«2 қаңтарда Талдықорған полициясына 15 жастағы оқушының ұрланғаны туралы хабарлама түсті. Мәлімдемеде қаладағы шағынаудандардың бірінде кәмелетке толмаған адамды бірнеше ересек ер адам күш қолданып, алып кеткені көрсетілген. Бұған оның бөлесі куә болған.
Полицейлер жақын маңдағы тұрғын үй массивтерін, қалада салынып жатқан барлық құрылыс объектілерін тексеріп, көшедегі бейнебақылау камераларын қарады. Онымен бір мезгілде жедел уәкілдер кәмелетке толмаған бала ата-анасының үйінен өз бетімен кетіп қалуы ықтимал деген нұсқаны да қарастырды. Баланың «ұрланғаны» туралы айтқан куәгер қыздан қайта жауап алу барысында бұл нұсқа расталды», - делінген полиция мәліметінде.
Полицейлер жедел-іздестіру іс-шарасын өткізіп, оқушының орналасқан жерін анықтаған.
«Белгілі болғандай, кәмелетке толмаған бала туыстарына Сарқан қаласына барған, оны полиция қызметкерлері сол жақтап іздеп тауып, Талдықорған қаласына жеткізді.
Жасөспірім ата-анасының үйіне қайтарылды», - деп нақтылады полициядан.