3.04.2018, 17:06
Оқылды: 220

Тамадаға қандай талап қоясыз?

Бұрындары той аптаның соңына, берісі жұма күнге, әрісі сенбі жексенбіге немесе мереке-мейрам күндеріне белгіленетін. Ал бүгіндері апта бойы той десек, асылық айтқандық емес.

Бәлкім, бұл да заманның жақсылығының бір белгісі болса керек. Оның үстіне тойхана да көп, тамада да ырғын. Бұл екеуінің көптігі соншалық, таяқ лақтырсаң, тамадаға, ал кесек лақтырсаң, тойхананың терезесіне тиеді. Сөйте тұра, ел ішінде, халық арасында тамадаларға көңілі толатын кісіні табу қиын.

Міне, биылғы «кәрі құда» қаншама жамбастап жатып алғанымен, алты ай жазға да жеткен түріміз бар. Демек, «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, алты ай жаз – нағыз тойдың науқаны. Ал ел-жұрт тамада атаулыға қандай талап қояды екен? Біз осы бағытта әлеуметтік сауалнама жүргізгенбіз. Зер салып, назар аударып көріңіз. Тіпті төл пікіріңізді де білдіргейсіз. Егер көптің көкейінен шығатындай ой айтып жатсаңыз, газетіміздің алдағы нөмірлерінде жарияланатын болады...

малик бердалиевМәлік БЕРДІ ӘЛІ, ақын, ҚР Журналистер одағының мүшесі, Ақжайық ауданы:

– Тамада деген қауым тойды табыс табудың көзіне айналдырған мынау заманда тойдағы тәлім-тәрбие, қызық-думан, әсерлі де әдемі демалыс көзден бұлбұл ұшты. Тамадалар тойда өзін жұлдыз санайды. Осыдан келіп олар «той басталғаннан, тарқар сәт таянғанға дейін аузым-аузыма жұқпай сөйлей берсем, ойын ойнатып, билетсем болды» деп ойлайды. «Шешендік дегеніміз керек жерде, қажет кезде үндемеу» дейді Марк Туллий Цицерон. Ал 5-6 анекдот пен бұралқы сөздерді жаттап алған асабалар халықтың талап-талғамын мүлдем түсіріп жіберді. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрге шекеден қарамауы тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деп айрықша атап өткендей, тойға реформа жасау қажеттігі баяғыда жетті. Тамадалар той өткізуді кәсіпке айналдырғаннан кейін сол кәсіптен нәсібін де адал табуды түсінулері керек. Салыстырмалы түрде, бейнелеп айтсақ, тойға келген көпшілік, соның ішінде жас жұбайлар төрт-бес сағаттың ішінде белді ғалымдардың дәрістерін тыңдап, өмірлік маңызы бар, өнегелі тәлім алып шығатындай болуы тиіс. Міне, той сондай сауатты, ғибратты, мәнді-мағыналы ұйымдастырылуы қажет. Сонда ғана «профессор-академик» асабаны ел танитын, сыйлайтын және жиі шақыратын болады. Біле білгенге бұл ұлтымыз үшін маңызды жайт! Жақында ғана қыз ұзатуда бір үлкен анамыз тиісті жөн- жоралғыға сай тойды бастай алмаған асабаға ескерту жа- сады. Жалпы, көпшілік болып осындай әр келеңсіздікті уақтылы түзеп отырсақ, тойымыз мәнді де сәнді өтеріне дау жоқ. Қорыта айтқанда, «Орал өңірі» газетіне былтыр шыққан тамада туралы мақаласында бір қаламгер жазғандай, «Асабаға интуиция, суырыпсалмалық қасиет, қазақтың ұлан-ғайыр даласындай кең дүниетаным, ой-өрісінің жоғарылығы, шымыр логика және үлкен дипломатиялық шеберлікке қоса, «темірдей» жүйке керек». «Болмасаң да, ұқсап бақ» деп данышпан Абай айтқандай, асаба біткен осыған ұмтылғаны ләзім. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы» дегендей, асабаның әр сөзі, сөз саптауы мен іс-әрекеті аламанға дәм беріп, алқа топты меңгеріп, мәдениетіміз бен рухани бет-бейнемізді айқындап, той-жиындардың мәнді де сәнді, тәлім-тәрбиелі, қызықты да жақсы өтуіне қызмет ету шарт. Осы үдеден шыға алсаң қане, асаба бауырым!

 

IMG_2594Сара ТАНАБАЕВА, өлкетанушы, ҚР Мәдениет қайраткері:

– Атам қазақ баласын үйлендіріп, үй қылуды ұрпағының алдындағы өзінің бір парызы санайды. Бұл парыз бұрынғы заманда да оңайға соқпағаны белгілі. Ал қазіргі жағдайда тек той жасаумен аяқтала қойса, қане?! Соған қарамастан, әрқайсымыз балаларымызға той жасауды міндет санаймыз. Әрине, материалдық жағдай көтеретін болса, сөз жоқ, ал кейбір қандастарымыз тұрмысына қарамастан, дүркіретіп той жасайтыны жасырын емес. Той жасаушы ата-ана жастардың шаңырақ көтеру сәті жақсы өтуі және ұзақ есте сақталуы үшін асабаға жүгінеді. Ертеректе бұл жұмысты атқаруды өздері жіті танитын, яғни сол отбасына, жақын туыстарына бұрыннан таныс, жөн-жосықты жақсы білетін, өнерлі, сөзге шешен, тойдың сәнін келтіретін адамға тапсыратын. Олар жөнсіздікке жол бермей, келген қонақтардың көңілін көтеріп, той иелерінің көңілінен шығып жататын. Ал қазір отбасындағы барлық мерекелік шараны: үйлену тойы, шілдехана, тұсау кесу, мерейтойларды жалдамалы тамадалар өткізетін болды. Осынау тойларда көп тамаданың әзілдері ерсі болып, тіпті тілек айтуға шыққан жасы үлкендерге дейін билетіп шығарып, оларды күлкіге айналдырып жатады. Әрбір осындай тойдан шыққан сайын той иелерін аяймын. «Шіркін, бұл тойды басқаша етіп өткізуге болмас па еді?» деп ойлаймын. Мәселен, тамадалар сол тойдың иелерімен алдын ала кездесіп, сценарийін, жоспарын жасап алса, мұндайға жол берілмес пе еді деген де пікір қалыптасады. Тойда негізінен ұлттық өнерге, ән-жырға орын берілуі керек. Асабалардың өздері 15-20 минуттан сөйлеулерін қойғаны дұрыс және тойға шақырылғанның бәріне бірдей сөз беріп, бір- бірін қайталатқызбағаны жөн. Сөздің шыны керек, көп тойдан демалып емес, көңіліміз құлазып, шаршап қайтамыз. Келесі бір тойға той иелерінен ұялғаннан баратынымыз рас. Бұған асабалардың кінәсі бар. Тіпті ұлттық дәстүріміздің бұзылуына осы асабалардың да қатысы бар ма деген ой келеді. Сондықтан жастарымыз ұлттық салт- дәстүрді саналарына сіңірсін, тойымыз сәнді де мәнді өтсін десек, асабаларға дұрыс талап қою қажет...

 

Сағадат РАХМЕТЖАНОВ, әнші-термеші, ҚР Мәдениет қайраткері:

– Той негізі халқымыздың ең бір бағалы құнды- лығы ғой. Халқымыздың салт-дәстүрі, дүниетанымы, мінезі осы тойда көрінеді. Алайда қазіргі тойлардың сәні де, мәні де кетіп бара жатыр. Қазір асабалықты жастарға тапсырады. Жөн-жосықты жөнді білмейтін, сөздік қоры жұтаң, өмір тәжірибесі аз олар той тізгінін қолдарына алған соң өздері қалағандай ұйымдастырады. Тойды шоу жасап жіберді. Қазір асабалардың той жүргізуінің 90 пайызы бір-біріне ұқсас. Шынымды айтайын, қазір тойға көп бармаймын. Тек туыстардың қуанышына ортақтасамын. Өйткені тойлардан шаршап шығамын. Көптен көрмеген туыс пен танысты осы тойларда кездестіресің ғой. Алайда сол тойда отырып, олармен шүйіркелесіп, дидарласуға мүмкіндік жоқ. Музыканың қаттылығынан адамдар бірін-бірі естімейді. Негізі, өнер адамдарына, соның ішінде актерларға микрофонмен қалай сөйлеуді үйретеді. Ал біздің асабалар ондайды білмейді, айқайлап сөйлейді... Осыдан жиырма жылдай уақыт бұрын біз де асаба болдық. Той өткізгенде, азулы ақындардың өлең шумақтарын, би-шешендеріміздің ұлағатты сөздерін пайдаланатынбыз. Ондай тағылымды нәрселерді халық та жақсы қабылдайды. Қазіргідей даңғаза музыка болған жоқ. Соңғы 10-15 жылдан бері тойымыз нашарлап кетті. Бұл мәселенің шешімі қандай дегенге келсек, алдымен той туралы бір бағдарлама сынды құжат керек секілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осыны қолға алуымыз қажет деп ойлаймын. Жалпы, өмірде көп нәрсе насихатқа байланысты ғой. Халық әндері, терме-жыр көбірек насихатталуы керек. Сол кезде халық өнерді дұрыс бағалай алады деп ойлаймын. Қазір түрлі шоу бағдарламалар толып кетті. Классикалық шығармаларды, кәсіби әншілердің өнерін, ұлттық нақыштағы мәдени шараларды насихаттау тым аз. Содан көпшіліктің зейіні шоуға ауып, арзан дүниеге ден қоя бастаған сияқты. Кейбір тойда домбыра үні естілмейді. Домбыра болса, домбырамен ән айтуға мүмкіндік болмай жатады... Тәжікстанда дәстүрді, әдет-ғұрыпты реттейтін заң бар екен. Өзбек ағайындар той өткізуге байланысты арнайы заң қабылдаған. Яғни олар өздерінің салт-дәстүрінің жоғалмауын мемлекеттік тұрғыдан қолға алып отыр. Бізге де осы бағытта жұмыс істейтін уақыт жетті...

 

Дайындаған Сәкен МҰРАТҰЛЫ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале