7.03.2023, 9:44
Оқылды: 18

Тәрбиесіз – қоғам тұл

«Еменді и, иілетін кезінде,
Баланы үйрет, үйренетін кезінде» деген мақал бар қазақта.

IMG_5597 (1)
Тәлім мен тәрбие толғантпай жүрген кім бар дейсіз дәл бүгін? Әркім өзімен-өзі болып, телефон шұқып кеткен заманда қай жағынан бастап, қай қырынан келерсің? Қайсыбірін айтарсың...
Мұндайда айтыстың шауып түсер семсер тілінен өткен қандай құрал бар!
Күні кеше Жымпитыда өткен «Сырым семсері» дәстүрлі айтысында ақындар сойып салған сойыл сөз – соның бір ғана көрінісі. Әсіресе, осы жыр додасында жүлделі ІІІ орынға ие болған Казталовтың ақыны, ұстаз Естеміс Мұхамбетов пен бас бәйгені жеңіп алған, бүгінгі студент, болашақ ұстаз Әділ Ахметовтың айтысы қоғамның бүгінгі адами тыныс-тіршілігі, тәлім мен тәрбие төңірегінде өрбіді.
Өмірде бір-біріне нағашылы-жиенді болып келетін екі ақынның тартысында таразыға түскен тақырыптардың тыңдаушыны бей-жай қалдырмағанына анық куә болдым.
Әділ Ахметов:
... Қаладағы мектепте физруксың,
Біреулер деп сұраса кім екенсің.
Сабақтың уақытында айтыс қуып,
Директорды алдаушының бірі екенсің.
Шәкірттерің не тәлім алад сенен,
Құлақтан теуіп күнде жүр екенсің...
Астарлы әзіл. Қарсыласына айтқан болып отырып, ел ішінде кездесетін «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге» тырысқыш жылпостықты, «жүзіктің көзінен өткен» сұйық мінезді жанамалай түйреп өткен деген осы емес пе? Не болса соған байбалам салып, күнде бір даудың ішінде жүретін кейбір мұғалімдердің шәкіртке не тәлім беретінін қоғам ойламай отыр деймісіз? Ойлап та, алаңдап та отыр, әрине. Сосын да айтысты ойлана тыңдайды, нысанаға дөп тиген сөзге дуылдата қол соғады.
Әділге іле жауап берген Естеміс:
– Директорды алдайсың, арбайсың деп,
Сөзіңнің келіспеймін шешімімен.
Мен сені жігіт деп ем есі кірген,
Жаланың сығалама есігінен.
Алаштың арыстары атылды ғой
Сен сияқты жалақорлар кесірінен, – деп бүгінгінің арызқойлары мен жалақорларына баға бере кетеді. Бұл сөз де мүлт кетпей, тыңдаушысын тапты. Арызқойлық, жалақорлық деген аурудың да қалмай келе жатқаны рас қой, қанша сауатты, мәдениетті қоғамға айналдық десек те...
– Жиенім еркелейтін нағашыға,
Еркеліктің белгілі шамасы да.
Студент деген ашқұрсақ жүруші еді,
Көпшіліктің солай сіңген санасына.
Қолына ұстағаны «Айфон он төрт»,
Миллион тұрады оның бағасы да.
Астына мінгені де қымбат көлік,
Қыз қыдыртқан Жайықтың жағасына.
Жиырма арудың ішінен ешкім таппай,
Қыз іздеп жүр ұқсайтын анасына.
Ал енді миллиондап ақша тапқан,
Сөз берейін бай жездемнің баласына, – деген Естеміс ұстаз жиенін айтқан болып бүгінгі әке дәулетімен балпаң-балпаң басқан еркетотай кей жастың портретін жасап бергендей болған.

 

Дариға Мұштанова,
«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,
«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін»
медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,
ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі

Мақаланың толық нұсқасын

«Орал өңірі» газетінің жаңа санынан оқи аласыз

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале