19.04.2021, 22:41
Оқылды: 24

Танкист Шкуратов

Он сегіз жасында оқ пен оттың ортасына аттанып, содан елге 1950 жылы ғана оралған ерлердің бірі – Владимир Шкуратов. Ол Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы Васильевка ауылында 1925 жылы 1 шілдеде туған.

Шкуратов1

Бүгінде Владимир Петрович Бәйтерек ауданындағы Погодаев ауылында сау- саламат тұрып жатыр. Иә, соғыс басталғанда Володя он алты-ақ жаста еді. Сол заманның жалындаған жастары сияқты ол да Отанымызды қасық қаны қалғанша қорғауға өзіне-өзі серт беріп, майданға сұранады. Бірақ әскери комиссариат жас патриотты арқасынан қағып, «Тылға да өзіңдей жастар керек, жасың келгенде шақыртамыз», - деп шығарып салады. Бірақ қайсар жас ақыры, он сегіз жасына бес ай толмай, 1943 жылы 8 ақпанда майданға алынады. Сарбаздарды тиеп алған «Қызыл вагон» Мәскеуге маңдай төсеп, күні-түні тоқтаусыз жүріп отырады. Алайда еліміздің сол кездегі астанасына әбден жақындағанда бұлар мінген составты Қиыр Шығысқа қарай бұрып жібереді. Бұл кездегі шайқастар Қиыр Шығыстан мыңдаған шақырым алыста жүріп жатқан. Аспаннан азынап төнген ұшақтар мен ысқырған оқ, зуылдап құлаған бомба мен снарядтардың даусы бұл жақта мүлдем естілмейді. Бір қарағанда тып-тыныш. Бірақ ол тыныштықтың арғы жағында зор қауіп-қатер бұғып жатты. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін фашистік Германиямен ауыз жаласқан милиатиристік Жапония осы Қиыр Шығыс бағытынан еліміздің мемлекеттік шекарасына шабуылдайтын сәтті күтіп тұр еді. Сондықтан еліміз мұнда арнайы әскер ұстауға мәжбүр еді. Бұл жерде тұрған әскерлеріміз қарап жата бермей, күндіз-түні соғысқа дайындалып, тактикалық жаттығуларын жалғастыра берді. Әскери дайындықтан өткен олардың бірқатары сол жерден майданға да аттанып жататын. Міне, сол Қиыр Шығысқа танк экипажымен  Володия да келіп жетті. Сонда әскери қызметін атқаруға қалдырылды. Жапондар ақыры 1945 жылдың 9 тамызында соғыс ашты. Бұл жақтағы ең қиыны бір жауса, басылмайтын жауын-шашын болды. Өзен-көлдер арнасынан асып, жер ми батпаққа айналып, әскердің, әсіресе, танктердің шабуылына зор қиындықтар келтірді. Бірақ соған қарамастан Кеңес әскерлері жапон шебін жапырып, алға жылжумен болды. Бұл кезде Владимир Шкуратов танк экипажының командирі еді. Жапондармен болған талай айқастарда ерекше көзге түсті. Кейін сол ерліктері үшін басқа наградаларына қоса, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды. Әлі күнге дейін есінен кетпейтіні – жапондық диверсант-камикадзелердің өлген-тірілгеніне қарамай соғысқандары. Танкіге қарсы шауып, өздерін жарып жіберетіні, қолға түсер болғанда іштерін қанжармен ақтарып, өлетіндері сұмдық еді. Бірақ жапондар қанша өлермен болса да, Володя сияқты біздің жауынгерлердің қаһармандықтарынан асып кете алмады. Бір айға жетпейтін уақытта дәлірек айтсақ, 1945 жылдың 3 қыркүйегінде тас-талқандары шығып жеңілді. Мұнда, әрине, Кеңес әскерлерінің кешегі неміс басқыншыларымен болған қанды шайқастарда алған ұрыс қимылдары жөніндегі тәжірибесі зор рөл атқарғаны даусыз. Сөйтіп, Қиыр Шығыстан елімізге төнген қауіп біржола жойылды. Жапондармен болған соғыс жеңіспен аяқталса да, олардың диверсиялық әрекеттері тыйылмай қойды. Міне, соларды мүлдем құрту үшін Володя сияқты жауынгерлерді елдеріне қайтармай алып қалған еді. Ал олар бұл міндетті толығымен орындады. Сөйтіп, Ұлы Жеңістен кейін тағы да бес жыл әскерде қызмет етіп, Владимир Шкуратов өзінің Жамбылына 1950 жылы ғана оралды. Айтпақшы, екеу болып оралды. Нақтылай айтсақ, 1947 жылы сол Қиыр Шығысында жүргенде бір шаруашылыққа егін жинауға көмекке жіберіледі. Міне, сонда болашақ жары Наталья Романовнамен танысады. Ол Чита қаласының қызы екен. Көп ұзамай екеуі шағын үйлену тойын жасайды. Онда, әрине, ең жақын қарулас достары болды.

Сонау тың игеру жылдарының кезінде Шкуратов Көкшетау облысына жолданады. Наталья апамыз екеуі бес ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Ал 1996 жылы қарт майдангер қосағымен біздің облысқа қоныс аударды. Өйткені Ақ Жайықта, яғни біздің облыстың Погодаев ауылында олардың бір қызы мен ұлы тұратын. Қазір қос қария солардың қамқорлығымен, немере-шөберелері-
нің қызығына кенеліп, бақуатты тұрмыс кешуде. Екеуінің бұл өмірде қол ұстасып қатар келе жатқандарына 72 жыл толып отыр.

Алда келе жатқан Ұлы мерекелеріңіз – Жеңіс күні құтты болсын, Владимир Петрович, Наталья Романовна!

 

Биылғы 9 мамыр – Жеңіс күнінің қарсаңында «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінен арамыздағы жеңімпаздардың өмір дерегін, қан майдандағы жанқиярлық ерлігі мен бейбіт күнгі жасампаз еңбегі жайлы оқи жүріңіздер. Газеттерімізге ардагерлер жайлы мақалалар мен құттықтаулар берулеріңізге болады.

 

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале