Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде жастарға әлеуметтік желі арқылы кеңінен танылған белгілі дінтанушы, теолог маман Нұрлан Байжігітұлымен кездесу өтті.
Еркін форматтағы жүздесу барысында Астана қаласындағы Ырыскелді қажы мешітінің бас имамы, теолог, дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы тәрбие мәселесі, ата-анаға құрмет көрсету, дін мен дәстүрді дәріптеу, патриоттық туралы кеңінен әңгіме қозғады.
– Жалпы бұл кездесулердің мақсаты – жастарға тәртіп, заң туралы түсінік беру, заң аясында өмір сүруге үйрету. Жастардың Отанға деген патриоттық сезімдерін ояту. Біз зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатқандықтан, біздің өміріміз тек діни мәселені ғана қамтымайды. Мемлекеттің заңдарына барлық адам мойынсұнуы тиіс. «Адал ұрпақ» деген тіркес бар. Бұл ұғымның да астары тереңде. Заңға қайшы әрекет жасамау, тәртіпке бағыну, үлкенге құрмет көрсету. Бұл – ата-бабамыздан бері жалғасып келе жатқан құндылықтар. Сол үрдістерімізді одан әрі жалғастыруымыз керек, – деді әлеуметтік желі оқырмандарының рухани ұстазына айналған Нұрлан имам. Сондай-ақ танымал теолог кейінгі кездері жастардың тез ашуға берілгіш, қызу қанды болып кеткенін жасырмады. Соның салдарынан олардың қоғамнан оқшаулану жағдайлары кездесетінін де тілге тиек етті. Еліміздің ертеңі – жастарды қандай жағдайда да сабырлы болып, білімге ұмтылып, болашаққа жарқын қадам жасауға шақырды.
– Мұндай кездесулер жастар үшін аса қажет. Кездесуде Нұрлан Байжігітұлы әртүрлі тақырыптарды қозғады. Дінді ұстанудың да өзінің белгілі бір шегі бар екенін түсіндірді. Білімнің маңызына тоқталды. Бұл шарадан ерекше әсер алдық, – дейді Жәңгір хан университетінің студенті Мекен Қарғабаев.
Дінтанушы білім алушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Зал толы жиналған студенттер мен оқытушылар кездесу соңында Нұрлан Байжігітұлымен естелік суретке түсіп, тағылымды шарадан рухани азық алып тарқасты.
БҚАТУ медиа орталығы