Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өлкетану әдебиеттері бөлімінде 2017 жылы «Асыл мұра» өлкетану бірлестігі құрылған болатын. Бұл бірлестіктің мақсаты – жастардың туған жеріне, өлкесіне деген сүйіспеншілігін арттыру, өлке тарихы туралы жазылған кітаптарды насихаттау, оқырманды тарихшыларды, зерттеушілердің шығармашылығымен таныстыру.
Бірлестік құрамында белгілі тарихшы, өлкетанушы С.Сүлейменов, Н.Төлепов, Қ.Қабжан, А.Батырханов, А.Құрымбаев, археолог М.Қалменов, қоғам белсендісі Н.Сәдір, журналист Н.Сафуллин, облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бас инспекторы Е.Орынбасар, тарихшы-ұстаз Ж.Хамзин бар. Бірлестік мүшелерімен бірге жыл сайын жоспар бекітіліп, түрлі тақырыптағы іс-шаралар өткізіліп келеді. Іс-шараларға кітапхана оқырмандары, студенттер, ұстаздар, мұражай қызметкерлері қатысады.
Осы кезге дейін ҚР туризмінің құрметті қызметкері Виктор Фоминнің өмірі мен шығармашылығына арналған «Өмір баспалдақтары» библиографиялық көрсеткіші мен «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» және «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітаптарының таныстырылымы өтті. «Ескерткіштер – ел тарихы» дөңгелек үстелі, «Ұлыларды ұлықтау – тарихыңды ұмытпау» тарихи-тағылымды кеші ұйымдастырылып, «Егер Бөкей болмаса...» деректі фильмі көрсетілді.
Жайық қалашығы, Тақсай обалар кешені, Бөкей ордасы тарихи музей кешені, Алаш музейі, Жұмағазы хазірет кесенесі және Ғұмар Қараш зираты Қазақстанның киелі орындарының тізіміне енді. Осыған орай 2019 жылдан бастап «Батыс Қазақстанның киелі жерлерінің тарихы» атты электронды мәліметтер базасын құру жұмысы қолға алынды.
Кітапхана сайтында (www.zkolib.kz), facebook, instagram әлеуметтік желілерінде көптеген онлайн іс-шаралар, көрмелер, шолулар оздырылды. Оқырмандарға Ғұмар Қараштың жерленген жері, әулие Жұмағазы хазірет – Дәдем ата кесенесі және басқа да тарихи нысандар жайлы онлайн бейнешолулар ұсынылды.
Биылғы жылдың 23 ақпан күні кітапханада облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың қатысуымен Қазақстан Журналистер одағының мүшелері, «Үздік өлкетанушы» төсбелгі иегерлері Қазыбек Қабжанның «Сенім үшін сергелдең» және Ахмедияр Батырхановтың «Тауқымет тартқан тағдырлар» атты жаңа кітаптарының тұсаукесер рәсімдері өтті.
Бұл жинақтар ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Батыс Қазақстан облысындағы саяси репрессия құрбандарын толық ақтау бойынша облыс әкімдігі мен ішкі саясат басқармасының қолдауымен 2021 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы ретінде шығарылды. Мұнда XX ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының толық тізімі берілген. Ауторлардың қолтаңбасымен сыйға тартылған қос кітапты кітапхана қорынан таба аласыздар.
Зульфия Хайруллина,
Ж. Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы
өлкетану әдебиеттері бөлімінің библиографы,
Орал қаласы