Орал қаласының тұрғыны, Хиуаз Доспанова атындағы №30 мектептің түлегі Досжан Бөкенбай 18 жасында анимациялық фильм ұсынып, қазақ тіліндегі мультфильмдер қатарын тағы бір туындымен толықтырды. Бұл шығарманың ерекшелігі — картинада Орал қаласының көрікті жерлері бейнеленген.
Былтырғы көктемде жарық көрген «Бейнеле» атты анимация жас суретші Дарын және оның достары жайлы сыр шертеді. Оқиғада олардың шығармашылық үшін күресі мен еңбекқорлығы баяндалған. Романтика, комедия жанрында түсірілген шығармада еңбек, талап тақырыбы кеңінен ашылған. Сондай-ақ махаббат пен достық, оралдық жеткіншектердің арасындағы өзекті мәселелер оқиға желісіне арқау болған.
Досжан мультфильмнің сценарийін өзі жазған. Ал қала көріністері мен ғимараттар бейнесі — С. Ғұмаров атындағы балалар көркемсурет мектебінің түлегі Мирас Ермұхамбетовтың шығармашылық жұмысының нәтижесі. Аутордың сөзінше, командасындағы 8 адам осы туындыны жарыққа шығару үшін тынбай еңбектенген. Жеті бөлімнен тұратын, әрқайсысының ұзақтығы 10-15 минутқа созылатын анимацияға саунтректерді де шығармашылық ұжым мүшелері өздері жасаған. Х. Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының актерлері анимациялық фильмді дыбыстап, жас аниматорларға қолдау білдіріпті.
Досжан он жасынан анимацияны өз бетінше меңгере бастаған. Мектеп қабырғасында «Қылқалам» сурет үйірмесіне қатысып, С. Ғұмаров атындағы балалар көркемсурет мектебінде білім алған. Алғашқы «Мектеп жылдары» атты орыс тіліндегі шығармасы әлеуметтік желіде танымал болған соң бозбала «Бейнеле» атты туындысына белсене кірісіпті. Қазір ол Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясындағы анимация режиссурасы мамандығының 1-курсында білім алуда. Айтуынша, бүгінде жаңа орта мен қала тіршілігіне бейімделіп, оқуға көбірек көңіл бөлуде. Дегенмен де алдағы уақытта «Бейнеле» сериалын толық аяқтап, жаңа туындыларды қолға алмақ ниетте екен.
Осыдан бірерай бұрын оралдық жеткіншек «Мейрам» киностудиясының «Бала махаббат» атты қысқаметражды фильміндегі басты рөлдердің бірін сомдады. Талантты жас Бахтияр Жігер бұл оның кинодағы алғашқы тәжірибесі екенін айтады. Оқиға желісі Орал қаласында және шаһардағы эстетикалық бағыттағы гимназияда өрбиді. Жас актерлер мектеп өмірінің шуақты сәттері, риясыз алғашқы махаббат жайындағы кинода өз кейіпкерлерін керемет сомдап шықты.
Бахтиярдың анасы Жанна Жомартқызының сөзінше, ол жастайынан облыстық, республикалық ән байқауларына қатысып, шығармашылық пен өнерге құштар болған. Шаһарымызда кастингтің өтетінін естіген ана баласын кино өнерінде де сынап көрмек болады. Осылайша Бахтияр көптің ішінен фильмге таңдалып алынып, жобаға негізделген арнайы оқыту курсынан өткен. «Актерлік шеберлік», «Сахна тілі», «Сахна мәдениеті» атты тақырыптармен қамтылып, «Бала махаббат» атты YouTube жобасындағы образын жоғары дәрежеде алып шықты.
Орал қалалық №25 мектептің 9-сыныбында оқитын бозбала қатарластарынан оқ бойы озық шығып, киноға түсемін деп ойламағанын айтады. Түсірілім алаңында біршама қиындықпен бетпе-бет келгенін жасырмаған Бахтияр: «Бұл – мен үшін әжептәуір жетістік, құнды тәжірибе», – дейді. Бүгінде ол қабілетін шыңдап, болашақта актер болу жайында ойланып жүр. Бұған қоса, оған өзге де режиссерлерден жаңа ұсыныстар түсуде.
Шырайлы Шымкент қаласында 2015 жылы қызметін бастаған «Мейрам» киностудиясы бүгінде ауқымды аудиторияны баурап, қалың көрерменнің көзайымына айналды. Бұл – Қазақстандағы ең алғашқы балалар киностудиясы. Аталмыш ұжым бүгіндері еліміздің түкпір-түкпірінде кастингтер өткізіп, түрлі жанрдағы фильмдер түсіріп, балаларға арналған қазақ тіліндегі контенттің дамуына жол ашуда.
Ел абыройын асқақтатып жүрген небір дүлдүлдер мен дарындар қаймағы бұзылмаған ауылдарда дүниеге келген. Қаратөбелік Азим Сахипов есімді бүлдіршін де болашақта білім бәйгесінде топ жарып, көк Туымызды көкте желбіретуді армандайды.
Қаратөбе ауданындағы Б. Қаратаев атындағы мектептің 5-сыныбында оқитын Артурдың Азимы математика пәні бойынша олимпиадалардан жүлделі орындар алып, ұстаздары мен ата-анасының үмітін ақтап жүр.
Тіпті былтыр жыл аяғында Qalan.kz онлайн порталы ұйымдастырған олимпиадада үздік атанып, физика-математика ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Асқар Жұмаділдаевтің қолынан алғысхат алған.
Мектеп директоры Жанар Бейбіттің айтуынша, мектеп табалдырығын аттағаннан бастап Азимның математикаға деген қызығушылығы, ынтасы ерекше болған. Сабақтан шыққан соң үйінде күніне бес-алты сағат есеп шығаратын көрінеді. Сондай-ақ домбыра тартып, қазақ күресі үйірмесіне де қатысады екен. Былтыр аудандық кітапхана ұйымдастырған «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Ертегілер» аталымы бойынша эссе жазудан жеңімпаз атанған. Азим – оқуда озат, өнерлі, білімді шәкірт. Қоғамдық жұмысқа да белсенді араласады.
– Маған қазақ тілі, орыс тілі және математика пәндері ұнайды.
Бос уақытымда есеп шығарамын. Математика пәнінен Айнара Орынбасарова апайым сабақ береді. Есептің шығару жолын түсінбей қалсам, ол кісі көмектесіп, өткен тақырыптарды да қайталап түсіндіреді. Домбырамен «Балбырауын», «Домбыра», «Саранжап» күйлерін орындай аламын. Басқа күйлерді де үйреніп жүрмін. Ал спорттан қазақ күресіне қатысамын. Кез келген салада есептеу үрдісі бар, сол себепті математиканы тереңдетіп оқудамын. Болашақта Жұмаділдаев Асқар атамыздай атақты математик болғым келеді, – дейді Азим бүлдіршін.
Аружан Аманжол, Гүлсезім Бияшева,
«Орал өңірі»