10.01.2024, 15:03
Оқылды: 72

Тән саулығы дегенім - жан саулығы ...

Жуырда облыстық ардагерлер ұйымы «Мақсат» Орал жоғары медицина колледжімен бірлесіп, «Жастар  арасындағы нашақорлық. Біз есірткіге қарсымыз!» тақырыбында семинар өткізді. Оған техникалық және  кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттері, медицина саласының білікті мамандары, ардагерлері және оқытушылар қатысты. Семинардың басты мақсаты – жастарға есірткінің аса қауіпті екенін, оның адам өміріне залалын тигізіп қана қоймай, құртып тынатынын түсіндіру, сондай-ақ саламатты өмір салтын ұстануға шақыру.

 WhatsApp Image 2024-01-10 at 11.32.23 (2)

Іс-шара барысында облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов сөз алып, нашақорлықтың алдын алуға бағытталған осындай игі шаралардың көптеп өтуі керектігін жеткізді. Оған қоса осы семинардың ұйымдастырылуына септігін тигізген студенттерге ризашылығын білдірді. Өз кезегінде облыстық психо-наркологиялық диспансерінің жоғары дәрежелі психиатр-нарколог дәрі­гері Нұрлан Сатанов «Наша­қорлық – адам өмірін жалмайтын қауіпті дерт» тақырыбында баяндама жасаса, «Мақсат» Орал жоғары медицина коллед­жінің клиникалық пәндер оқытушысы Зиада Молдағалиева есірткінің адамның көңіл күйін, сана-сезімін, мінез-құлқын бұзатын қауіпті химиялық зат екенін тілге тиек етті. Облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Елдос Назаров «Нашақорлық – болашағыңа жа­салған қастандық» тақырыбында ой қозғап, жастарды бұл дерттен қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Семинарға қатысқан студенттер де пікірлерін ортаға салды. Олар есірткінің адамның денсаулығына зиян келтіретіні өз алдына, қоршаған ортадан алыстатып, жанын да жаралайтынын  айтты.

WhatsApp Image 2024-01-10 at 11.32.23 (3)

– Облыстық ардагерлер кеңесі жұмысының басты бағыттарының бірі – жастарға өмірлік дұрыс бағыт-бағдар беру, оларға сапалы тәлім-тәрбие беру. Ел ертеңі – жастардың қолында. Сол себепті жастардың денсаулығы мықты болуы керек. Фармаколог маман ретінде наркотикалық  дәрі-дәрмектер жөнінде аз-кем сөз қозғайын. Жалпы ҚР Мемлекеттік тізі­мін­де 7500-ден астам дәрілік зат тіркелген. Оның 5743-і дәрігер­дің нұсқауымен ғана сатылады. Мұндай дәрі-дәрмектер қатаң  бақылауға алынған. Дәрілік зат медицина маманының нұсқауынсыз сатылған жағдайда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес айыппұл салынады. Наркотикалық дәрілер медицинада күрделі ота жасау кезінде қолданылады. Бүгінгі таңда медицина нысандарынан ешқандай наркотикалық дәрілерді дәрігердің нұсқауынсыз алуға мүмкіндік жоқ, – деген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген студенттерді «Ең үздік бейнеролик», «Ең үздік баяндама», «Ең үздік дебаттық топ» аталымдары бойынша марапаттап, диплом және ақшалай сертификат ұсынды.

WhatsApp Image 2024-01-10 at 11.32.23 (1)

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале