Қазақтың қарапайым отбасынан шыққан қайсар қыз Дильназ Абунагимова - 2005 жылдың 11 ақпанында Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Бұлдырты ауылында дүниеге келген. Ол - әкесі Исламбек Абунагимұлы мен Мейрамгүл Қартабайқызының жанұясындағы тұңғыш ұлынан кейін көрінген ерке қыз. Бұл отбасынан бұрын соңды спортшы шықпаған еді. Дильназ қазақтың батыр қыздарына тән қасиетімен ерекшеленген, дарынды спортшы қыз.

Бұл спорт түріне 7 сынып оқып жүрген кезінде өзінің қызығушылығымен келіп, алғашқы жаттықтырушысы Төлеген Құрашевтың назарына бірден ілікті. Спортшыларды дайындайтын арнайы жабдықталған спортзалы болмағанына қарамастан, Дильназ мектеп спортзалының киінетін бөлмесінде де өзінің күш-жігерін осы спорт түріне бағыттаудан талмады. 3 жыл бойы ол жаттығуларын жібермей, тынбай еңбек еткенінің нәтижесінде өзінің алғашқы жеңісін 2018 жылы Батыс Қазақстан облысының чемпионатында 55 кг салмақ дәрежесінде көрді. Ол жарыста Дильназ 3 орынды иеленіп, қуанышында шек болмаған еді. Ата-анасы да алғашқы кездерде қыздарының қол күреспен айналысқанына сенімсіздік көрсеткенімен, бұл жарыста әдемі өнер көрсетіп, 3 жылдық еңбектің нәтижесін көрсеткен қыздарымен мақтантын. Дильназ бұдан кейін осы спорт түрін әрі қарай алып жүруге нық шешім қабылдап, бірнеше рет облыс чемпионы және спорт шебері үміткеріне нормативін орындады.

Мектепті бітірген соң Дильназ 2022 жылы Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне Орман ресурстары және орман шаруашылығы мамандығына оқуға мемлекеттік грант ұтып алды. Университет қабырғасында оның жаңа бапкері Жанна Қазтуғанова Дильназдың спорттық шеберлігін кәсіби деңгейге көтеруге өз үлесін қоса бастады. 2022 жылы Щучинск қаласында өткен Қазақстан чемпионатында әйелдер арасында чемпион атанып, спорт шебері атағы нормативін орындады. Одан әрі халықаралық жарыстарға жолдама алып, 2024 жылы Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында 65 кг салмақ дәрежесі бойынша І орын алып, Азия чемпионы атанды. Ол Бұл оның халықаралық аренадағы ең үлкен жеңістерінің бірі болып табылады.

2025 жылдың 26-27 қарашасында Алматы облысы, Талғар қаласында өткен Қазақстан чемпионатында қола медаль жеңіп алды.
Болашақта Дильназ Исламбекқызы спортта жаңа жетістіктерге жетумен қатар, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да білімін табысты аяқтап, кәсіби маман ретінде де дамуды жоспарлап отыр.

Талантты қызымыз Дильназ — Қазақстан жастарының шынайы үлгісі. Оның жетістіктері тек спортта ғана емес, білім алу саласында да жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болатынын көрсетеді. Ол өзінің табандылығы, еңбексүйгіштігі және мақсаттылығы арқасында жас ұрпаққа үлгі бола алатын тұлғаға айналды.
Жәңгір хан атындағы БҚАТУ