Биыл Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің құрылғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай білім ошағында көптеген кешенді іс-шаралар өтуде.
«Рухани жаңғыру» институтының ұйымдастыруымен өңірімізге белгілі қоғам қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, өлкетанушы Нұрлыбек Бірмановтың «Даңқты халықтың үлкен жолы» (Большой путь славного народа) деген кітабының таныстырылымы осы датаға тұспа-тұс келіп отыр. Салтанатты іс-шараның модераторлық қызметін «Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Абат Қыдыршаев атқарды.
Жарыққа шыққан еңбектің тұсаукесер отырысы Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын!» поэмасымен басталды. Поэмадан үзінді оқыған – филология факультетінің 3-курс студенті Зафура Мамұт. Тарих төңірегіндегі аталған еңбектің мән-мазмұны да қазақ шежіресіне негізделген.Таныстырылым кешінде универститеттің ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, география ғылымдарының кандитаты, профессор Қажымұрат Мақсотұлы тарихи еңбектің маңызы жөнінде сөйледі. Сонымен қатар жиынға жиырмаға тарта мүйізі қарағайдай профессор, доктор, доцент, тарихшылар қатысып, кітап туралы өз пікірлерін ортаға салды. Олардың қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Тұяқбай Зейітұлы, тарих ғылымдарының кандитаты, облыстық мәслихат депутаты Жаңабек Жақсығалиев, «Ақжайық» шипажайы директорының орынбасары, «Өзін-өзі тану» оқулығының ауторларының бірі Айболат Сейтақ секілді тұлғалар болды. Әуесқой тарихшының еңбегіндегі кейбір кемшін тұстарды да жасырып қалмағаны жиынға шынайы сипат үстеді. Тәжірибелі мамандардың тарих турасында жәнесөз өнері жайлы айтқан әңгімелері көрермен болып қатысқан студенттеріге пайдалы болды.
Су жаңа кітаптың лентасын қию рәсімін Тұяқбай Рысбеков пен Абат Қыдыршаев жасады.
– Тарих ғылымының тереңіне бойлай берген адамға қашанда қиындықтар жолығады. Фактілердің арасында адасуы мүмкін. Себебі уақытқа жұтылған дәуірлерді қаз қалпында қағазға түсіру оңай шаруа емес. Қажырлы еңбекті талап етеді. Ешқандай дүниенің мінсіз болмайтыны белгілі. Тұсауы кесілгелі отырған кітаптың ауторы әуесқой тарихшы екенін ескерсек, әбден мақтауға лайық. Алдағы уақытта тарих жолындағы ізденістерін ширатып, кәсіби мамандармен иық тірестіре алатынына, сом-сом зерттеу еңбектерін жазып, том-том кітаптар шығаратынына сенемін, - дейді Тұяқбай Зейітұлы.
«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс», – деп кітаптан үзінді келтіріп, Абат Сатыбайұлы ауторға қаратып, өз пікір-тілегін жолдады. – Бұл еңбекті оқып шыққаннан кейін, тарихын тануға құмартқаншәкірттер қауымына да, кейінгі жас ұрпаққа, тіпті біздің қатардағы профессорлар қауымына да пайдалы, үлкенге де, кішіге де ой саларлық дүние екен деген пікірге тоқтадым, – дейді профессор оқытушы. Жиын соңында келген қонақтар мен студенттер университеттегіғылыми кітапхана директоры Тоты Еркінқызы дайындаған «Өлке тарихы – ел тарихы» атты көрмені тамашалады.
Нұртілеу Қадырқұл,
zhaikpress.kz