайған күн астында тұрып тағы сата алмайсыз. Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің тапсырмасымен өткенде аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтің бастауымен Орал қаласының әкімдігінде болып, қала аумағынан қарбыз сатуға қолайлы орындарды беру жөнінде келісілді. «Зенит» зауыты ауданындағы №3 мектеп, 2-база, «Сити центр» сауда орталығына қарама-қарсы бетте, Ет комбинаты, Жөндеу зауыты және тағы басқа аудандардан сұраған жерлерімізге қарбыз әкеліп сатуды бастаймыз,– деді ол.
Бағбанның айтуынша, қауын-қарбыз өсіргенде селитраны көбірек қосып жібергенде, өнімнің құрамында нитраттың үлесі мол болады. Тыңайтқыштарды қосуда оның мөлшерін, уақытын ескерген жөн. «Түсінікті болу үшін айтайын, малды қотырға қарсы еккеннен кейін 15 күнге дейін соймайды. Өйткені дәрі де – химиялық өнім. Ол 15 күн ішінде өз әсерін тигізіп, денеден шығып кетеді. Селитра да – азот, оны жерге сала алмайсыз, оны химиялық түйіршікке сіңдіріп, дайындап тұр. Ал оны жерге салғаннан кейін (немесе сумен жібереді) ақ түйіршік еріп кетеді де, азот топырақ құрамында қалады. Жаңағы қотырға қарсы еккен дәрі құсап, ақ түйіршік химикат қарбыздың құрамынан бір айдың ішінде жоғалып кетеді. Сондықтан химикат қарбыз дастарқанға әкелуден бір ай бұрын салынуы керек. Әдетте оңтүстіктегілер бір жерді жыл сайын пайдаланатындықтан, жердің құнарлылығы төмендейді. Сондықтан химиялық тыңайтқыштардың көмегіне жүгінеді. Қазір қарбызға марганцовка қосады екен деген әңгімені естіп қаламыз. Осындай кейбіреулердің надандығына ішің ашиды. Интернеттен қараса нетті... Селитраны астық өсіруде де қолданады. Біздің жақтың топырағында азот пен фосфор жетіспейтін болған соң, «Аммофос» тыңайтқышын пайдаланамын.
Тайпақтың жерінің топырағы калийге бай, оны қоспаймыз. Қарбыз селитрасыз да шыға береді, пиязды тыңайтқыштарсыз өсіру мүмкін емес. Бұрын тыңайтқыштар үшін субсидия беретін, қазір оны алып тастады. Жерді екі жыл сайын ауыстырамыз. Жерді үшінші жылға қалдырсақ, арамшөп қаптап кетеді. 10-15 жылда бастапқы жерге айналып келеміз», – деді жер айналымы сызбасы туралы қожалық жетекшісі.
Қайырбек мал баққаннан түсер пайданың болымсыздығын айтады.
– Бір сиырды бір жыл баққанда табатын пайда бір бұзау емес пе? Бұзауды өсіріп, одан 200 келі ет алу үшін, оны екі жыл бағу керек. Оның шығыны тағы бар. Мысалға, күзде 100 еркек бұзауды 150 мың теңгеден сатып жіберсек, 15 млн теңге құрайды. Оның 5 млн теңгесі жанар-жағармайға, тамаққа кетеді. Сонда 6 адам 100 сиырды бақты десек, әрқайсымызға 1 млн 600 мыңдай тиеді. Күн-түн демей жүргенде табатынымыз сондай, бұған көп арифметиканың қажеті жоқ. 100 сиырға басына 1000 теңгеден жылдық салық төлеуге болады емес пе? Кассалық аппарат алуды тапсырып жатыр, соған қарай айтып отырмын. Қаланы етпен, сүтпен, көкөніспен ауылдағылар қамтып отыр. Өткенде асыл тұқымды малды сатып алуға 26 млн теңге несиені бақшадан түсетін табысыма сеніп алдым. Осы несиені жапқан соң, техниканы жаңалауым керек. Әзірге ес-кі трактормен жүрміз. Бүгінде ауылда трактор айдайтын ғұмыр жасы 55-тердегі егде адамдар қалды. Жастар жағы бозала таңнан тұрып, күн шыжып тұрғанда шөп шауып жүргілері келмейді. Осы мәселені шешуіміз керек, – дейді Қайырбек Сүйеужанұлы.
Қ.Қоспаев биыл мемлекеттің қолдау-көмегімен литрін 184 теңгемен 10 тонна дизель отынын алғанын, оның үлкен көмек екенін айтады. Қарбыз сататын орындардың берілуі де шаруа адамының көңілін жайландырды. Одан басқа асыл тұқымды сиыр басына
15 000 теңгеден субсидия берілетіні де жаман емес. «Жақында үш асыл тұқымды бұқа сатып алдым, оның әрқайсысы үшін 150 000 теңгеден мемлекет есебінен өтеледі. Мемлекеттің қолдау-көмегінің арқасында былтыр 350 тоннадай қауын-қарбыз алдық. Ағымдағы жылы да сол межеден шыққымыз келеді. Тек елімізде тыныштық болсын. Өзге мәселелер ретіне қарай шешілер», – деп әңгімесін көтеріңкі леппен аяқтады Қайырбек.
Гүлбаршын Әжігереева,
zhaikpress.kz