Жақында облыстық референдум комиссиясы жанындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы мен қоғамдық ұйымдар Орал қаласындағы референдум учаскелерін аралады.

Алдымен жұмыс тобы №450 референдум учаскесіне барды. Аталмыш референдум учаскесі Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжінде орналасқан. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Жасұлан Нұрғожин науқан кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті барлық жағдай жасалу керектігін айтты. №450 республикалық референдум комиссиясының төрайымы Роза Зайнуллина учаске алдағы референдумға толық дайын екенін жеткізді.
– Бүгінде референдум учаскесінде екі мыңнан аса сайлаушы бар. Мүгедектігі бар сайлаушы тіркелген жоқ. Референдум учаскесі азаматтарға қоса мүмкіндігі шектеулі жандардың да таңдау жасауына қолайлы етіп жасақталды. Көру және есту қабілеті нашар азаматтар үшін жаңа Конституция жобасының аудио және браиль қарпі түрінде жазылған нұсқалары бар. Бұл еліміздегі барлық сайлау учаскесінде болады. Денсаулығына байланысты келе алмайтынын айтып, төрт азамат үйден дауыс беруге өтініш білдірді. Референдум кезінде комиссия мүшелері олардың үйіне арнайы барады, – деді Р. Зайнуллина.
Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамының төрағасы Жұмажан Қожжанов мүмкіндігі шектеулі жандар да референдумға қатысуға ынталы екенін алға тартты.
– Мүмкіндігі шектеулі жандар елдегі саяси өзгерістерге үн қосып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып келеді. Сондықтан да саяси науқан кезінде олардың дауыс беруі үшін бар мүмкіндікті жасауымыз қажет.
Бүгінгі мониторинг барысында сайлау учаскелерінде дауыс беру құқығына ие мүгедектер үшін қолайлы жағдай жасалғанын аңғардым. Ғимарат алдындағы пандустар талапқа сай, әрі көру қабілеті нашар адамдар үшін еденге жолбағдар орнатылған. Алдағы референдумда сайлаушылар таңдау жасайды деген сенімдемін, – деді Жұмажан Қожжанов.
Облыс бойынша дауыс беру кезінде ерекше қажеттілікті талап ететін мүгедектігі бар адамдардың саны – 2254, соның ішінде креслоарбаларды пайдаланушылар – 538, естуі бойынша мүгедектігі бар – 450, көруі бойынша мүгедектігі бар – 1266. Республикалық референдум кезінде барлық учаскеде мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы бұрыштар болады. Бұл бұрышқа арнайы компьютер, ұлғайтқыш құралдар, құлаққаптар және өзге де қажетті құрылғылар қойылады. Референдум кезінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы сурдоаудармашылар тізімі жасақталады. Сондай-ақ облысымыздың барлық ауданында және Орал қаласында инватакси қызметі ұйымдастырылған.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»