15.06.2023, 15:00
Оқылды: 41

Тәлімгерлер  мектебі

Жуырда ҚР Мемлекеттік  қызмет істері агенттігі  БҚО бойынша  департаментінің бастамасымен «Тәлімгерлер кеңесі» құрылған  еді. Аталмыш кеңестің алғашқы отырысы облыстық  мәслихаттың  кіші мәжіліс залында ұйымдастырылды. 

5c5f0195-be8a-44f1-a17c-4d5080fbbe85

Кеңес құрамында мемлекеттік қызметтің тәжірибелі мамандары, басшылық қызмет атқарған аға буын өкілдері жасақталған. Кеңестің төрағасы болып облыстық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Мақсот Берген тағайындалса, тең құқылы төраға ретінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов бекітілді.

Жиынның ашылуында Мақсот Қабышұлы «Тәлімгерлер кеңесінің» мақсат-міндеттеріне тоқталды. Бұл институт мемлекеттік басқарудың сабақтастығын қалыптастырып, бірінші басшы лауазымына тағайындалған азаматтардың кәсіптік дағдыларын дамытуға және мемқызметшілердің мәдени-кәсіби ой-өрісін дамыту  мақсатында  құрылған.

Кеңесте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Төлегенова мен облыстық  энергетика және тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылығы басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй өздері жетекшілік қызмет ететін мекеменің атқарған жұмыстары туралы баяндама оқыды.

Альмира Мұхитқызының мәліметінше, облыста 688 мыңнан астам тұрғын бар. Оның 349 мыңы – экономикалық тұрғыдан белсенді. Өңіріміздегі халықтың жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрайды. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 11 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамтылған. Оның 4590-ы – тұрақты, 4500-і уақытша жұмыс орнына қабылданған. Қалғандары жеке бизнес ашып, кәсіпкерлікке бет бұрыпты. Табыс-кірісі аз 19 мың тұрғынға әлеуметтік көмек көрсетілсе, тұрғын үй көмегі 700 отбасыға берілген. Өңірде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 28,5 пайызға (1875 отбасы  алады)  азайыпты.

Облыстық  энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Мирас Мүлкәй өзі қызмет ететін саладағы өзекті мәселелерге тоқталды. Орал қаласындағы инженерлік желілердің, жылу қазандықтарының, кәріз сорғы стансасының тозғандығын айтып, жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізілетіндігін жеткізді. Содан соң «Тәлімгерлер кеңесінің» мүшелері жас болса да, бас болып, тындырымды тірлігімен, жүйелі жұмыстарымен көзге түсіп жүрген аталмыш басқармалардың басшыларының қызметіне сәттілік  тіледі.

Гүлсезім  Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале