4.08.2022, 9:30
Оқылды: 44

Тарифтерді саралау жөнінде пікір алмасты

Жақында электр қуатына тарифтерді саралауды алып тастау және коммуналдық қызметтерді төлеуге тұрғын үй көмегін арттыру мәселелерін талқылаған жиын өтті. Елімізде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында тарифтерді саралауды кезең-кезеңмен қысқарту және алып тастау бағдарламасы іске асырылуда. 

1

Биылғы наурыз айында Мемлекет басшысы энергетика және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне арналған кеңесте осы жұмысты пилоттық режімде үш өңірде – Алматы, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында бастауды тапсырған болатын. Соған орай Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика министрліктерінің басшылары аталмыш пилоттық жобаны іске асырудың тетіктері мен кезеңдерін түсіндіру үшін облыс тұрғындарымен, облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттарымен, қоғамдық, қуатпен жабдықтаушы ұйымдардың, бизнес пен ірі кәсіпорындардың өкілдерімен кездесті.

Кездесуде сөз алған Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының міндетін атқарушы Рустам Ахметов бұрын электр қуатымен жабдықтау қызметтерін бір монополиялық компания көрсеткенін, бүгінде бұл қызметтің заңды түрде бәсекелестік ортада екеніне тоқталды. Қазіргі кезде елімізде электр қуатымен жабдықтайтын 36 ұйымнан басқа 90-нан астам баламалы электр қуатымен жабдықтайтын компания жұмыс істейді. Әр өңірде олардың саны бесеуден кем емес. «Тұтынушылар тобы бойынша тарифтерді дифференциациялау  бұрыннан келе жатқан және жаңа электр қуатын жеткізуші компаниялар арасындағы бәсекелестікті тұншықтырады. Өйткені ондай әдіс электр қуатымен жабдықтау ұйымдарын ауыстыру мүмкіндіктерін шектейді, яғни өзге жабдықтаушының таңдау құқықтары шектеледі.

2

Жиында қатысушыларға тұтынушылардың үш санаты бойынша тарифтерді саралаудың қалыптасқан тәжірибесі жайында кеңінен түсіндірілді. Онда шағын және орта кәсіпкерлік, бюджеттік ұйымдар электр қуаты үшін жоғары тарифпен, ал тұрғындар  төмендетілген тариф бойынша төлем төлейтіні хабардар етілді.  Бүгінгі таңда электр қуатымен жабдықтаушы ұйымдардың тарифтері тұтынушылардың топтары бойынша тұрмыстық, заңды тұлғалар және бюджеттік ұйымдар болып сараланады. Тұрмыстық тұтынушылар үшін тарифтер заңды және бюджеттік тұтынушыларға арналған тарифтерді жасанды өсіру есебінен төмендетіледі. Соның салдарынан еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік саласының тұтынушылары жыл сайын 31 млрд теңгенің үстінде артық төлейді. Мұның салқыны олардың өндіретін тауарларының, көрсететін қызметтері мен жұмыстарының құнына «тиеді». Қуатты көп қажет ететін шағын және орта бизнес электр стансаларынан электр қуатын тікелей сатып алады және оларға саралау әдісі қарастырылмаған.

– Электр қуаты бағасының өсуі кезінде өсім көбіне кәсіпкерлікке жүктеледі. Тұрғындар үшін бұрынғы тарифтер сақталуда. Алайда біз бәріміз азық-түлік сатып аламыз. Оларды өндіру үшін қуат қолданылады. Ал бұл тарифтердің жасырын өсуіне әкеледі. Реттеуші, монополист үшін бұл ыңғайлы. Бірақ тұтынушы мұны байқамайды, өйткені үрдісті толық бақылай алмайды. Бұл шағын және орта бизнес үшін де жаман. Олар электр қуатын жабдықтаушы ұйымдардан жоғары тариф бойынша сатып алады, әлеуметтік жүктемені көтереді. Сондықтан шағын кәсіпкерлік нысандарының дамуы қиындайды, – деп атап өтті Рустам Ахметов. Баяндамашының айтуынша, тарифтерді саралауды қолданыстан алып тастағаннан кейін облыс тұрғындары үшін тариф әр киловатт үшін 17 теңгеден 19 теңгеге дейін немесе 10%-ға артады. Ал шағын және орта бизнес үшін тариф төмендейді.

Басқосуда мемлекеттің кәсіпкерлер есебінен халыққа қолдау көрсетіп отырғаны сөз болды. Бірақ тарифтерді саралау арқылы мемлекеттік қолдау азаматтардың барлық санатына – табысы жоғарыларға да, әлеуметтік осал топтағыларға да көрсетіледі. Осының салдарынан кейбіреулер үйлерінің шатырларын, едендерін не гараждарын жылытса, өзгесі көше жолдарын жылытады, басқалар болса табысы аздықтан қуатты үнемдеуге мәжбүр. «Біз шын мұқтаж адамдарға қолдау көлемін арттыруды ұсынамыз. Ол үшін тұрғын үй көмегінің тетігі қолданыста бар», – деді Р.Ахметов.

Кездесуде қатысушыларға тұрғын үй көмегін беру тетігі жайында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ділдаш Исқақова баяндады. Баяндамаға сүйенсек, тұрғын үй көмегін аудандық (қалалық) жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері тағайындайды. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін мемлекеттік корпорацияға немесе «электрондық үкімет» веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы. 2022 жылдың 1 шілдесіне тұрғын үй көмегі 974 отбасына 27,5 млн теңге, соның ішінде Орал қаласы бойынша 650 отбасына 10,7 млн теңге шамасында көрсетілді. Биыл тұрғын үй көмегіне 79,8 млн теңге, оның ішінде 31,2 млн теңге Орал қаласына бағыттау қарастырылған. Тұрғын үй көмегін алушылардың ішінде зейнеткерлер 69%, жалдамалы жұмыс істейтіндер 6,1%, мүгедектер 7%, жұмыссыздар 6% және 12,1%-ы басқа санаттағылар. Тұрғын үй көмегін алушылардың 74%-ы қала тұрғындары (коммуналдық қызметтер түрі кеңінен көрсетіледі).

Басқосуда қатысушылар тарифті саралауға қатысты пікір алмасты.

Пилоттық жоба аясында облыс тұрғындары үшін электр қуаты үшін түбіртектердегі ай сайынғы төлем құны тұтынылатын қуат көлеміне байланысты орташа есеппен 300 теңгеге артады. Халықтың әлеуметтік мұқтаж топтары үшін тариф өзгермейді – айырманы оларға атаулы тұрғын үй көмегі есебінен мемлекет субсидиялайтын болады. Қазақ­станның қалған өңірлерінде электр қуатына тарифтерді саралауды жою 2023 жылдан басталады.

Бақытжан Нұрбаев, «Стройкомбинат» ЖШС-ның директоры:

– Тарифтерді саралаудан кейін электр қуатының бағасы төмендегенмен, цементтің, басқа да құрылыс материалдардың бағалары өсуде. Сондықтан антимонополиялық қызметке осындай материалдардың бағаларының өскенін дәлелдеуімізге тура келеді. Өндірілген өнім бағасының неге өскенін растаудың машақаты жетерлік. Есепшоттарды, бухгалтериялық құжаттарды көрсетуіміз керек. Мұндай жағдай басымыздан өткен. Мысалға, электр қуатының бағасы 1 теңгеге төмендеді делік, сонымен қатар газдың бағасы, «Қазақстан темір жол» компаниясының  тарифі  өсуде.

 Ақылбек Сармалаев, «Белес-Агро» ЖШС-ның өкілі:

– «Пойма май комбинаты» «БелесАгро» компаниялар тобы құрамында. Айына 250 мың кВт сағат электр қуатын тұтынамыз. Компаниялар тобындағы үш меке­ме болғандықтан айына 1 млн кВт сағат қуатты тұтынып отырмыз. Орта бизнестің өкілі ретінде бір тиынның да тауардың өзіндік құнына әсері барын айтқым келеді. Коронавирусқа байланысты шектеулерден және геосаяси жағдайларға байланысты өнімімізді экспортқа шығаруға барлық шығынның «салқыны» тиюде. Әлеуметтік  жағдайды ескерген жөн. Екі мың отбасы тұрғын үй көмегін алады деп баяндама айтылды. Меніңше, бұл көрсеткіш іс жүзіндегі шынайы жағдайды айқын көрсетпейді. Сондықтан әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылар одан да әлдеқайда көп деп білемін. Біздің кәсіпорын өсімдік өнімін өңдеп, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің түрін өндіреді. Сондықтан мұнай-газ өндіріп, оны өңдейтін компаниялар мен біздің өндіріске тариф бірдей болмауы керек деп санаймын.

Вячеслав Солодилов, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі:

– Өңір тұрғындары тарифті саралау дегеннен әлі де бейхабар, мұндай жаңалыққа қуана қоймасы анық. Кеңестер одағы тұсында тарифтер арзан болатын. Ол кезде нан да, қант та су тегін болды, ешкім олардың бағасына бас қатырмайтын. Шағын және орта кәсіпкерлікті желеу етіп, тарифті саралау дегенді алға тартып отырсыздар. Мысалға, мен зейнеткермін, зейнетақымның шамасы 120 мың теңге, ал сіздердің жалақыларыңыз миллион немесе одан да жоғары шығар. Президенттен бастап Үкіметтің мүшелерін қоса алып, баршаның жалақысын 120 мың теңге етелік.  Сонда жағдайдың қалай болатынын көреміз. Тарифті саралауға басшылықтағы адамдардың басы ауырмайды, ал халықтың жалақысы 60, 80, 100 мың теңге шамасында. Бұл жұмысшылардың алатыны. Сондықтан тұрғындарға электр қуаты тарифін өсіру ақылға сыйымсыз деп санаймын. Өткен 30 жылдың ішінде коммуналдық нысандар жекешелендірілді. Енді соңғы нысан – «Жайықжылуқуатты» жекеге сенімгерлікке берсек, күні ертең оны жекешелендіріп: «Тариф көңілден шықпайды, дотация беріңіздер»демесіне кім кепіл? Азық-түлік түрлерінің бағалары 10 емес, 200-300 пайызға өсті.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале