ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері, қадірменді әріптесіміз Түймеш Дәрішева туралы толғанысты оқырман назарына ұсынамыз. Түймеш Малбағарқызы 1961 жылы қыркүйек айының 28-інде Ақтөбе облысының Хромтау ауданындағы Табантал ауылдық округіне қарасты Көптоғай елді мекенінде (бұрынғы Новоресей ауданы, Магаджан поселкесі) дүниеге келген. 1979-1985 жылдары Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін (бұрынғы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты) тәмамдаған. Педагогика ғылымдарының кандидаты (Алматы, 1994 ж.). Комсомол ұйымының хатшысы, ассистент, оқытушы, аға оқытушы, филология факультеті деканының орынбасары сатыларынан өткен. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің проректоры (1998-2021 ж.ж.), доцент.
Біз «Тәрбие Тайбурылы» Түймеш Малбағарқызымен 1981-1985 жылдары бірге оқыдық. Осы кезеңде атағы аспандап тұрған Орал педагогикалық институтын тәмамдадық. Рас, Тәкең бізден бір курс бұрын бастады. Айқай, студенттік кезеңде біздің Таня қыз қызғалдақтары басым филология факультетінің хор қызындай бірінен бірі өтетін тұтас аруларынан жасақталған «Ассоль» атты студенттік құрылыс отрядының комиссары, облыстық штаб командирі болса, мен филология факультетінің қыран мінезді өңкей сұңқарларынан құралған ер жігіттерден жасақталған «Данько» құрылыс отрядының командирі болып, еңбек майданында аянбастай тер төктік. Терлеп көрмеген тердің қадірін қайдан білсін!.. Сөйтіп, студенттік кезеңде Альма-матеріміз – туған институтымыздың имиджін еселей арттыруға оқуымызбен де, еңбегімізбен де зор үлес қостық. Қазір таңғаламыз, жазғы демалыс кезінде жастық жалынмен еңбек майданына араласып, қосымша қаржы көзін тауып, ата-анамызға, бауырларымызға көмектесіп, қысқасы, бір тыным таппаушы едік-ау! Еңбек біздің екінші анамыз болды. Сол тұстағы филология факультетінің деканы – бүгінгі ардагер ұстаз, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жұмағали Серіков...
Біз білетін Түймеш Малбағарқызы – көкірек көзі, пейілі таза кісі. Бүгінгі тәрбие маршалы Түймеш Малбағарқызы – турап айтар турашыл, кесіп айтар кесімшіл, кісілігі мол, әділ жан. Ал кімде-кім тура һәм әділ болса, соның жүзі сәулелі күншуаққа ұқсар деген бар емес пе? Құдай сақтасын, Түймештің біреуге ор қазғанын, өтірік айтып, жалған сөйлегенін естіген де, көрген де емеспіз. Асылы, біздің кейіпкеріміз әкесі Малбағардан, анасы Дімкәдан қалған «Біреуге ор қазған өзі түсер», «Өтірік айтпа: бір рет жалған сөйлер болсаң, жалғаншы деген аттан қашып құтыла алмай қаларсың» деген тәрбиелік тәмсілді ұғып өскен. Түймеш үш сөзді ешқашан естен шығармауды жөн санайды. Олар ұят, борыш, обал. Әр кез «Ұят болар!», «Борышымыз ғой!», «Парызымыз емес пе!», «Обал болар!» деп жүргені. Бір ғажабы, Тәкең – тәрбие ісіне бел шеше араласқан ғалымдардан хат қаларын, ұста ұстаздардан рухани мол мұра қаларын анық аңғарған жан. Біледі де, ортақ істе кедергі болмай, қайта зор қолдау үлгісін көрсетеді. Тәрбие ісінде жаңа ұрпақтың рухани жаңғыру бағдарламасы аясында баулынуына баса мән беруі қуантады...
Біздің Тәкеңнің ғылым жолында да өзіндік ізі бар. 1989 жылы Түймеш Малбағарқызы бүгінгі Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетінің (Алматы) аспирантурасына оқуға түсіп, 1994 жылы «Принцип преемственности в обучении синтаксису сложного предложения» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, диссертациялық кеңес мүшелерінің бірауыздан қолдауына ие болып, педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне ие болды. Елуден астам ғылыми-әдістемелік мақаланың, екі оқу құралының авторы. Түймеш Малбағарқызы «Ақжайықтың асыл арулары» - «Заслуженные женщины Приуралья» атты энцклопедиясының бірінші басылымына алғашқылардың бірі ретінде енгізілген (сонда, 34; 166-б.б.). Түймеш Малбағарқызы Дәрішева – «Халықтың сүйіктісі» Ұлттық сыйлығының лауреаты (2020, қаңтар).
Түймеш Малбағарқызының университетіне шексіз махаббаты, іске адалдығы, мұқалмас ерік-жігері, аса жауаптылығы, пайымды патриоттылығы ерекше сүйсіндіреді. Біздің ер мінезді Тәкең – жайдарлы да жігерлі, қарымды елдік істе ілгері, мойымас маңдайлы, еш нәрсеге де таңғалмас таңдайлы, кеудесі алтын, ағайын-бауырға жақын, азаншыл да қазаншыл, қайратты да батыл қазақтың бірегей патриот қызы. Түймеш – адал сөзді жан. Адал сөз – екі дүниеде бірдей жанның шырағы, арам сөздің екі дүниеде де сұрауы бар емес пе? Түймеш айтқан сөзге, уәдеге берік. «Жаманның мыңы тұрмайды қара пұлға, жақсының бірі болады елге тұлға» дегендей, Түймеш – университет тұтқасы. Түймеш теңіздің мұзы емес, елінің тұзы. Бұл ретте «алыс болса – теңіздің мұзы-дағы, жақын болса – елінің тұзы-дағы» дер едік.
Кейіпкеріміз туралы қадірлі ұстазы, әдебиеттанушы-ғалым, марқұм Серікқали Шарабасов: «Студенттік қиындығы мен қызығы мол жылдар Түймешке от берді. Ол институт өмірінің ханбазарын қызықтаушы, жай аралаушы емес, студент-лидер ретінде танылды. Пушкин балы, Пушкин поэзия кеші, түрлі ерікті-еріксіз сенбіліктерде, қаланың салтанатты жиындарында арынды, дарынды Түймеш жүретін. Осы әрекеттер институт ректоры, партия ұйымы, комсомол назарынан қалыс қалмады. Институтты бітірісімен, профессор Разак Абузяров кафедрасына жұмысқа қалдырылады... Университеттегі тәрбие жұмысының жүйесі білімді, жоғары мәдениетті тұлғаны қалыптастыруға бағытталған. Студенттермен жүргізілетін тәрбие жұмысы білім алушылардың жас ерекшелігіне сай құрылған. Атап өтер болсақ, «Ақиқат» пікірталас орталығы, БҚМУ студенттер кәсіподағы, «Студенттік кіші ассамблея» сынды жастар қоғамдық бірлестіктері гранттық жобаларға қатысып, облыстық, аймақтық, республикалық деңгейде іс-шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік алды... Түймешті кейбіреулер «орыс мінезді», жазалау иесі, кекшіл деп кінә тағады. Ал Түймеш Дәрішеваның дәрісін тыңдаған, шаруасы түскен, тәрбиесін алған, жұмыстас болған ұстаздар бұл пікірден ада. Еңбек кітапшасында бір-ақ жұмыс орны көрсетілген. Еңбек бақытын биліктен, Алматы, Астанадан іздемеген. Төккен терінің, бейнетінің зейнетін студенттерден көретін ақ адал, ақ еділ жанкешті тәрбиеші қарындасымыз Түймеш Малбағарқызы Дәрішеваға сұлу ғұмыр, биік шығармашылық бақыт тілеймін. Бұл тілегіме көп ұлтты әр тарапта қызмет етіп жүрген ұстаздар және барлық студенттер қосылады деп ойлаймын (2011 жыл, 27 қыркүйек)», – деп өз бағасын беріп еді. Біздің Тәкең жөніндегі бірер пікір алуаны төмендегіше өрілмек.
Абат Қыдыршаев,
Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университеті
«Рухани жаңғыру» институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының академигі
Жаңабек Жақсығалиев,
тарихшы ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, облыстық мәслихат депутаты:
– Бүгінгі кейіпкеріміз жаратылысы нәзік жанды болғанымен, «еркекке бергісіз» ер мінезді жандардың сапындағы тек өзіне ғана тән өмірлік дара жолы бар нағыз саңлақтың өзі... Бүгінде атағы алысқа жеткен М. Өтемісов атындағы БҚУ-да үзіліссіз жиырма үш жылға жуық тәрбие ісінің проректоры қызметін атқарып келе жатқан Дәрішева Түймеш Малбағарқызы – Батыс Қазақстан облысының оқу-ағарту және рухани өмірінде айшықты қолтаңбасы бар, есімі өңірге танымал қайраткер қыздарымыздың бірі. Мамандығымызға сәйкес салтанатты жиындардың басы-қасында жүріп байқағаным, ол кісінің сыртқы бейнесі тартымды, жүріс-тұрысы ширақ, қолға алған шаруасына бар ынта-шынтасымен білек сыбана кірісетін жігерлі, өз ісінің кәсіби шебері, тура жолмен жүретін адал да алғыр, табанды және жұмыс бабында жұрттың көп көңіліне қарай бермейтін, тиген жерін тіліп түсетін өткір тілді жан екендігі «соқырға таяқ ұстатқандай» көрініп тұратын. Болон декларациясы бойынша енгізілген оқытудың кредиттік технологиясына сәйкес ол М. Өтемісов атындағы БҚУ-да тәрбие жұмысының жаңа бағыттарын дамытып, студенттердің өзін-өзі басқару тетігін алғаш іске қосқан басшы ретінде өзіне тән шапшаңдықпен дер кезінде жалынды жастардан тұратын «команда» жасақтап үлгерді. Қай уақытта да өзін айналасына ерекше сыйлата білетін, айтқан сөзін қоршаған қауымға мұқият тыңдата алатын харизматикалық қасиетке ие жан оларды жаңа заман талабына сай икемдеп, ширата білді. Шәкірттері бұл кісіге қарап бой түзеді, өнеге алды, қанаттары қатайды. Қазір олар еліміздің түкпір-түкпірінде, сан-салада мемлекеттік-әкімшілік қызметтерде адал еңбек етіп жүрген майталман мамандар, өз ісінің шеберлері.
Рита Сұлтанғалиева,
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің қауымдастырылған профессоры, филология
ғылымдарының кандидаты:
– Апайдың «Түймеш» атымен бірге темірдей тәртіп бар, талап бар, талантқа құрмет бар, тәрбие бар, тәлім бар, тағылым бар. Ұзақ жыл басшылық қызметте бір орында отыруының өзі Түймеш Малбағарқызының бойындағы басшыға лайық барлық абзал қасиеттердің табылуынан деп айтуға толық негіз бар. Іскер басшы, ұлағатты ұстаз, шебер ұйымдастырушы, дайындықсыз модератор болып кете беретін біліктілік қасиеттерінің тізімін тоқтаусыз айта беруге болар. Адами болмысы мен келбетін танытатын адамдық қасиеті, адамгершілігі бәрінен де бағалы мен үшін.
Әлібек Байнешов, университеттің 2007 жылғы түлегі, студенттік өзін-өзі басқару бөлімінің алғашқы студенттік ректоры:
– Студенттік шақ – балалықтың ауылы алыстап, бой түзейтін, ішкі әлеуетіңді ашып, қарым-қабілетіңді шыңдап, тұлға ретінде қалыптасатын кезең. Жүрек өрекпіп, көңіл алып-ұшып, арманымды жалау етіп, БҚМУ табалдырығын аттаған күн әлі есімде. Содан не керек, ең жарқын қызу өмір басталды да кетті. «Студенттер қатарына қабылданудан» бастап, түрлі мерекелік шаралардың тізгінін ұстап, ән де айтып, КВН де ойнап, дебатқа да қатысып, «қыздардың арманы», «жігіттің сұлтаны» атанып едік. Біздің болашаққа бағдарымыз дұрыс, мақсатымыз айқын болатын. Себебі талапшыл, ұстамды, ұстанымынан айнымайтын ұстаздар қатайтты қанатымызды. Осындай ерекше ұстаз-анамыз – Түймеш Малбағарқызы Дәрішева. Асып-тасып асқақтаған сәтте бірауыз сөзбен орныңа қоятын, сағың сынғанда қанаттандыратын парасат-пайымы мол жан. Ішкі мәдениеті жоғары, бос сөзді суқаны сүймейтін, қабағымен жасқайтын қатаң әрі қамқор ұстаз...