Орал қаласында облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің бастамасымен екінші жыл қатарынан ауқымды жәрмеңке ұйымдастырылды. А. Островский атындағы облыстық орыс драма театры мен «Атриум» сауда орталығы алдындағы алаңда «Talpyn» мүмкіндіктер алаңы – 2025» іс-шарасы өткізілді. Аталған жиынды БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен Еңбек мобильділігі орталығы ұйымдастырды.

Іс-шарада келесі бағыттар қамтылды: бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, 60 жұмыс беруші 700-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Бұл жәрмеңкеге өңіріміздің «ҚПО б. в.», «Орал Зенит зауыты» АҚ, «UNISERV», «БҚМЖК», «Кублей» ЖШС-лары, «Конденсат» АҚ, «Дина» СЖ сияқты жетекші кәсіпорындары мен мемлекеттік мекемелері қатысты. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында ауыл кәсіпкерлерінің, мемлекеттік қайтарымсыз грант алушылары өнімдерінің көрме-жәрмеңкесі өткізілді.
Жәрмеңкенің ашылу салтанатында сөз алған өңір басшысы Нариман Төреғалиев азаматтарды әлеуметтік қолдау мемлекет саясатының басым бағыты болып қала беретінін жеткізді.

– 2022-2024 жылдар аралығында жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 1800 азаматқа арнайы гранттар берілсе, биыл 445 адамға осындай гранттар беру жоспарлануда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2024 жылы облысымызда 268 шағын несие беріліп, 2,5 млрд теңге қаражат бөлінді. Ағымдағы жылы жобаны іске асыруға 5,5 млрд теңге бөлініп, 815 жобаны қаржыландыру арқылы 886 жұмыс орны құрылады деп көзделуде. Қабылданып жатқан шаралардың барлығы мемлекет тарапынан тұрғындарымызға деген көмек, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ осы алаңда тәжірибелі кәсіпкерлер мен жастардың ашық кездесуі өтті. Кездесуде спикерлерге сұрақ қойған, белсенді болған қатысушыларға мотивациялық кітаптар сыйға тартылды. Спикерлердің арасында «Village» демалыс паркінің басшысы Бауыржан Бақтығалиев, дезинфекция саласында белсенді кәсіпкер Данияр Базарбаев, «BILIM» оқу орталығының негізін салушы Ершат Бекеев, детейлинг саласы бойынша кәсіпкер Дамир Қадыралиев, «323» кафесінің басшысы Ақжол Жандауов болды. Әр кәсіпкер өзінің даму жолын, жастарға кеңестерін айтты. Кәсіпкер Бауыржан Бақтығалиев өз жолын былай сипаттады:
– Бизнес бастарда ештеңені алдын ала жоспарламадық, өмірді көре келе, әртүрлі жағдайларға байланысты жүзеге асты. Мысалы, кішкентайымыздың дүниеге келуі балабақша ашуға себепкер болды. Оның арасында да біраз жұмыс істеп үлгердік. Журналистік саланы да көрдік. Осылардың барлығы тәжірибе болып жинақталды. Бүгінде «Village» демалыс паркі тек Орал қаласының тұрғындары емес, Атырау, Ақтау қалаларынан да қонақтар келетін орынға айналды. Оған қоса, осыған дейін Алматыдағы тау бөктерінің арасында салынған «Сақ моншасын» өз қаламызда аштық.

Ал Данияр Базарбаев жастарға мотивациялық бағытта сөз сөйлеп, кәсіпке алғаш қалай қадам басқанын былай деп жеткізді:
– Алғашқы бизнеске әкелген қадамым – 11-сыныпта банан сатқаным. Басында ұялдым, 1-2 күн сатқан соң өзім шықпай, інілерімді шақырып жүрдім. Ол кезде ақша табуға әсер еткен нәрсе – қыдыру. Ата-анамыздан ақша сұрауға ұялып, өз бетімізше таба бастадық. 2010 жылы Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетке түстім. Қасымдағы достарым мотивация беріп, бизнес-жоспарды түсіндіріп, кәсіп бастауға жол ашты. 2010 жылдары инстаграмм желісі енді танылып келе жатқан, соны пайдаланып, арзан бағада гүл саттық. 21 жасымда күніне 200-300 мың теңге пайда таптым. 2015 жылы Орал қаласына келдім. Қазір дезинфекциямен айналысамыз. Бұл – отбасылық кәсіп. Атам агроном болған. Жалпы, бизнес бастамастан бұрын адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу керек. Таныстарыңыз, достарыңыз көп болса, мүмкіндігіңіз де көп, – дейді ол.
Білім саласында еңбек етіп жүрген кәсіпкер Ершат Бекеев өз ойын былай түйіндеді:
– Біраз бизнесті көріп, түсінгенім – ең маңыздысы ақылмен жұмыс істеу. Мен өзімнің ұйымдастырушылық қабілетімді пайдаланып, мектептің ең мықты деген ұстаздарын жинап, білім орталығын аштым. Алғашқы минуттарда адамдарды қызықтыра білудің арқасында өсіп-өркендедік, – дейді.

Жиынға қатысушылардың арасында кәсіпкерлерге сұрақ қойып, сыйлыққа ие болған Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледждің 4-курс студенті Жәмиля Өтепова (суретте) осы кездесуден алған әсерімен бөлісті:
– Біз бұл кездесуге бизнес туралы және қазіргі өзекті салаларды толығырақ білу үшін келдік. Осындай кездесулер бізге қазір ненің өзекті екенін, немен айналысуға болатынын көрсетеді. Мен басқа салада оқып жүрсем де, бизнес туралы, жалпы, жаңа бір дүниені білу ешқашан артық емес деп ойлаймын. Себебі заман өзгеріп жатыр, қазір бір ғана мамандықпен шектеліп қалуға болмайды. Көп қырлы болу – артықшылық. Мысалы, мұғалім болсаң да, қосымша кәсіппен айналысып, жеке іс ашуға болады. Бүгінгі спикерлердің бәрі де өз өмірінен мысал келтіріп, шынайы сөйлеген соң, айтқандары жүрекке жетті. Әсіресе «Бастысы – әрекет ету, ұялмау, таныстық орната білу» деген ойлары ұнады. Осындай іс-шаралар жиі өтіп тұрса екен деймін. Бұл – еңбекке деген құлшынысымызды арттырып қана қоймай, нақты қадамға итермелейтін мүмкіндік, – дейді Жәмиля.
«Talpyn» мүмкіндіктер алаңы – 2025» тек кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан жастарға емес, жұмыс іздеп жүрген мамандарға да үлкен мүмкіндік сыйлады. Осындай алаңдар жастарға бағыт-бағдар беріп, алға ұмтылуға себеп болады деп сенеміз.
Жанерке Ғинаят,
Ақбота Қапиет,
Орал қаласы