6.06.2022, 15:15
Оқылды: 173

Талантты түлектердің сурет көрмесі

«Атамекен» өнер ордасында ЮНЕСКО клубы Сәкен Ғұмаров атындағы балалар көркем сурет мектебі түлектерінің шығармашылық сурет көрмесі және куәлік табыстау кеші өтті.

8

Салтанатты кешке жиналған жұрт жас таланттардың шығармашылығымен танысты. Іс-шара басында С.Ғұмаров атындағы музей-үйінің директоры Жанболат Жүсіпұлы мен жоғарыда аталған мектептің директоры Шаймардан Шоныраев түлектерге ақ тілегін білдірді.

- Құрметті ата-аналар мен оқушылар, бүгінгі кешке келгендеріңіз үшін алғысымды айтамын. Мектебіміздің оқушыларын бірінен бірі қалыс қалмайтын, өз айналасынан сұлулықты көре алатын және соны жеткізе алатын таланттар деп есептеймін. Сондықтан да бітіріп жатқан түлектердің болашағынан үміт күтемін, - деді Шаймардан Рамазанұлы.

7

Қалалық білім басқармасының тәрбие секторының меңгерушісі Жазира Рысқазиева мектеп түлектеріне куәліктерін табыс етті. Сонымен қатар 2021-2022 оқу жылында халықаралық, республикалық байқауларда бақ сынап, көптеген көрмелерге қатысқан белсенді оқушылар арнайы алғысхатпен марапатталды.

10

- Сурет – адамның ішкі жай-күйінен сыр ақтаратын өнер. Кейде бір ойды үнсіз жеткізуге болады және сондай сәтте сурет өнерінің ықпалы зор деп ойлаймын. Осы көрмеге «Маугли» деген жұмысымды ұсындым. Жалпы кітап оқығанды ұнатамын. Содан да болар кейбір картиналарымда сол кітаптардың кейіпкерлері арқылы өз ойымды жеткізуге тырысамын, – дейді мектеп түлегі Милана Мергенова.

6

Кеш барысында «Бала дауысы» байқауының лауреаты Алижан Тұрғали «Ән әлемі» атты әнді шырқады. Сондай-ақ, «Жас музыкант» байқауының жүлдегері Ясин Қадырші «Талас» күйін күмбірлетіп, көрмеге келгендерді таңғалдырды.

4

- Бүгінгі көрмеде «Музей» атты картинам тұрғанына қуаныштымын. Сурет салу – жан тыныштығына жетелейтін жол. Сол үшін де жиі салғанды ұнатамын. Болашақта жаңа киім үлгілерінің эскиздерін жасап шығаратын дизайнер болғым келеді, – дейді Алтынгүл Қуанышева.

Аманжол Исламғали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале