10.04.2025, 15:00
Оқылды: 174

«Тапсырмалар атүсті орындалмасын!»

БҚО әкімдігінде  төтенше  жағдайлардың  алдын  алу  және  жою  жөніндегі  комиссияның  отырысы  өтті.  Отырыста су  тасқынының  алдын  алуға  бағытталған  жұмыстар  туралы  айтылып,  өрт  қауіпсіздігін  қамтамасыз  ету  мәселелері  қаралды.  Сондай-ақ  суға  шомылу  маусымына  дайындық  жұмыстары  пысықталды.  Облыс әкімі  Нариман  Төреғалиев  жұмыстарды  жіті  бақылау  керектігін  қатаң  ескертті.  Содан  соң  атқарылған  жұмыстар  және  алдағы  уақытта  жүзеге  асырылатын  жоба-жоспарлар  жайындағы  мағлұматтар  қамтылған  баяндамаларға  кезек  берілді. 

DSC05705 (1)

- Биыл 200 мың текше метрден астам су сорылды. Төселген қап 17 мыңнан асады. Өзендердегі мұзды жару жұмыстары уақтылы жүргізілді. Облыс аумағында 1 млн текше метрден астам қар шығарылды.

Сондай-ақ жауын-шашыннан кейін техникалар жолдарды тазалауға тартылды.

Десе де, қар шығару жұмыстары толық жүргізілмеді. Толық шығарылмаған қар температура күрт жоғарылағанда еріп, су тасқыны болуы мүмкін еді. Мұндай жағдай 2024 жылы орын алған. Осыған байланысты қар шығару техникаларының санын жедел көбейту қажет, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Марат Мұратов.

Облыстық  жұмылдыру дайындығы, аумақтық  және азаматтық  қорғаныс басқармасының басшысы Әлібек Ташимов 2025-2027 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың кешенді жоспарына тоқталды. Әлібек Қазиханұлының мәлімдеуінше, жоспарға «Су тасқыны жағдайын болжау және мониторинг жүргізу. Су басу қаупі бар учаскелерді анықтау», «Елді мекендерде инженерлік қорғауды жүргізу», «Аутомобиль жолдарындағы су тасқынына қарсы іс-шаралар», «Гидротехникалық құрылыстарды тексеру, жөндеу және күтіп ұстау», «Су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайды жою үшін қажетті техника мен жабдықтарды сатып алу», «Нормативтікқұқықтық актілерге өзгерістер енгізу» және «Қосымша іс-шаралар» секілді 7 бөлім, 189 іс-шара енгізіліп, әр бөлімге жауапты мекемелер бекітілген. Осы жиын барысында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша да бірқатар  мәселе  қаралды.

– 2025-2026 жылдарға арналған құқық қорғау және жергілікті атқарушы құрылым өкілдерімен бірге өзара іс-қимыл және профилактикалық шаралар жоспары бекітілді. «Қазавиақұтқару» АҚ ұсынатын тікұшақ қызметтерін пайдалану үшін биыл 82 млн 166 мың теңге көлемінде келісімшарт жасалды. Мобильді топтар құрылып, 22 рейдтік іс-шара өткізілді. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 30 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 762 тұрғынға жаднамалар таратылып, өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді, – деді БҚО ТЖД басшысының міндетін уақытша атқарушы Марат  Дәулетұлы.

Отырыста айтылғандай, биыл табиғатқа ұқыпты қарау тақырыбында аншлагтар, сондай-ақ республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың бойына қоршаған ортаны аялауға шақыратын билбордтар орнатылмақ. Түсіндіру жұмыстары жүргізілмек. Оған қоса кездесулер мен семинарлар өткізіледі.

– Қазіргі таңда орман шаруашылығы мекемелерінде 12 өрт сөндіру көлігі, 31 тіркемелі соқамен жабдықталған түрлі ныспылы трактор, 22 су таратқыш және 25 патрульдік көлік, 312 аспалы су сепкіш және 8 дрон бар. Сонымен қатар мекемелер нормативке сәйкес толықтай 430 радиобайланыс құралымен жабдықталған. Орман өрттерінің алдын алу мақсатында орман шаруашылығы мекемелерінде 7 өрт бақылау мұнарасы, 7 бейнебақылау камерасы бар. Олар арқылы өртті жедел анықтауға болады, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев.

Өз кезегінде облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нұрлан Рахымжанов та жан-жақты жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Отырыста қаралған үшінші мәселе – суға шомылу маусымына дайындық жұмыстары бойынша сөз алған облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Марат Мұратов былтыр 13 адамның суға батып, қайтыс болғанын айтты. Сонымен қатар профилактикалық жұмыстар барысында 20 адам құтқарылғанын жеткізді. Облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Ернар Сұлтанғалиев және облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин қауіп-қатердің алдын алу бағытында маңызды шаруалар атқарылып жатқанын тілге  тиек  етті.

– Берілген тапсырмалар уақтылы орындалуы тиіс. Немқұрайлылық танытуды, тапсырмаларды атүсті орындауды доғару қажет. Кешенді жоспар бойынша атқарылуы тиіс қыруар шаруа бар. Төтенше жағдайлардың алдын алу – біздің басты міндетіміз. Техникалық және материалдық жабдықтар жаңартылсын! Жүйелі жұмыс жүргізу арқылы ғана нақты нәтижеге қол жеткіземіз. Осыны естен шығармайық! – деп Нариман Төреғалиұлы комиссия отырысын қорытындылады.

Мәрлен Мәлікұлы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале