Чарльз Диккенс
Ағылшын жазушысы Чарльз Диккенс 1812 жылдың 7 ақпанында Англиядағы Портсмут қаласында туып, 1870 жылдың 9 маусымында Хайэм қаласында қайтыс болған. Көзі тірісінде-ақ ең танымал ағылшын жазушысы болған ол – бүкіл әлем мойындаған классик. Қаламгердің «Оливер Твист» «Николас Никльби», «Дэвид Копперфилд», «Екі шаһар туралы хикая», «Үлкен үміттер» т.б. Шығармаларын дүние жүзі халықтары күні бүгінге дейін сүйіп оқиды. Теңіздің дәмі тамшыдан білінеді. Чарльз Диккенстің біз аударып, назарыңызға ұсынған шығармасын оқып, қаламгердің қарымын таныңыз.
Фото: wikipedia.org
Бұрынырақта жер жаһанды шарлап, саяхат жасайтын бір жиһанкез болыпты. Оның саяхаты бастапқыда өте ұзақ болып көрінгенмен, орта жолға келгенде, тым қысқа екені білінетін таңғажайып сапар екен.
Саяхатшы әуелі біраз уақыт ешкімді жолықтырмай жол жүргеннен кейін, бір күні бір сүп-сүйкімді бөбекті кезіктіреді.
– Мұнда не істеп жүрсің? – деп сұраған жиһанкезге бүлдіршін:
– Мен үнемі ойын ойнаймын. Кел, бірге ойнайық! – дейді.
Сол күннен бастап екеуі бірге ойнап, көңілді өмір сүреді. Көкпеңбек аспан, жарқырап нұр шашқан алтын күн, жалтыраған айдын, жап-жасыл жапырақтар, құлпырған гүлдер, құстардың әсем әні, әдемі көбелектер – бәрі-бәрі өзара үйлесім тауып, жараса қалған тамаша шақ болатын. Әр жыл мезгілінің ауа райы өзінше ерекше еді. Жаңбырлы күні олар мөп-мөлдір тамшының тамғанын қызықтап, хош иісті жұпар ауаны көкірек кере жұтқанды жақсы көретін. Ақ ұлпа қардың миллиондаған аппақ құстың қауырсыны түсіп жатқандай, жапалақтап жауғанын көріп шаттанатын. Сондай-ақ олардың тамаша ойыншықтары және ергежейлілер мен дәулер, таңғажайып әлемдер, тастай қараңғы үңгірлер мен ит тұмсығы өтпейтін ну ормандар туралы неше түрлі қызықты кітаптары бар-тұғын. Алайда бір күні саяхатшы бөбекті жоғалтып алды. Әрі іздеп, бері іздеп, қанша сандалғанмен, ұшты-күйлі жоғалған бүлдіршін табылмай қойды. Содан соң жиһанкез амалсыз одан әрмен сапарын жалғастырды. Біраз уақыт ешкімді жолықтырмай жол жүрген соң, ол бір күні бір сүйкімді баланы кезіктірді.
– Сен мұнда не істеп жүрсің? – деп сұраған саяхатшыға бала:
– Мен үнемі оқу, іздену үстіндемін. Кел, бірге ізденейік! – деп жауап береді.
Сол күннен бастап екеуі Юпитер мен Юнона, гректер мен римдіктер, қысқасы, бәрі-бәрі туралы оқып үйрене бастады. Дегенмен, олар сан қилы қызықты әрі көңілді ойындар ойнауға да үлгеретін. Қыста мұзда сырғанап, жазда өзенде қайықпен жүзіп, асыр салып жүгіріп, атпен шауып, доппен әртүрлі ойындар ойнап, бірін-бірі қуалайтын. Ал демалыс және мереке күндері театрларға барып, тәтті күлше жеп, алтын мен күмістен салынған ғаламат сарайларды аралап, түн ортасына дейін би билеп, көңіл көтеретін. Сондай-ақ олардың мен санасам, санынан жаңылатын өте көп достары бар еді. Бәрі де сүйкімді әрі арасынан қыл өтпес тату болатын.
Мұндай рақат пен қызыққа толы ғұмыр саяхатшы бөбекті жоғалтып алғаны сияқты, баланы да жоғалтып алғанға дейін жалғасты. Жан ұшыра әрі іздеп, бері іздеп, еш нәтиже болмаған соң, ол сапарын одан әрі жалғастырды. Біраз уақыт ешкімді кезіктірмей жол жүрген соң, бір күні саяхатшы бір сымбатты жас жігітті жолықтырды.
– Сен мұнда не істеп жүрсің? – деп сұраған жиһанкезге жігіт:
– Мен ессіз ғашықпын. Кел, сен де махаббаттың шәрбатын іш, – деп жауап береді.
Сөйтіп, саяхатшы мен жас жігіт ай десе, аузы, күн десе, көзі бар бір сұлудың мекеніне барады. Арудың мөлдіреген жанары да, шашы да, ажары да, күлгені де, еркелегені де Фэнни сияқты екен. Атын атамай-ақ қояйын, әлдекімнің Фэнниді құлай сүйгені секілді сымбатты жігіт те әлгі аруға өлердей ғашық болады. Кім екенін айтпай-ақ қояйын, әлдекім мен Фэнни сияқты екеуі жарасымды әзілдер айтып күлісіп, кейде ұрысып қалып, кейін қайта татуласып, бір-бірінен жырақта болған кезде күн сайын хат жазысатын. Бірін-бірі аз ғана уақыт көрмей қалса, көңілдері алаң болып, жан ұшыра іздейтін. Атын атамай-ақ қояйын, әлдекім мен Фэнни сықылды, сымбатты жігіт пен ару некесін қидырып, көп ұзамай тойын жасауды жоспарлап жүрді. Бірақ бір күні саяхатшы өзге достарынан адасып қалғаны сияқты, сымбатты жігіт пен сұлу қыздан да көз жазып қалды. Оларды әрі іздеп, бері іздеп таппаған соң, сапарын одан әрмен жалғастырды. Біраз уақыт ешкімді жолықтырмай жол жүрген соң, орта жастағы бір жігіт ағасын кезіктірді.
– Мұнда не істеп жүрсің? – деп сұраған саяхатшыға ол:
– Мен әрдайым жұмысбастымын. Шаруадан қолым тимейді. Кел, менімен бірге жұмыс істе! – деп жауап береді.
Сөйтіп, саяхатшы орта жастағы ер адамға еріп, жұмысбасты болып, қалың орман ішімен жол жүреді. Бастапқыда ормандағы ағаштар-дың жапырағы көктемдегідей ашық жасыл болғанмен, бірте-бірте жаздағыдай қоюлана түседі. Тіпті, кейбір ерте бүр жарғандары қоңырқай тартып та үлгерген еді. Жігіт ағасының қасында өзімен жасты жұбайы және олардың балалары бар-тұғын. Барлығы бірге ит тұмсығы өтпейтін қалың жынысты орманда ағаштарды кесіп, жол салып, жүктерін арқалап, алға қарай тарта берді. Бірде орман ішіндегі бір ашық алаңқайға тап келіп, тынығып тұрғанында:
– Әке, әке! Мені күте тұрыңыздар! Мен де тағы бір балаңызбын! – деп айқайлаған бір жіңішке дауыс естіді. Содан соң жақындаған сайын үлкейе түскен бір бөбек жүгіріп келіп, олардың қатарына қосылды. Ата-анасы мен бауырлары бүлдіршінді құшақ жая қарсы алып, бетінен сүйіп, мәз-мейрам болды. Біраз жол жүрген соң, олар қайтадан бір ашық алаңқайға кезігіп, сол жерде аялдады. Кенет:
– Әке, мен теңізші боламын, – деді балалардың біреуі.
– Әке, мен Үндістанға кетемін, – деді өзгесі.
– Мен бақытымды іздеймін, арман қуамын, – деді келесісі.
– Әке, мен аспанға, ана дүниеге кетемін! – деді енді бірі.
Сөйтіп, жанарға жас алып, отбасын қимай-қимай әрқайсысы өз жолы, өз соқпағымен кетті. Тек «аспанға, ана дүниеге кетемін» деген бала ғана биікке қалықтап, көзден ғайып болды.
Осы жәйттер орын алып жатқанда, саяхатшы жігіт ағасының көк аспанға көз тігіп, биігінен құлдилай бастаған күнге ойлы жанармен қарап тұрғанын көрді. Оның шашы да бозғылт тартыпты. Алайда бір жерде ұзақ бөгелуге уақыт тым тығыз әрі олар жұмысбасты болғандықтан, жолаушылар сапарын ары қарай жалғастырды. Саяхатшы, жігіт ағасы және жұбайы – үшеуі жолаушылап келе жатқанда, орманның түсі түгелдей сарғайып және қоңырқай тартып, ағаш жапырақтары да үзіліп түсе бастаған-ды. Алдыңғыларына қарағанда әлдеқайда алакөлеңкелеу бір алаңқайға келген кезде:
– Отағасы, маған берілген уақыт аяқталуға жақын, – деді жігіт ағасының жұбайы. Кенет олар жол жүріп келген бағыттан алыстан айқайлап шақырған:
– Анашым, анашым! – деген дауыс естілді. Бұл «мен аспанға, ана дүниеге кетемін» деп ғайып болған перзенттің дауысы болатын. Отағасы:
– Өтінемін қазір емес. Сәл шыдай тұр. Күн де батуға таяу, – деп жалынды. Бұл кезде шашы қудай боп ағарған, жанарында жас мөлдіреген оның даусын:
– Анашым, анашым! – деп шақырған үн бөліп жіберді.
Жұбайы ерінің мойнынан құшақтап, бетінен сүйді де:
– Қымбаттым, менің уақытым тәмам, мен кеттім, – деді.
Сөйтіп, саяхатшы мен жігіт ағасы екеуі ғана қалды. Олар ары қарай жол жүріп, орман шетіне жетуге таяды. Тіпті, ағаштардың арасынан батып бара жатқан күннің қып-қызыл шұғыласы көрініп тұрды. Ағаш бұтағын сындырып, әрмен қарай өте бергенде, саяхатшы досынан көз жазып қалды. Қанша айқайлап шақырғанмен, еш жауап ала алмады. Сондықтан орман шетіне жалғыз шығып, дүниеге ақырғы сәулесін шашып, бұлттарды қып-қызыл жалынға орап батып бара жатқан күнге қарады. Содан кейін құлаған ағаштың үстінде отырған қариядан:
– Мұнда не істеп отырсыз? – деп сұрады.
Қария ойлана күлімсіреді де:
– Мен өткенді еске алып отырмын. Кел, бірге еске алайық! – деп жауап берді.
Саяхатшы күннің ең соңғы шуағына қарап, қарияның жанына отырғанда, оның артына бүкіл досы келіп тұра қалды. Сүйкімді бөбек, кішкентай бала, сымбатты жас жігіт, балаларымен бірге әкесі мен анасы – бәрі-бәрі осында еді. Саяхатшы олардың барлығын жақсы көріп, еркелетіп, аталық мейірімін көрсетті. Олар да саяхатшыны құрметтеп, жақсы көрді.
Қадірлі аташым, саяхатшы дегенім – сіз. Өйткені, сіздің бізге істегеніңіз де, біздің сізге істегеніміз де осы хикаяда әңгімеленгендей еді.
Әңгіменің түпнұсқадағы атауы «Баланың хикаясы» («The Child’s Story»).
Ағылшын тілінен аударған Алпамыс Файзолла